Accessibility links

Қаражанбас мұнайшыларының ереуілі жалғасып жатыр


«Қаражанбасмұнай» жұмысшыларының наразылығы. 2011 жылдың мамыры. (Сурет Ольга Ярославскаянікі)
«Қаражанбасмұнай» жұмысшыларының наразылығы. 2011 жылдың мамыры. (Сурет Ольга Ярославскаянікі)

Жексенбі күні қайта басталған мұнайшылар ереуілі бүгін ары қарай жалғасты. Қамауға алынған мұнайшылар әкімшілік сотқа тартылды.


Маусымның 6-сы күні Ақтау қаласындағы Қаражанбас кенішіне қатынайтын көліктер тоқтайтын бекетке полиция тұтқынға алған мұнайшылар отбасы жиналды. Олардың арасында балалар мен қарт адамдар да бар. Кейбірі Маңғыстау облысының басқа аудандарынан келген.

«АВТОБЕКЕТ БАСЫНДА СОТ ШЕШІМІН КҮТУ»

Көлік бекетіне жиналған адамдар құқық қорғау орындарынан «Ақтау» тәуелсіз кәсіподақ ұйымы төрағасы Мұхтар Үмбетовтің тұтқындалғандармен, ауруханада жатқан адамдармен кездесіп, денсаулығына көзбе-көз бақылау жасауына мүмкіндік беруді талап еткен.

– Қала прокуроры мұнайшылар талабына түсіністікпен қарап, тұтқындар ұсталып отырған уақытша қамақ пен аурханадағы ем алып жатқандарды араладық. Маған олардың амандығына, ешкімнің оларға күш қолданбағанына көз жеткізу тапсырылған еді. Бүгінгі сот шешімінен соң олардың барлығы үйлеріне шығарылады, – деп мәлімдеді Азаттық тілшісіне Мұхтар Үмбетов.

Мұхтар Үмбетов жексенбі күні кешке қарай тұтқындалған 37 мұнайшының жетеуінің қамаудан босатылғанын айтты. Босап шыққандар қамақта жатуға денсаулығы шыдамайтын қан қысымы, сусамыр дертіне шалдыққан адамдар көрінеді.

– Біз автобекет басында сот шешімін күтіп отырмыз. Құқық қорғау органдарына ешқандай артық әрекеттің болмайтынын түсіндірдік, – дейді Мұхтар Үмбетов.

Ол «Қаражанбастағы» мұнайшылар кәсіподағының жетекшісі Наталья Соколованың да жағдайына қатысты дербес тексеру жасағысы келетінін хабарлады.

– Наталья Соколованың қамауға алынуы салдарынан әлеуметтік наразылықтың қалай күшейіп бара жатқаны белгілі. Ал оны қандай дәлелдермен қамап отыр, ол жайлы анық ақпарат жоқ. Сондықтан біз оның өзімен кездесуге мүмкіндік сұрап жатырмыз, – дейді тәуелсіз кәсіподақ төрағасы.

Мұхтар Үмбетовтың айтуынша, Наталья Соколова – тек қана мұнайшылар құқын қорғап жүрген заңгер емес, өзінің жолдас адамы, әріптесі. «Бірақ оған тағылған соңғы айып қылмыстық дәрежеде болғандықтан Натальямен бетпе-бет жүздесу сұраған өтінішіміз басқа деңгейде қаралып жатыр» дейді ол.

Бұған дейін «заңсыз митинг ұйымдастырды» деген айыппен қамалған «Наталья Соколова алғашқы қамаудан маусымның 1-інде шығуы тиіс еді. Алайда кейін «Қаражанбасмұнай» компаниясының басшысы Юань
Қаражанбас мұнайшылары отбасымен бірге Ақтау қаласындағы Маңғыстау облысы әкімшілігі алдына жиналып тұр. Ақтау қаласы 2 маусым 2011 жыл.

Мудың арызы негізінде Наталья Соколоваға қылмыстық кодекстің 164-бабына сәйкес «әлеуметтік жанжал тудырды» деген басқа айып тағылып, тағы 3 күнге қамалды. Кейін оның жайынан хабардар адамдар тағы қосымша 8 күннің қосылғанын айтады.

«ТАЛАПТАРЫМЫЗ ОРЫНДАЛМАСА...»

Мұнайшылардың жаппай қамауға алынуына мусымның 5-сі күні Ақтау қаласындағы 28 ықшам аудандағы автобекеттен облыстық әкімшілікке қарай бет алған жұмысшылардың бейбіт шеруі себеп болған еді. Ереуілге қатысушылардың мәлімдеуінше, олар маусымның 3-і күні облыс әкімі Қырымбек Көшербаевпен өзара әңгімеден ортақ келісімге келе алмадық деп, наразылық ретінде шеруге шыққан.

Осы оқиғаның ортасында болған «Жас Алаш» газетінің журналисі Елнұр Бақытқызының Азаттық тілшісіне айтуынша, әкімшілік ғимаратына тақап қалған бейбіт топты қарулы полиция өкілдері тоқтатуға әрекеттенген.

– Жұмысшылардың «егер талаптарымыз орындалмаса, әкімшілікті басып аламыз» дегендерін естідік, – дейді Елнұр Бақытқызы.

Оның айтуынша полиция қоршауында қалған жұмысшылардың үшеуі наразылық ретінде өз қарындарын тіліп жіберген. Кейін бұл оқиға жайлы Азаттық тілшісімен сөйлескен мұнайшылар белсендісі Қуаныш Сисенбаев:

– Басқа талаптарымызды былай қойғанда, тым құрымаса жалақы деңгейінің көтерілуіне де қол жеткізе алмадық. Сол себепті үш жігіт өз-өзімізге қол салдық, – деді.

Маусымның 4-і күні Ақтаудағы наразылықтарға байланысты кездесуге келген «Азат» жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының тең төрағасы Болат Әбілов пен президиум мүшесі Маржан Аспандиярова Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Амангелді Айтқұловпен жолықты.

Осыған орай Маңғыстау облыстық әкімшілігі баспасөз орталығы «Азат» жұмысшы мен жұмыс беруші арасындағы өзара келісімге келудің қажетігі туралы көзқарасқа қолдау білдіреді» деген ресми ақпарат таратты.

Алайда «Азат» партиясының тең төрағасы Болат Әбілов маусымның 6-сы күні өз ақпараттық хабарламасын жариялап, Маңғыстау облыстық әкімшілігінің айтқанын жоққа шығарды. Болат Әбіловтің пікірінше, «ереуілдеткен мұнайшылардың жалақыны көтеру, жұмыс жағдайын жақсарту туралы талаптары – әділ», «мұнайшылардың атқарушы билік пен құқық қорғау органдары тарапынан қудалаудың болмауын талап етуі де – орынды».
XS
SM
MD
LG