Accessibility links

Баланың жаңа жыл мерекесіне 7-8 мың теңге керек


55-балабақшадағы жаңа жыл мерекесі. Алматы. 25 желтоқсан 2012 жыл.
55-балабақшадағы жаңа жыл мерекесі. Алматы. 25 желтоқсан 2012 жыл.

Ата-аналар балалардың жаңа жыл мейрамына аз ақша жұмсамағандарын айтады. Олардың уәжі – «баланың көңілін қалдырмаймыз», «басқадан кем болмасын деп, ақшаны аямаймыз».

Алматы қаласындағы мектептер мен балабақшалар жаңа жыл мерекесіне қызу дайындалып жатыр. Ата-аналар мектептегі шараға бір бала үшін бес-алты мың теңге бергенін айтады. Ал балабақшадағы жаңа жылдық кешке жеті-сегіз мың теңге керек.

МЕКТЕПТЕГІ МЕРЕКЕНІҢ БАҒАСЫ

Алматылық Гүлшат Қайырмолдинаның екі баласы 37-орта мектептің бастауыш сыныптарында оқиды. Ол биыл әр баласының жаңа жыл кешіне алты мың теңге жұмсағанын айтты.

– Мектепте балалардың биылғы шырша кешіне деп, алты мың теңгеден шығындандым. Мектепке екі мың теңгеден бердік: оның мың теңгесіне тәтті сатып алуға бердік, ал аяз атаны жалдауға мың теңгеден біріктік. Одан кейін жаңа жылдық костюм сатып алуға төрт мың жұмсадым, – дейді.

Осы мектептің тәлімгері Клара Бермағамбетованың айтуынша, жаңа жылдық кешке кететін ақшаның мөлшері ата-аналардың өздерімен ақылдасып шешіледі.

– Біз жаңа жылдық шырша алдында жиналыс өткізіп, балалардың тәттілеріне және
№55 балабақшадағы жаңа жыл мерекесі. Алматы. 25 желтоқсан 2012 жыл.
№55 балабақшадағы жаңа жыл мерекесі. Алматы. 25 желтоқсан 2012 жыл.
Аяз атаға кететін шығынды ақылдасып аламыз. Ал балалардың костюмін ата-аналар өздері шешеді, – деді мектеп қызметкері.

Алматыдағы 93-орта мектепте оқитын Әмір Алдаспановтың анасы Гүлжайнар Алдаспанова да биылғы жаңа жыл мерекесіне бола бес мың теңге бергенін айтады.

– Балаларға тәтті аламыз және Аяз атаға төлейміз деп екі мың теңгеден жинадық. Одан кейін костюмді үш мыңға алдық. Жалпы, баламыз басқаның баласынан кем болмасын деп ақшаны аямаймыз ғой, – дейді ол.

БАЛАБАҚШАДАҒЫ МЕЙРАМ МЕКТЕПТЕН ҚЫМБАТ

Ата-аналардың сөзіне қарағанда, балабақшалардағы жаңа жыл мерекесінің шығыны мектептен де қымбат – бір балаға жеті-сегіз мың теңге жұмсалады.

– Ата-аналар келісе келе үш мың теңгеден жинадық. Жиналған ақшаға
Балалар сыйлықтарын алып жатыр. Алматы, 26 желтоқсан 2012 жыл.
Балалар сыйлықтарын алып жатыр. Алматы, 26 желтоқсан 2012 жыл.
​ тәрбиешілерге сыйлық, балаларға ойыншық алдық, – деді бір баласы Алматыдағы 55-балабақшада тәрбиеленетін Сандуғаш Есіркепова.

Сандуғаш Есіркепова үш мың теңгеден ақша жинау ата-аналар жиналысында шешілгенін айтты.

– Әрине, бұл аз ақша емес. Менің екі балам балабақшаға барады. Сыйлықтан бөлек, балалардың костюмы бар. Демек мен әр балаға жеті жарым мың теңгеден, екеуіне он бес мың теңге шығындадым, - деді екі баланың анасы.

Ал 54-балабақшадағы сәбилердің ата-аналары мерекеге үш жарым мың теңгеден жинапты.

– Үш жарым мың теңгенің мың жарымына сыйлық алдық. Артылған ақшаны тәрбиеші, логопедтерге бердік. Киімі бар дегендей. Жалпы, бұл аз ақша емес. Бірақ баланың көңілін қалдырмаймыз ғой, – деді осы балабақшада баласы тәрбиеленетін Бақыт Сәдуақасова.

«СЕГІЗ МЫҢ ТЕҢГЕДЕН АСПАСЫН»

Алматылық Анар Бектемірованың баласы 129-балабақшаға барады. Ол ұлының жаңа жылдық мерекесіне сегіз мың теңге жұмсағанын айтты.

– Ата-аналар жиналысында келісіп, барлық шығынға төрт мың теңге бердік. Ол ақшаны камераға түсіргенге, кәмпит алғанға және Аяз атаға бердік. Ал төрт мың
Ата-аналары балалардың жаңа жыл мерекесін көріп отыр. Алматы, 25 желтоқсан 2012 жыл.
Ата-аналары балалардың жаңа жыл мерекесін көріп отыр. Алматы, 25 желтоқсан 2012 жыл.
​теңгеге киім алдық. Жиналыста бізге Алматы қалалық білім басқармасы жаңа жылдық шыршаға сегіз мыңға дейін жинауға қаулы шығарғанын айтты. Тәрбиешілер ата-аналарға «сегіз мың теңгеге дейін шығара аласыздар» деді. Біз барлығымыз төрт мың теңгеге келістік, – дейді ол.

Азаттық тілшісі Алматы қалалық білім басқармасына хабарласқан еді. Осы басқарманың мектеп және балабақша бөлімінің меңгерушісі Қатипа Молдабаева:

– Білім басқармасы мектептер мен балабақшадағы кештерді өткізуге араласпайды. Ата-аналардан ақша жинағысы келсе, жинайды. Бірақ «сегіз мың теңгеден артық жинамауы керек» деп айтқанбыз, – деді.

Қатипа Молдабаеваның айтуынша, қанша ақша жинайтынын ата-аналар өздері шешеді, «тек сегіз мың теңгеден аспаса болды».
XS
SM
MD
LG