Accessibility links

Әбілғазы Құсайынов: Қаржыны жымқырғандар жауапқа тартылады


Қазақстан кәсіподақтары федерациясының төрағасы Әбілғазы Құсайынов.
Қазақстан кәсіподақтары федерациясының төрағасы Әбілғазы Құсайынов.

Қазақстан кәсіподақтары федерациясы президенті Әбілғазы Құсайынов "қаржыны талан-таражға салғандар, кәсіподақта бар-жоғына қарамастан жауапқа тартылуы тиіс" деп санайды. Бұл туралы ол бүгін Астанадағы брифингте Қазақстанда жақында сотталған маңғыстаулық мұнайшылар кәсіподағының жетекшілері Әмин Елеусінов пен Нұрбек Құшақбаевқа қатысты Азаттық тілшісінің сұрағына жауабында мәлімдеді.

"Ол кісілер [Елеусінов пен Құшақбаев – Азаттық.] біздің кәсіподаққа мүше болған емес. Қаржыны талан-таражға салғандар – кәсіподақ мүшесі я мүше еместігіне қарамастан – міндетті түрде жауапқа тартылады" деп жауап берді Әбілғазы Құсайынов.

Биыл Астана соты үкімімен маңғыстаулық OCC компаниясы кәсіподақ ұйымы жетекшісі Әмин Елеусінов екі жылға, осы кәсіподақ ұйымының ебек инспекторы Нұрбек Құшақбаев - екі жарым жылға бас бостандығынан айырылған. Сот үкімінде Елеусіновтің "кәсіподақ қаржысын жымқырып, полиция өкіліне бағынбай, тіл тигізіп, күш көрсеткені", Құшақбаевтың - "заңсыз ереуілді жалғастыруға арандатқаны" үшін жауапқа тартылғаны айтылған.

Бұл екі кәсіподақ жетекшісін биыл қаңтарда Қазақстан билігінен тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясын жаппауды талап еткен маңғыстаулық мұнайшылардың екі аптадан аса уақытқа жалғасқан аштық акциясы кезінде ұстап, екеуінің де үстінен қылмыстық іс қозғаған. Билік аштық акциясын сот шешімімен таратып, оған қатысушыларға көп мөлшерде айыппұлдар салған.

Халықаралық ұйымдар Қазақстан билігінен тәуелсіз кәсіподақ белсенділері Әмин Елеусінов пен Нұрбек Құшақбаевты қылмыстық қудалауды дереу тоқтатып, оларды дереу босатуға шақырған.

XS
SM
MD
LG