Accessibility links

Тоқмәди сотында Дүтбаевтан жауап алынбақ


Бизнесмен Мұратхан Тоқмәди мен әйелі Жәмилә Айымбетова-Тоқмәди.

Таразда қамаудағы бизнесмен Мұратхан Тоқмәдидің соты одан ары жалғасты. Жергілікті ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, сотта мемлекеттік айыптаушы куәгер ретінде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) бұрынғы төрағасы Нартай Дүтбаевтан жауап алу туралы талап арыз түсірді.

"Қылмыстық жауапқа қатысы бар тұлға ретінде аталған адам жауабының бұл іске тікелей қатысы бар деп білемін. Одан бейнеконференция арқылы жауап алуды сұраймыз. Мемлекеттік құпия әшкере болып кетпеуі үшін жауап алуда БАҚ өкілдерін қатыстырмауды сұраймыз" деді айыптаушы прокурор.

Сот прокурордың Дүтбаевтан жауап алу өтінішін қанағаттандырды.

Наурыздың 8-і күні кешке Мұратхан Тоқмәдидің "Жамбыл облыстық ауруханасынан қашып кеткені" хабарланған еді. 9 наурыз күні ҰҚК Тоқмадидің ұсталғанын мәлімдеген.

Мұратхан Тоқмәди 2004 жылы оқ тиіп қаза болған қазақстандық "ТұранӘлем банктің" басшысы Ержан Тәтішевтің өліміне қатысты айыппен сотталып жатыр. Сот ақпан айынан бері Жамбыл облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралып жатыр. Тергеу болжамы бойынша, Тоқмәдиге адам өлтіруге тапсырысты Тәтішев қазаға ұшыраған соң бірнеше айдан кейін "ТұранӘлем банк" басшылығына келген Мұхтар Әблязов берген делінеді. 2009 жылы БТА банкті (бұрынғы "ТұранӘлем банк") мемлекет қарамағына алғаннан кейін шетелге кетіп қалған оппозициялық тұлға, бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов бұл айыптауларды "шылғи өтірік" деп атап жоққа шығарады және өзін Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев саяси себеппен қуғындап жатыр деп санайды. Әблязов өзін "банктен миллиардтаған доллар ұрлаған" деп сырттай 20 жылға соттаған Қазақстан билігінің таққан айыбын да теріске шығарып, президент Назарбаевты үнемі сынап келеді.

2017 жылғы күзге дейін Ержан Тәтішевтің қазасы сол кезде жүргізілген ресми тергеу қорытындысы негізінде "аңшылық кезіндегі жазатайым оқиға" деп саналып келген. Ал былтыр жазда әуелі тұтқындалып, кейін бизнес-әріптесінен "ақша бопсалаған" және "заңсыз қару сақтаған" деген айыптар бойынша үш жылға сотталған соң түрмеде отырған Тоқмәдидің осыдан 13 жыл бұрынғы "тапсырыспен адам өлтіру" қылмысын мойнына алғаны туралы ақпарат тараған. Республикалық телеарна эфирінен берілген фильмде Тоқмәди Тәтішевтің қазасы "қасақана жасалған қылмыс екенін мойындайтыны" туралы мәлімдеме жасаған. Кейін Қазақстан билігі "байқаусызда адам өлтіріп алу" туралы іс бойынша шығарылған үкімнің күшін жойып, жаңадан тергеу бастаған.

Дүтбаев 2017 жылы "мемлекеттік құпияны жариялау" ісі бойынша жеті жылға сотталған. 1 ақпан күні Әскери сот Ақмола гарнизонының әскери соты Нартай Дүтбаевты "қаржы жымқыру және жылыстату" айыбы бойынша 12 жылға соттағанын хабарлаған. Дүтбаевқа шығарылған екі жаза жартылай біріктіріліп, соңғы шешім ретінде 12 жыл кесілген.

AzattyqTV

Жаһан жаңалықтары 19.10.2018
please wait

No media source currently available

0:00 0:15:39 0:00

Фотогалерея

XS
SM
MD
LG