Accessibility links

ҰҚК экс-басшысы Дүтбаевтың жаза мерзімі ұзартылды


Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Нартай Дүтбаев. 5 сәуір 2012 жыл.

Ақмола гарнизонының әскери соты ҰҚК-нің бұрынғы басшысы, бұған дейін сотталған Нартай Дүтбаевты "қаржы жымқыру және жылыстату" айыбы бойынша 12 жылға соттады.

Дүтбаев осыған дейін 2017 жылы "мемлекеттік құпияны жариялау" ісі бойынша жеті жылға сотталған. Әскери соттың хабарлауынша, Дүтбаевқа қарсы шығарылған екі жаза жартылай біріктіріліп, соңғы шешім ретінде 12 жыл кесілген. Бұл туралы ақпанның 1-і күні Қазақстан әскери соты хабарлады.

Сот Дүтбаевты "өкілетін теріс мақсатта пайдаланды" деп айыптап, мемлекеттік қызмет атқару құқығынан өмір бойы айыруға және "заңсыз жолмен табылған" мүлігін тәркілеуге үкім етті.

Бұл іс бойынша Орынбасар Қалқабаев пен Нартай Дүтбаевтың інісі Рүстембек Дүтбаев та сотталды. Сот олардың әрқайсысына сегіз жыл бас еркіндігінен айыру жазасын кесті.

"СОТ ШЕШІМІМЕН КЕЛІСПЕЙМІЗ"

Нартай Дүтбаевтың адвокаты Нығмет Есіргепов Азаттыққа Дүтбаев өзіне тағылған айыпты мойындамайтынын және үкімге шағымданатынын айтты. Адвокаттың сөзінше, сот жабық өткен. Бірақ сот үкімі ашық түрде жарияланып, оған сотталушылардың барлығының туыстары қатысты.

Нартай Дүтбаевтың қызы Анара Дүтбаева да сот шешімімен келіспейді.

- Тергеу шешімімен, айыптаулармен және бірінші-екінші соттың шешімімен келіспейміз. Бұл не мақсатпен және не үшін жасалып жатқанын да білмейміз. Бұл қатардағы іс емес және қоғам толық және объективті ақпарат алып жатқан жоқ. Бір отбасының барлық ер адамдары – ағасы, інісі, күйеу баласы түрмеде отырғандығы айыптаудың абсурд екенін анық көрсетеді. Барлығы «тергеушілер Нартай Дүтбаевқа тағылған айыпты мойындатуға әрекеттенді» деп айтып жүр. Әкем жұмысына және президентке адал офицер ретінде ондай қадамға бару мүмкін емес. Ол болашақта әділдік орнап, іс объективті түрде қайта тексеріліп, нағыз кінәлі адамдар жауапқа тартылады деп сенеді, - дейді Анара Дүтбаева Азаттыққа.

Әскери соттың хабарлауынша, қылмыстық іс материалдарында "мемлекеттік құпия" болғандықтан процесс жабық өткен. Үкім заңды күшіне әлі енген жоқ.

Оқи отырыңыз: Нартай Дүтбаев ісінің құпиялары

Дүтбаев сот шешіміне қатысты аппеляциялық шағым түсірген. Қазанда Астанадағы әскери соты аппеляциялық шағымды қанағаттандырмаған.

Нартай Дүтбаев ҰҚК-ні 2001 жылғы желтоқсаннан 2006 жылғы ақпанның 22-сіне дейін басқарған. Ол оппозиция жетекшісі Алтынбек Сәрсенбайұлын қастандықпен өлтіруге ҰҚК-нің "Арыстан" арнайы жасағы қызметкерлерінің қатысы бары анықталғаннан кейін отставкаға кеткен. Дүтбаев кейін ҰҚК академиясының басшысы, президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кеңесшісі болды. Аз уақыт "Қазатомөнеркәсібі" ұлттық компаниясының вице-президенті қызметін атқарды. Ал 2016 жылы желтоқсанда қамауға алынды.

Нартай Дүтбаев.
Нартай Дүтбаев.

"Дүтбаев ісін" мемлекеттік құпияны жария етті деген айыппен 2017 жылы маусымда бес жылға сотталған президент әкімшілігі жетекшісінің бұрынғы орынбасары Бағлан Майлыбаевтың ісімен байланыстыруға әрекеттенгендер де болды. Майлыбаевты Дүтбаев ұсталғаннан кейін шамамен жарты айдан кейін12 қаңтарда тұтқындаған. Оның ісіне қатысты тергеуді де құпия жүргізген, ал сот жабық режимде өткен.

Оқи отырыңыз: Бағлан Майлыбаев ісі

Нартай Дүтбаев – Қазақстан тәуелсіздігін жариялағалы бері өткен ширек ғасырда сотталған арнайы қызметтің екінші басшысы. Біріншісі – арнайы қызметті екі рет басқарған, ал 2008 жылы "мемлекетке опасыздық жасады" және "мемлекеттік төңкеріс жасауға әрекеттенді" деген айыптар бойынша сырттай сотталған Әлнұр Мұсаев. ҰҚК басшылары ретінде Мұсаев пен Дүтбаевтың аты-жөнін ҰҚК сайтынан алып тастаған.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

AzattyqTV

Күре жол мал базарға айналатын күн
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:37 0:00

Фотогалерея

XS
SM
MD
LG