Accessibility links

“Зорланған баланы" шешесі алып кеткені хабарланды


Шарипа Батырбекова мен немересі. Сарыағаш ауданы, Оңтүстік Қазақстан облысы. 13 наурыз 2018 жыл.
Шарипа Батырбекова мен немересі. Сарыағаш ауданы, Оңтүстік Қазақстан облысы. 13 наурыз 2018 жыл.

ОҚО Сарыағаш ауданы Абай ауылындағы “сексуалдық зорлыққа ұшырады" деп сипатталған жеті жасар баланың шешесі оны "Мирное солнце" пансионатынан алып кетті. Бұл туралы Азаттыққа баланың сенімді өкілі Құрманғазы Мүсір хабарлады.

Құрманғазы Мүсірдің сөзін "зорланған баланың" нағашы әпкесі Азиза Батырбекова мен пансионат қызметкері де растады.

- Біз пансионатта қалдық. Әжесі (Шарипа Батырбекова - ред) сөйлесе алмайды, қан қысымы көтеріліп ауырып жатыр, - деді Азиза Батырбекова.

16 наурызда 19.10-да Азаттыққа хабарласқан "зорланған баланың" сенімді өкілі Құрманғазы Мүсір бала мен нағашы әжесі Шарипа Батырбекованың Астана қаласы Шұбар шағынауданы Мирная көшесінде орналасқан "Мирное солнце" пансионатында отырғанын айтқан. Сенімді өкілмен бірге өзін баланың шешесімін деп таныстырған әйел пансионат ұлын бермей отырғанын мәлімдеген. Баланың шешесі есімін жарияламауды қалайды.

13 наурыз күні Сарыағаш ауданындағы Абай ауылында тұратын Шарипа Батырбекова Азаттыққа жеті жастағы жиенін былтыр тамыздан бері жоғарғы сынып оқушылары бірнеше мәрте "ұрып, зорлағаны" туралы жергілікті полицияға дер кезінде шағымданғанымен, тек үшінші рет барғанда ғана арызын қабылдағанын айтқан. Бұл хабар әлеуметтік желіге кең тарап, жергілікті БАҚ-тың назарына ілініп, әлеуметтің ашу-ызасын тудырып, қатты талқылауға ұласқан.

Оқи отырыңыз: Билік өкілдері "бала зорлау" дерегін жоққа шығарды

14 наурыз күні Батырбекова мен жиенін Алматыға тәуелсіз сараптамадан өтуге бара жатқанда Шымкент вокзалынан полиция ұстағаны хабарланған. Кеше бұл іске қатысты Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігінде арнайы жиын өткізіліп, бірнеше мекеменің басшысы жауапқа тартылған. Сол күні бала құқықтары жөніндегі уәкіл, депутат Зағипа Балиева Шымкентке келіп, "зәбір көрген" бала мен оның нағашы әжесін Астанаға алып кеткен. Балиева "зардап шеккен бала" қайта тексерілетінін мәлімдеген.

16 наурызда Алматыда баспасөз-мәслихатын өткізген адвокат Бауыржан Азанов "бала зорлауға" қатысты қылмыстық істі биліктің тыңғылықты жүргізетініне сенбейтінін айтқан.

XS
SM
MD
LG