Accessibility links

Оралда Азаттық тілшісі Санат Орын Әлиді босатты


Азаттық тілшісі Санат Орын Әли.
Азаттық тілшісі Санат Орын Әли.

Азаттықтың Оралдағы тілшісі Санат Орын Әлиді алты сағат ұстаған соң полиция босатты. Оны сенбі күні таңертең жергілікті уақытпен сағат 10 кезінде қала орталығындағы алаңнан ұстап, Батыс Қазақстан облыстық ішкі істер департаментіне (ІІД) жеткізген.

ІІД тергеушісі Марат Қалмағанбетов оған "Уральская неделя" басылымының YouTube-арнасында жариялаған видеоның астындағы комментарийге (маусымның 23-і күні митингіге шығуға шақырған) қатысты қозғалған іс бойынша сұрақтар қоймақшы болған. Бұған дейін, маусымның 19-ы күні Санат Орын Әлиді осы іс бойынша жауап алу үшін полицияға шақыртқан, сол кезде журналист аталған басылымда жұмыс істемейтінін және комментарийге қатысы жоғын айтқан.

Бүгін тергеуші Санат Орын Әлиге "қосымша сұрақтар қою қажеттігі туындағанын" айтқан. Журналист адвокатсыз жауап беруден бас тартатынын мәлімдеген.

Үш сағаттан соң ІІД тергеушісінің кабинетінен шыққан Санат Орын Әлиге ІІД ғимаратынан шыға берісте басқа бір құжатты – Орал қалалық ішкі істер басқармасына келу талабы айтылған шақыртуды тапсырған. Азаттық тілшісін полиция көлігіне салып, қалалық ішкі істер басқармасына апарған. Онда тергеуші Жәния Оспанова журналист Санат Орын Әлиге Қылмыстық кодекстің "Қоғамдық немесе дiни бiрлестiктiң не өзге де ұйымның экстремизмдi немесе терроризмді жүзеге асыруына байланысты олардың қызметiне соттың тыйым салу немесе тарату туралы шешiмiнен кейiн олардың қызметiн ұйымдастыру және оған қатысу" бабы бойынша үстінен айып тағылған 58 жастағы жергілікті белсенді Бакиза Халелованың ісі бойынша куәгер ретінде жауап алмақ болған. Санат Орын Әли Бакиза Халеловаға немесе ешқандай экстремистік ұйыммен байланысы болмағандықтан ол іске еш қатысы жоғын түсіндіргеннен кейін, тергеушінің сұрақтарына адвокатсыз жауап беруден бас тартқан.


Жергілікті уақыт бойынша сағат 16:40 кезінде Санат Орын Әли Орал қалалық полиция бөлімінен шықты. Ол бүгін полиция сағат 15:00 кезінде Оралда өтеді деп жоспарланған митингіге журналистерді жібермеуді көздеді деп санайды. Қазақстанда маусымның 23-і күні митингілер өткізу жоспары туралы ақпаратты бұған дейін әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы Астана соты "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының негізін қалаушы экс-банкир, қазір шетелде тұратын оппозициялық тұлға Мұхтар Әблязов таратқан болатын.

Сенбі күні Алматы, Астана мен Шымкентте көшеге шыққан адамдарды полиция ұстаған.

Бүгін таңертең Орал қаласында жергілікті "Уральская неделя" қоғамдық-саяси газетінің бірнеше журналисін полиция ұстаған. Санат Орын Әли полицияға осы басылымның редакторы Лұқпан Ахмедияров пен журналистер Мария Мельникова мен Нана Ихсанованы қалай жеткізілгенін көрген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG