Accessibility links

Прокуратура: Тұңғышбаев Қазақстанға 26 мамырда жеткізілді


Қазақстандық оппозициялық белсенді әрі блогер Мұратбек Тұңғышбаев Бішкектегі сотта отыр. 19 маусым 2018 жыл.
Қазақстандық оппозициялық белсенді әрі блогер Мұратбек Тұңғышбаев Бішкектегі сотта отыр. 19 маусым 2018 жыл.

Қазақстан Бас прокуратурасы белсенді Мұратбек Тұңғышбаевтың Қазақстанға 26 маусымда - оны экстрадициялау туралы сот шешімі шыққан күні-ақ жеткізілгенін хабарлады. Прокуратура Азаттықтың Тұңғышбаевты экстрадициялауға қатысты жолдаған ресми сауалына жауабында белсендінің қазір Алматыдағы ЛА-155/18 мекемесінде екенін, оған адвокат тағайындалғанын айтады.

25 маусымда Бішкектің Октябрь аудандық соты Қырғызстан Бас прокуратурасының қазақстандық белсенді әрі блогер Мұратбек Тұңғышбаевты Қазақстанға экстрадициялау туралы шешімін заңды деп таныған. Тұңғышбаевтың өзін Қазақстанға экстрадицияламау туралы шағымы қанағаттандырылмаған.

Қырғызстанның Мемлекеттік жазаны атқару қызметінің (МЖАҚ) баспасөз хатшысы Элеонора Сабатарова 26 маусымда Тұңғышбаевтың Қазақстанға бірден қайтарылмайтынын, белсендіні экстрадициялау үшін белгілі бір талаптар орындалуы тиіс екенін айтқан еді.

Ал 27 маусымда Тұңғышбаевты Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің өкілдері 26 маусымда Бішкектегі абақтыдан алып кеткені хабарланған.

Оқи отырыңыз: Туыстары Тұңғышбаевты Алматы полициясында ұстап отырғанын айтады

Мұратбек Тұңғышбаев Қазақстан билігінің сұрауымен 10 мамырда Бішкекте ұсталған. Қазақстан билігі блогерді "экстремистік ұйым ретінде тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын қолдайды" деп айыптап отыр. Тұңғышбаев пен оның туыстары бұл айыптың саяси астары барын мәлімдеп, халықаралық ұйымдардан араша сұрайды.

Мұратбек Тұңғышбаевтың адвокаты Гүлнара Жуаспаева экстрадицияланған соң Тұңғышбаевқа Қазақстан Қылмыстық кодексінің 266-бабының 1-бөлімі ("Қылмыстық топтың әрекетін қаржыландыру, сол сияқты мүлiктi сақтау, бөлу, қаржыландыру арналарын әзiрлеу") бойынша да күдікті деп танылғанын хабарлаған.

Бұған дейін қырғызстандық құқық қорғау ұйымдары мен азаматтық белсенділер Тұңғышбаевты Қазақстанға экстрадициялауға қарсылық танытқан.

Human Rights Watch адам құқығын қорғау ұйымы Қырғызстанның азаптауға ұшырауы мүмкін екеніне қарамастан саяси астары бар іс бойынша айыпталған белсенді Мұратбек Тұңғышбаевты Қазақстанға тапсыруын айыптаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG