Accessibility links

Билік жапқан Ratel.kz бас редакторы тергелді


Марат Әсіпов.
Марат Әсіпов.

Сот шешімімен жабылған Ratel.kz сайтының бұрынғы бас редакторы Марат Әсіпов 19 шілдеде Алматыдағы ішкі істер департаментінде кәсіпкер Зейнолла Кәкімжановтың "қасастықпен сот шешімін орындамау" арызы бойынша қорғалу құқығы бар куә ретінде тергелді. Азаттық сөйлескен Әсіповтің айтуынша, сотқа дейінгі тергеуге бұрынғы бас редактордың адвокаты Игорь Достовалов да қатысқан.

Әсіпов тергеу жайлы егжей-тегжейлі айтып берген жоқ. Адвокаты да әзірге тергеуге қатысты комментарий беруден бас тарты. Әсіповтің сөзінше, оған бұлтартпау шарасы кесілмеген. Ал "қасастықпен сот шешімін орындамау" туралы арызды Кәкімжанов 28 мамырда түсірген.

Жуырда әлеуметтік желілер мен кейбір БАҚ-та Әсіповке қатысты "жаңа қылмыстық іс қозғалды" деген ақпарат тараған. Бұрынғы бас редактор мұның сотқа дейінгі тергеу амалдары екенін және "жаңа қылмыстық іске" қатысты ақпарат қазақстандық журналист, Әсіповтің бұрынғы әріптесі Вадим Борейконың Facebook парақшасындағы жазбада жақсы түсіндірілгенін айтты.

Оқи отырыңыз: Астананы "сыни пікірлермен санасуға" шақырады

Әсіпов айтқан жазбада Борейко "Кәкімжанов Әсіповтің және бұрынғы бизнес серіктесі Виталий Процентовтің марқұм журналист Геннадий Бендицкий материалдарын терістеп, Ratel.kz сайтынан алып тастамағандары үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын қалайды" деп жазады.

Кәкімжанов өшірілгенін қалайтын материалдарға қатысты былтыр сот болған. Кәсіпкердің арызы қанағаттандырылып, журналистер айыппұл төлеген. Бірақ, Әсіповтің сөзінше, арыздың екінші бөлігін – терістеп ақпарат шығару туралы талапты арызданушы нақты қандай ақпараттың терістелгенін қалайтыны туралы Ratel.kz сұранысына жауап бермегендіктен орындау мүмкін болмаған.

Борейконың жазуынша, сотқа дейінгі тергеу амалдарының басталуына себеп болған арыз – Кәкімжановтың журналистер үстінен түсірген екінші шағымы. Бірінші арыз наурыздың соңында көбі "Кәкімжановтан" деп топшылаған "З.К." инициалымен түсірілген.

Қарай отырыңыз: Ratel.kz ісі: қызметін тоқтатсын және тыйым салынсын

Бұл арыз бойынша "БАҚ-ты пайдаланып көрінеу жалған ақпарат тарату" күдігімен Ratel.kz пен Forbes Kazakhstan басылымының кейбір журналистеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған. Сәуірдің 2-сінде екі кеңседе тінту жүргізілді.

28 мамырда Медеу аудандық соты "анықталған заңбұзушылықтарға" байланысты Ratel.kz-ті жабу туралы шешім шығарды.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG