Accessibility links

"Жиһадшылар ісінде" сотталушылар прокурорды шеттетуді сұрады


Айыпталушылар (солдан оңға қарай) Кенжебек Әбішев, Алмат Жұмағұлов және Оралбек Өміров сот залында. Алматы. 1 қазан, 2018 жыл
Айыпталушылар (солдан оңға қарай) Кенжебек Әбішев, Алмат Жұмағұлов және Оралбек Өміров сот залында. Алматы. 1 қазан, 2018 жыл

Алматының Алмалы аудандық сотында жүріп жатқан "жихадшылар ісінде" қазанның 1-і күні айыптау актісі оқылуы керек еді. Бірақ айыпталушылардың бірі Кенжебек Әбішев "прокурор обьективті емес" деп, оны істен шеттету туралы шағым түсірді. Оның шағымын өзге айыпталушылар да, адвокаттары мен қоғамдық қорғаушылары да қолдады.

Прокурор Дәурен Бұлғымбаев өзіне қатысты айтылған айыптауды терістеп, шағымды кері қайтару керек деді. Істі қарап жатқан Алмалы аудандық сотының судьясы Қуаныш Әріпов шағымды тексеріп, қазанның 2-сі күні шешім шығаратынын айтты.

Оның алдында Әбішевтің адвокаты Гүлнар Жуаспаева тағы бірнеше шағым түсірген. Жуаспаева алдымен істің қалай жүріп жатқаны жөнінде жан-жақты ақпарат тарату үшін БАҚ өкілдеріне рұқсат беруді сұрады. Оған сот қарсылық білдірмеді. Бірақ журналистерді сот залына кіргізбей, "істі монитор орнатылған өзге бөлмеден бақылап отырсын" деді.

Адвокат айтқан екінші шағым - прокурордың айыптау актісінің көшірмесін қорғаушы тарапқа беруі туралы болды. Судья бұған да қолдау білдіріп, прокурорды адвокат сұраған құжаттың көшірмесін беруге міндеттеді.

Үшінші шағымда Жуаспаева "Жоғарғы сот сайтындағы сот актілері туралы базадан осы іске қатысты сот шешімдері жөнінде мәлімет таба алмағанын", сондықтан айыпталушылардың конституциялық құқығы бұзылып отырғанын айтқан. Бұны судья "174 (алауыздық тудыру) және 256 (терроризмді насихаттау) баптары бойынша ақпарат автоматты түрде блокқа қойылады. Сол себепті Жоғарғы сотқа арыздану керек" деп түсіндірді. Адвокат Жоғарғы сотқа бұған дейін арызданғанын, олар "барлық ақпаратты жергілікті судья беруі керек" деп жауап бергенін айтты. Судья Әріпов осы іске қатысты шығарған шешімдерінің барлығын келесі отырыстарда көрсетуге уәде берді.

51 жастағы Кенжебек Әбішев, 47 жастағы Оралбек Өміров және 43 жастағы Алмат Жұмағұлов 2017 жылғы қарашада полиция "терроризм актісін жасауға жария түрде шақыруды тексеру" деп атаған іс аясында ұстаған. Былтыр қарашаның 28-і күні үшеуі тұтқынға алынғаннан бері оларды қамауда ұстау мерзімі бірнеше рет ұзартылған. Алмат Жұмағұлов Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты сынап жүрген бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов басқаратын және биыл наурызда Астананың Есіл аудандық соты "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) оппозициялық қозғалысы ұнайтынын ашық айтады. Ал Кенжебек Әбішев "ҚДТ-да шаруам жоқ, оған еш қатысым жоқ" деп мәлімдейді.

Сәуірдің 16-сы күні еуропалық құқық қорғаушылар – Польша Сеймінің депутаты Марчин Свенчицкий мен Италияның адам құқығы жөніндегі федерациясының президенті Антонио Станго Алматыдағы тергеу абақтысында отырған Кенжебек Әбішев және Алмат Жұмағұловпен кездескен. Ертеңінде, сәуірдің 17-сі күні Алматыда өткізген баспасөз жиынында олар "терроризмге шақырды" деген күдікке ілінген Кенжебек Әбішев пен Алмат Жұмағұловқа қатысты айыптардың қисындылығы мен тергеу соттарының тергеу органдарынан тәуелсіз екеніне күмән келтірген.

Қазақстандық құқық қорғау ұйымдары бұған дейін Әбішев пен Жұмағұловты "саяси тұтқын" деп таныған. Билік бұл қоғамдық-саяси статусқа қатысты комментарий бермейді.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG