Accessibility links

Жаңаөзенде "Қытай жобаларына" қарсылық акциясы жалғасып жатыр


Қытаймен бірлескен жобаларға қарсылық акциясына қатысушылар. Жаңаөзен, Маңғыстау облысы, 9 қыркүйек 2019 жыл
Қытаймен бірлескен жобаларға қарсылық акциясына қатысушылар. Жаңаөзен, Маңғыстау облысы, 9 қыркүйек 2019 жыл

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға ресми сапары қарсаңында Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында жергілікті тұрғындардың Қытаймен бірлескен жобаларға наразылығы жалғасып жатыр. 9 қыркүйекте қаланың орталық алаңына жиналған ондаған адам мұнайға бай елде жұмыссыздық көбейіп, жергілікті кәсіпкерлер мемлекеттің қолдауына мұқтаж болып отырғанын айтып, өздері "Қытай экспаниясы" деп сипаттаған көрші елмен бірлескен жобаларға қарсылық білдірді.

Жаңаөзендік Бақытжан Тәжіғалиев Қазақстанда биліктің бір кездері берген уәдесі сөз жүзінде қалғанын, елде ондаған жылдар бойы еш өзгеріс байқалмай отырғанына қынжылатынын айтты.

- Ол кезде мен 15 жаста едім, қазір жасым 45-те. (Үкіметтің) өз азаматтарымызға жағдай жасағанын көрген жоқпын, дамитын болса 15-20 жылда дамитын еді ғой, 30 жыл болды, еш өзгеріс жоқ. Неге үкімет Қытайға жабысып қалды, неліктен Еуропа елдері тәрізді дамыған мемлекеттерден инвестиция тартпаймыз? Олар Қытай компаниялары тәрізді өз азаматтарын бірге алып келмейді, - дейді ол.

Теңге ауылының тұрғыны Жаңбырбай Сәпиев Қазақстаннан жемқорлар ұрлап, шетел асырған ақша туралы айтты.

Қытайдың солтүстік-батысындағы Шыңжаң өлкесінде тұратын ұйғыр, қазақ және өзге де аз ұлттардың қысым көріп жатқаны жайлы хабарлардан кейін соңғы айларда Қазақстанда Қытай саясатына қарсы көңіл-күй күшейген. Өткен жылы БҰҰ Шыңжаңда билік миллионға жуық этникалық ұйғыр мен өзге де түркітілдес ұлт өкілдерін Қытайдың солтүстік-батысындағы "саяси тәрбиелеу лагерьлерінде" мәжбүрлеп ұстап отырғаны туралы мәлімдеген. Этникалық азшылық өкілдеріне қысым жайлы хабарларды жоққа шығарған Пекин Шыңжаңдағы саясатын "экстремизмге қарсы шара" деп атап, әлгіндей лагерьлерді "тіл үйреніп, кәсіпке баулитын " орталықтар деп түсіндірген.

Қазақстанның ресми тұлғалары Қытаймен бірлескен 55 жобаның жүзеге асырылатыны туралы хабарлаған. Тұрғындар арасында Қытайдың Қазақстан экономикасына ықпалы күшейіп, шенеуніктердің жемқорлығы кесірінен шетелден жұмысшылар әкеленуі мүмкін деп алаңдайды.

Орталық Азиядағы постсоветтік бес елдің арасында жер көлемі жағынан бірінші орында тұрған Қазақстанда мұнай және газдың мол табиғи қоры да бар. Алайда, сарапшылардың пікірінше, тәуелсіздік алғаннан бері табиғи байлықты игеру үшін шетелден ірі инвестициялар алынғанымен, 18 миллион тұрғынның басым бөлігі оның игілігін көрмей отыр.

Дүйсенбі күнгі Жаңаөзендегі акцияға қатысушылар Қазақстан билігі олардың талабына құлақ асқанша наразылықты жалғастыра беретіндерін айтты. Жаңаөзенде 2 қыркүйекте алаңға жиналған жүзге жуық адам Қытаймен бірлескен жобаларға қарсылық білдіріп, ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты 11-12 қыркүйекте Қытайға жоспарлаған ресми сапарынан бас тартуға шақырған. Жаңаөзендегі наразылыққа қолдау білдірген акциялар содан бері Алматы, Ақтөбе, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Қарағанды мен Семейде өткен.

Қыркүйектің 4-і күні Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяо Қазақстандағы наразылықтардың артында жұртты "Қытайға және екіжақты қарым-қатынасымыздың дамуына қарсы қойып, жағдайды ушықтырғысы келетін күштер тұр" деп мәлімдеген.

Қытай – Қазақстанға ең көп инвестиция салған - төртінші, ең көп қарыз беруші үшінші ел. Қазақстанға инвестиция салу бойынша алғашқы үштікте Нидерланд, АҚШ және Швейцария тұр.

9 қыркүйекте Жаңаөзендегі наразылық акциясын бірнеше полиция қызметкері сырттай бақылап тұрды. Олардың бірі наразыларға келіп, алаңда қоғамдық тәртіп пен тазалықты сақтауды ескертіп кетті. Негізінен мұнай өндіру саласында жұмыс істейтін кәсіпорындар орналасқан Жаңаөзен моноқаласында 2011 жылы еңбек жағдайын жақсартуды талап еткен мұнайшылардың бірнеше айға созылған ереуілін полиция оқ атып басқан. Ресми мәлімет бойынша, Жаңаөзен оқиғасы кезінде 17 адам қаза болған.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG