Accessibility links

Помпеоның Қазақстанға сапары қарсаңында белсенділер үндеу жариялады


Белсенділердің видеоүндеуді түсіру сәті. Нұр-Сұлтан, 25 қаңтар 2020 жыл.
Белсенділердің видеоүндеуді түсіру сәті. Нұр-Сұлтан, 25 қаңтар 2020 жыл.

25 қаңтарда Нұр-Сұлтанда бір топ белсенді АҚШ үкіметіне қайрылып, үндеу жариялап, әділет министрі Марат Бекетаевтың "Қазақстанда саяси тұтқындар жоқ" деген пікіріне наразылық білдірді. Министр бұл пікірін 17 қаңтарда министрліктің кеңейтілген алқа мәжілісі кезінде айтқан. Бұл отырыс кезінде АҚШ пен Қазақстан өкілдерінен құралған жұмыс тобының "саяси тұтқындар" мәселесі бойынша "жұмыс жүргізетіні" айтылған. Сенбі күні белсенділер бұл жұмыс тобына қоғамға белгілі құқық қорғаушылар кірсін деген талап айтып, "саяси тұтқындар бойынша келіссөз ашық жүргізілсін" деді. Олар үндеуін видеоға түсіріп, әлеуметтік желіде АҚШ мемлекеттік департаменті, АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігін тегтеп, таратты.

- Бекетаев мырза "Қазақстанда саяси тұтқындар жоқ" деді. Біздің билік "Шыңжаңдағы уақытша үйрету лагерінде отырған қазақтар жоқ" деді. Бұл барып тұрған өтірік. Осыған байланысты біз, Қазақстан азаматтары, саяси тұтқындарға қатысты құрылатын жұмыс тобына Бақытжан Төреғожина, Елена Семенова, Евгений Жовтис тәрізді құқық қорғаушылар мен тіркелмеген "Qaharman", "405 -қозғалыс" тәрізді топтардың енгізілуін сұраймыз. Біз бұл адамдарға сенеміз және саяси тұтқындар туралы келліссөздің барынша ашық, айқын болғанын қалаймыз, - деді Анна Шүкеева.

Қала көшелерінің бірінде интернет арқылы видеоүндеу жасап, үйлеріне тарқамақшы болған белсенділер өздерін полиция өкілдерінің аңдығанын да айтты. "Содан соң полиция департаментіне келдік" деді ғимарат ішінде видеоүндеуін жазған белсенділер. Олардың қолында құқық қорғаушылар Бақытжан Төреғожина, Елена Семенова, Евгений Жовтистің суреттері мен "Qaharman", "405 -қозғалыс" деп жазылған плакаттар болды.

АҚШ билігіне бағытталған видеоүндеуде жас белсенді Айбек Сәбитов өзін полицияның бірнеше мәрте ұстап, пикетке қатысқаны үшін он тәулікке қамағанын айтып, комиссия жұмысының ашық өтуін талап етті.

Келесі аптада АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпеоның Қазақстанға сапары жоспарланған.

Жергілікті "Курсив" газетінің хабарлауынша, 17 қаңтарда өткен әділет министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде ведомствоның халықаралық құқық пен серіктестік департаментінің директоры Мақсат Берекетов Қазақстан мен АҚШ өкілдерінен құрылған жұмыс тобы саяси тұтқындар бойынша жұмыс жүргізетінін мәлімдеген. Оның сөзін бөлген әділет министрі Марат Бекетаев "Қазақстанда саяси тұтқындар жоқ" деп түзеткен.

Қазақстандық құқық қорғаушылар түрлі қылмыстық айып тағылып, сот үкімімен түрмеге жабылған 16 адамды "саяси тұтқын" деп таныған. Құқық қорғаушылар "Шаңырақ ісі" бойынша 18 жылға сотталған диссидент Арон Едігеев (ақынның лақап тегі – Атабек), "сеніп тапсырылған өзгенің мүлкін ысырап қылды және пара алды" деген айыппен 14 жылға сотталған "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішев, 2016 жылы сәуірде Атырауда болған жер мәселесіне байланысты жаппай наразылық шеруінен кейін "алауыздық қоздыру", "көрінеу жалған ақпарат тарату" және "шеру өткізу тәртібін бұзу" баптары бойынша бес жылға сотталған белсенді Макс Боқаев,​ әлеуметтік желіде "сепаратизмге шақыратын сауалнама" жариялағаны үшін бес жылға сотталған Риддер тұрғыны Игорь Сычев және өзге оннан астам адам саяси себеппен қуғындалып, түрмеде отыр дейді.

Құқық қорғаушылардың пікірінше, Қазақстанда президент ауысқанымен саяси тұтқындарға байланысты мәселеде ешқандай өзгеріс байқалмайды, белсенді азаматтарды түрлі айып тағып, қудалау бұрынғысынша жалғасып отыр.

Еуропарламент, АҚШ, БҰҰ және өзге халықаралық ұйымдар мен құқық қорғаушылар Нұр-Сұлтанды "саяси тұтқын" деп танылған азаматтарды түрмеден босатуға талай рет шақырған. Қазақстан билігі елде "саяси көзқарасы мен азаматтық позициясына бола жазаланған ешкім жоқ, түрмеде отырғандар - қылмысы үшін сотталғандар" деуден танбай келеді.

Оқи отырыңыз: Құқық қорғаушылар: Президент ауысса да, саяси тұтқын азаймады

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG