Accessibility links

Қорықшы өлімі бойынша үкім: Айыпталушы 18 жылға бас бостандығынан айрылды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

4 наурызда Ақмола облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта "Охотзоопром" инспекторы Қаныш Нұртазиновтің өліміне қатысты сот үкімі оқылды. Судья Торқалы Бектұрсынов айыпталушы Анатолий Бонякевичті кінәлі деп тауып, 18 жылға соттады.

Бұл ақпаратты орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет Facebook-тағы парақшасында хабарлады. Облыстық сот ақпаратты растады. Ділдахметтің айтуынша, айыпталушы қауіпсіздігі жоғары (қатаң режимдегі колония) колонияда жазасын өтейді.

Sud.kz сайтында істің жабық екені көрсетілген. Ондағы дерекке сәйкес, бұл іс 2019 жылдың қазан айынан бері сотта қарала бастаған.

"Охотзоопром" инспекторы 43 жастағы Қаныш Нұртазинов былтыр 23 шілдеде браконьерлер қолынан қаза тапқан. Тағы бір қорықшы Самат Оспановқа Джерзинск қаласындағы ауруханада операция жасалған. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің дерегінше, 23 шілдеде шамамен түскі 11-де қорықшылар Ақмола облысы Жарқайың ауданы аумағында киіктерді атып жүрген браконьерлерді байқап қалып, ұстамақ болған. Кейін «Нива» көлігінде отырғандар қорықшыларға оқ атқан.

Қаза тапқан Қаныш Нұртазинов Қарағанды облысы Ұлытау ауданы Қоскөл ауылында тұрған. Артында әйелі мен төрт баласы қалды.

24 шілдеде ішкі істер министрлігі қорықшы өліміне қатысты күдікті ұсталғанын хабарлаған.

Былтыр жыл басында Қарағанды облысында браконьерлер "Охотзоопром" мекемесінің қорықшылары 52 жастағы Ерлан Нұрғалиев пен 58 жастағы Петр Ницыкқа да шабуылдаған. Нұрғалиевке оқ тиіп, қаза тапқан. Ал Ницык жарақаттанған.

21 ақпанда Қарағанды соты "Охотзоопром" инспекторы "Ерлан Нұрғалиевті өлтірді", қорықшы "Петр Ницыкты өлтіруге әрекет жасады" деп айыпталған Қызылорданың үш тұрғынына өмірлік жаза берді. Сот қалған айыпталушылар Берден Базаров, Батырбек Қайырбеков, Жарасхан Мырзабаев және Айдос Әкімовті (олар "заңсыз аңшылық құрды" деп айыпталған) әрқайсысын алты жылға бас бостандығынан айырды.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG