Accessibility links

Өмірлік жаза. Қорықшы өлімі бойынша істің үкімі қалай шықты?


«Охотзоопром» инспекторы Ерлан Нұрғалиевті өлтіру және оның әріптесі Петр Ницыкқа қастандық жасау ісі бойынша айыпталушылар сот залында тұр. Қарағанды облысы, 21 ақпан 2020 жыл.
«Охотзоопром» инспекторы Ерлан Нұрғалиевті өлтіру және оның әріптесі Петр Ницыкқа қастандық жасау ісі бойынша айыпталушылар сот залында тұр. Қарағанды облысы, 21 ақпан 2020 жыл.

Қарағандыда ақпанның 21-і күні «Охотзоопром» мемлекеттік мекемесінің екі инспекторына шабуыл жасау ісі бойынша сот үкімі шықты. Шабуылға ұшыраған инспекторлардың бірі Ерлан Нұрғалиев алған жарақатынан көз жұмған. Жеті айыпталушының үшеуіне сот өмірлік жаза берді. Айыпталушылардың адвокаттары қатал сот үкімін... журналистерді кінәлады.

ӨМІРЛІК ЖАЗА ЖӘНЕ ҰЗАҚ МЕРЗІМГЕ ТҮРМЕГЕ ЖАБУ

2019 жылы қаңтарда болған қоғамда резонанс туғызған іс (инспектор Ерлан Нұрғалиев браконьерлер қолынан қаза тауып, әріптесі Петр Ницык ауыр жараланғаны туралы қазақстандық ақпарат құралдарының бәрі жазды, ал билік осы оқиғадан кейін браконьерлік үшін жаза күшейді) бойынша сот үкімі белгіленген уақытынан кеш оқылды. Сот залында қауіпсіздік шарасы күшейтілді: конвоилар тізіліп, қатарға тұрды. Журналистерге зал ішінде жүріп-тұруға, айыпталушыларға жақындауға тыйым салынып, белгіленген орындарға отыру ескертілді. Бәрі судьяны күтіп тұрғанда, сот залындағы жағдай ушыға түсті. Айыпталушылар уайымын жасыра алмай, олардың жақындары көз жасына ерік берді.

Судья Қайрат Қасимов сот үкімін оқыды. Қызылорда облысының үш тұрғыны — Қайрат Ақшанов, Берік Ахметов пен Нұрлан Шүкілдіков — инспектор Ерлан Нұрғалиевті өлтіру және оның әріптесі Петр Ницыктың өміріне қастандық жасау, заңсыз киік аулау (биліктің дерегінше, мемлекетке келген шығын 89 миллион теңгені құрайды) баптары бойынша айыпты деп танылып, оларға өмірлік жаза берілді. Заңсыз аңшылық жасағаны үшін кінәлі деп танылған басқа төрт айыпталушы — Берден Базаров, Батырбек Қайырбеков, Жарасхан Мырзабаев пен Айдос Акимовты сот алты жылға түрме жазасына кесті.

Айыпталушылардың туысқандары сот залында. 21 ақпан 2020 жыл.
Айыпталушылардың туысқандары сот залында. 21 ақпан 2020 жыл.

Сот жәбірленушілердің моральдық және материалдық шығын өндіру жөніндегі арызын жартылай қанағаттандырды.

Судья кепілмен бостандықта жүрген төрт айыпталушыны сот залында тұтқындау туралы шешім шығарды. Конвоирлар олардың қолына кісен салып жатқанда, тұтқындалған айыпталушылар көп ішінен жақындарын көзбен іздеп, қоштасқан ишара жасады. Өмірлік жазаға кесілген үш азаматты конвоирлар әйнекпен қоршалған айыпталушылар орнынан бірден шығара алмады: Қайрат Ақшанов қарсылық білдіріп, сот үкімімен келіспейтінін айтып, дауыс көтерді.

Бұл кезде сот залына айыпталушыларды қолдауға келген әйелдер мен кейбір ерлердің жылаған дауысы естілді.

«БАСЫ ЖАРЫЛҒАН ҚАУЫНҒА ҰҚСАЙДЫ»

Қаза тапқан қорықшы Ерлан Нұрғалиев пен оның әріптесі Петр Ницыктың туыстары сот үкімін алаңдаушылықпен күтті. Олар жарты жылға созылған сот ісінен шаршағандарын айтты. Барлық сот отырысына ел астанасынан арнайы келіп, қалмай қатысып жүрген марқұмның ағасы Нұрлан Нұрғалиев үнемі еңсесі түсіп, үнсіз отыратын.

— Осы оқиғадан кейін «Неге Ерлан оқиға орнында ұзақ жатты?» деген сұрақ туды. Оған ұзақ уақыт бойы медициналық көмек көрсете алмаған. Қазір 21-ғасыр, бәрі «технология дамып жатыр» дейді. Бірақ алғашқы көмек көрсетіп, жедел-жәрдем қызметкерлерін жеткізуге бірде-бір тікұшақ жібере алмаған. Ерланның қазасы технологияның дамуы мәселесін біздің отбасымызда ғана емес, мемлекеттік деңгейде де көтерді. Жеті айыпталушының да ағамның қазасына тікелей қатысы бар. Ерланның денесін жууға кіргенімде басы жарылған қауынға ұқсайтынын көрдім. Бәрі жабылып, оны жан-жақтан тепкілеген. Айыпталушыларға қарап, істеген ісіне өкінгенін көрген жоқпын. Бірақ мен және туыстарымыз оларды кешірдік, — деді марқұм инспектордың ағасы Нұрлан Нұрғалиев.

Петр Ницык көп сөйлеген жоқ. Сот процесі кезінде ол эмоцияға бой алдырмауға тырысты. Айыпталушылар мен олардың адвокаттары Ницыктың жеке басына тиетін мәлімдемелер жасаған кезде де үнсіз қалып, өзін ұстады.

Айыпталушылардың адвокаттары Ницык болған оқиғаны «ойдан шығаруы мүмкін» деп, соттан оны психологиялық-психиатриялық сараптамадан өткізуді сұрады. Ницык өзі күдіктілермен айқас, әріптесінің қайғылы қазасы мен бірнеше сот отырысы денсаулығына кері әсер еткенін айтты.

— Тірі қалғаныма шүкір. Бұл қайғылы оқиға жұмысымызға өзгеріс енгізді, бізге кісен, оқтан қорғайтын кеудеше, каска, қару берді… Бірақ ол үшін осындай құн төлеуге тура келгені өкінішті… Сот үкімінен соң жұмысқа оралып, осының бәрін қолданамын. Шынымды айтсам, жұмыссыз жүруден шаршадым. Жарақаттарымның орны әлі ауырады, құлағымның түбі шуылдап тұрады, иығым сырқырайды, — деді Азаттық тілшісіне пікір берген Петр Ницык.

Жарыссөз кезінде қаза болған қорықшының жақындары мен жәбірленуші тараптың адвокаттары «Охотзоопром» мемлекеттік мекемесінің қаржысы мен қызметін тексеру мәселесін көтерді.

— «Охотзоопром» қызметіне байланысты сұрақ өте көп. Соттан жеке қаулы шығаруды жайдан-жай сұрап отырған жоқпыз. «Охотзоопром» мекемесінде киіктерді түгендейтін жеке тікұшағы бар. Сол күні тікұшақ қайда болды? Неге тек трекер, ұялы байланыс пен спутник қана болды? Басқа техника қайда? Мемлекеттің және жеке адамдардың «Охотзоопром» компаниясына бөлген ақшасы қайда? Осы мәселе БАҚ беттерінде жазылған соң, ҰҚК-ның орталық аппараты бәрін тексереді деп ойлаймын. Төтенше жағдай комитетінің батпақта, қалың қарда жүре алатын техникасы қайда? Мәселені анықтау үшін қандай да бір қайғылы оқиға болуы керек пе? Осы адам өлімі елімізде ортақ ақпарат жинақталған жер жоғын көрсетті. Тіпті тікұшақ шақыру бойынша да ортақ ақпарат жоқ, - деді жәбірленуші тараптың адвокаты Алмат Қасқырбай.

Нұрғалиевтің туыстары «Ницык аман қалмағанда бұл іс ашылмай қалар еді» деп топшылайды.

АЙЫБЫН МОЙЫНДАУ, КӨЗ ЖАСЫ ЖӘНЕ ТІЛШІЛЕРГЕ ШҮЙЛІГУ

Сот процесі барысында айыпталушылар өте сенімді болды, кейде жымиып отырды. Осыған дейінгі отырыста прокурор үшеуін өмір бойы түрме жазасына кесуді сұрағанда олар жәбірленушілерден кешірім сұрап, соттан қатаң жазаламауды өтінген. Кінәсін жартылай мойындаған айыпталушы Қайрат Ақшанов қорықшыны жұдырықпен, мылтықпен соққанын айтып, сотта көзіне жас алды.

— Марқұм Ерланның ата-анасынан, туыстарынан ғана емес, бүкіл Қазақстан халқынан кешірім сұраймын. Жасаған ісім үшін кешірім өтінемін. Мені кешіресіздер ме білмеймін, бірақ жасаған ісім үшін өкінемін. Бұл қылмысты әдейі істемедім. Жанымдағы адамдарға қауіп төндіргенім үшін қорқып кеттім. Жәбірленуші Ницыктан да кешірім сұраймын, - деді ол.

Қалған екі айыпталушы – Нұрлан Шүкілдіков пен Берік Ахметов инспекторға шабуылдағанын жоққа шығарды, бірақ жәбірленушілерден кешірім сұрады.

— Біз адам өлтіреміз деп ойламадық. Біз өлтіргіміз келсе, қолымыздағы пышақты қолданар едік. Тағылған айыппен келіспейміз. Нұрғалиевтің өлгенін көріп, кетіп қалды дейді. Олай болған жоқ. Бұған қоса, заңсыз киік аулады деген айыппен де келіспейміз. Мен ешқандай киікті көрмедім, киікті атпадым, - деді айыпталушы Берік Ахметов.

— Мен сол жерде болдым, бірақ ешкімді ұрмадым. Арым таза. Тергеу айыптау бағытында жүрді. Ақпарат құралдарында бізге қатысты жалған ақпарат тарады. Онда біз Нұрғалиевті өлтірдік, Ницыктың өміріне қауіп төндірді, 17 киікті атты деген. Осы ақпараттар біздің тағдырымызды шешуге әсер етіп кетті. Бірақ мен бұл қылмыстарды жасаған жоқпын, – деді Нұрлан Шүкілдіков.

Сот барысында және үкім шыққан соң айыпталушылардың адвокаттары бұл істі журналистер шулатып жіберді деді. Олардың ойынша, журналистердің назары ауғандықтан іс «Адам өлімі» және «Адам өлтіруге оқталу» баптарымен қозғалған.

— Істі тым шулатып, қоғам назарын аударғандықтан осындай қатаң үкім шықты. Адам өлтіру бойынша қылмыстық құрам болған жоқ. Абайсыздан адам қаза болды. Төбелестен соң Нұрғалиев ауруханада көз жұмды. Бұл істі «Абайсызда адам өліміне әкелген жарақат» бабымен қозғаса болар еді. Бұл жерде адам өлтірейін деген ниет болған жоқ. Әріптестеріммен бірге қылмыстық-процессуальдық норма бұзылғаны жайлы көп шағым түсірдік. Бірақ сот қабылдамады, - деді үкімнен кейін айыпталушылардың адвокаты Ерлан Шолақов.

Айыпталушылардың адвокаты журналистерге апелляциялық шағым түсіретіндерін айтты. Олар сот үкімі тым қатал деп санайды. Жәбірленуші тарап апелляциялық шағым түсірер-түсірмесі белгісіз.

Инспектор Ерлан Нұрғалиевтің киікті лағын ұстап тұрған кезі. Қарағанды облысы. 19 мамыр, 2018 жыл. Сурет авторы - Оспан Әли.
Инспектор Ерлан Нұрғалиевтің киікті лағын ұстап тұрған кезі. Қарағанды облысы. 19 мамыр, 2018 жыл. Сурет авторы - Оспан Әли.

Іс материалдарына сай, 2019 жылы қаңтарда Қарағанды облысы Нұра ауданында «Охотзоопром» мекемесінің екі инспекторы Ерлан Нұрғалиев пен Петр Ницык заңсыз аң аулау күдігіне ілінген екі көліктің бірінің артына түседі. Кейін төбелес болып, Нұрғалиевтің басы жарылып, кеудесі жараланған. Ол ес жия алмай ауруханада көз жұмды. Қорықшы 53 жасына қараған шағында өмірден өтті. Оның әріптесті 58 жастағы Петр Ницыктың да басы жараланған.

Бұл оқиғадан кейін былтыр шілдеде Ақмола облысында тағы бір қорықшы Қаныш Нұртазинов күдікті браконьерлердің қолынан қаза болған. Осы оқиғадан кейін билік браконьерлерге жаза күшейтті. Былтырғы жылдың соңында Қылмыстық кодекстің «Заңсыз аң аулау» бабы өзгерген.

Осы заңға сай, заңсыз аң аулағандар он жылға, киік аулағандар 12 жылға сотталады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG