Accessibility links

Шымкент прокурорымен кездесуді талап еткен белсенді өзін өртемек болды


Кезекші прокурорға келген белсенді Нұржан Мұхаммедов (оң жақта) қала прокуроры Мақсат Қожабаевпен кездесуді талап етіп отыр. Шымкент, 10 наурыз 2020 жыл.
Кезекші прокурорға келген белсенді Нұржан Мұхаммедов (оң жақта) қала прокуроры Мақсат Қожабаевпен кездесуді талап етіп отыр. Шымкент, 10 наурыз 2020 жыл.

10 наурыз күні түстен кейін Шымкент қалалық прокуратурасына бес баласымен бірге келген Нұржан Мұхаммедов қала прокуроры Мақсат Қожабаевпен кездесуді талап етті. Белсенді бұған дейін билікке берген арыз-өтініштерінің жауапсыз қалғанына наразы екенін айтады.

- 8 наурызда отбасыммен бірге жалдап тұрып жатқан үйдің маңындағы бағаналарға әлдекімдер суретімді іліп, "Абайлаңыздар, алаяқ!" деп жазып қойды. Бұған дейін көлігімнің терезесін шағып, дөңгелегін тесіп, ішіне иттің басын тастап кетті. Енді міне, әлеуметтік желілерде мен туралы видео таратып, ар-намысыма тиіп жатыр. Оларды кім шығарды, кім таратып жатыр - прокуратурадан соны тексеріп, анықтауды талап етемін, - деді белсенді.

Нұржан Мұхаммедов әуелі қала прокуратурасының азаматтарды қабылдау орталығына кіріп, кезекшіден қала прокуроры Мақсат Қожабаевты шақыруын сұрады. Кезекші прокурор белсендіге қала прокурорының азаматтарды бекітілген кесте бойынша қабылдайтынын, арызы болса өзі тыңдайтынын айтты. Бұдан кейін белсенді қалтасынан шығарған ыдыстағы бензинді үстіне құя бастады. Мұны көрген балалары жылап, у-шу болып кетті. Прокуратура қызметкерлері мен Мұхаммедовпен бірге келген өзге белсенділер оның қолын қайырып, бензин құйылған ыдысты тартып алды.

Шамамен он минуттың ішінде қала прокуратурасына келген жиырма шақты полиция қызметкері сырттан бақылап тұрды.

Нұржан Мұхаммедов өзіне қарсы арандату туралы (өз айтуынша, осымен сегізінші рет) арыз жазып тапсырған соң, қала прокуратурасының өкілі белсендінің бұған дейінгі арыздары бойынша қандай жұмыс атқарылғаны жайлы жазбаша жауап берді. Онда Мұхаммедовтың көлігіне әлдекімдердің иттің басын тастап кетуіне байланысты қылмыстық іс тіркеліп, 2019 жылы 14 желтоқсанда "қылмысты жасаған адамның анықталмауына байланысты" сотқа дейінгі тергеп-тексеруді үзу туралы шешім қабылданғаны, бірақ 20 желтоқсанда тергеу қайта басталғаны жазылған. Сонымен бірге белсендінің дүкенін тонаған адам табылып, оның 2 жыл 6 айға бостандығынан айырылғаны көрсетілген. Жазбаша жауап алған соң Мұхаммедов пен бала-шағасы және белсенділер тарап кетті.

Өткен жылы қарашада Нұржан Мұхаммедов белгісіз біреулердің көлігінің терезесін шағып, дөңгелегін жарып, иттің басын тастап кеткенін айтып, мұны "азаматтық белсенділігімен" байланыстырған еді.

19 қарашада Нұржан Мұхаммедов "иттің басын тастаған" белгісіз біреулердің көлік есігінің сыртына балағат сөздер жазып кеткенін де айтқан еді. Полиция "Бұзақылық" бабы бойынша іс қозғаған, бірақ кінәлілер табылған жоқ. Белсендінің жақтастары Шымкент қалалық полиция департаментіне барып, Мұхаммедовке "қоқан-лоқы" жасаған адамдарды тауып, жауапкершілікке тартуды талап еткен.

Нұржан Мұхаммедов бұған дейін Шымкентте "саяси тұтқындарды босату" талабымен және "Қытайдың Қазақстанда зауыт салуына қарсы" бірнеше рет наразылыққа шыққан. Сот Мұхаммедовті "бейбіт митинг өткізу ережесін бұзды" деп 10 және 5 тәулікке қамаған. Былтыр желтоқсанда Шымкенттің Әл-Фараби аудандық соты белсенді Нұржан Мұхаммедовке "билік өкілін қорлағаны" үшін 12 625 теңге көлемінде айыппұл салып, 40 сағат қоғамдық жұмыс істеуді міндеттеді. Белсенді үкіммен келіспейтінін мәлімдеген.

Нұржан Мұхаммедов бұған дейін де, 2018 жылы шілдеде отбасымен бірге қала әкімдігіне барып, "полицияның қудалауына" наразылық ретінде өзін өртемек болған.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG