Accessibility links

Крис Риклтон: Қазақстанды жауапты адамдар басқаратын күн де туар


Журналист Крис Риклтон.
Журналист Крис Риклтон.

Бұрын саясаттанудан сабақ берген британдық зерттеуші, журналист Крис Риклтон Азаттыққа берген сұхбатында Қырғызстаннан қалай депортацияланғаны, қазақ полициясының қолына қалай түсіп, жарақат алғаны, әу баста Бішкекке бірнеше айға орыс тілін үйренуге барып, кейін үйленіп, Орталық Азияда он жылдан астам уақыт тұрып жатқаны жайлы айтып берді.

Азаттық қазіргі заманғы журналистикаға арналған "Диалогтар" жобасының үшінші сұхбатын жариялап отыр. "Диалогтар" – журналистиканың қыр-сыры, ақпарат құралдарының билік және қоғаммен қарым-қатынасы, кәсіби қиындықтар мен елдегі әлеуметтік-саяси жағдай туралы қазақстандық журналистермен сұхбаттар сериясы. 28 маусым – Қазақстан журналистері күні (бұл мереке ресми бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні деп аталады) басталған жоба 8 қыркүйек – журналистердің халықаралық ынтымақтастық күніне дейін жалғасады.

"Диалогтар" жобасының үшінші кейіпкері – кейінгі екі жарым жылда отбасымен Алматыда тұрып жатқан британдық журналист Крис Риклтон. Ол бірнеше халықаралық басылымға Қазақстан мен Орталық Азия елдеріндегі қоғамдық-саяси және экономикалық оқиғалар туралы жазады.

"БАЛАМ, МЕН САҒАН ВОВКА ЕМЕСПІН"

Азаттық: Крис, өзіңіз туралы айтып берсеңіз. Журналистика саласына келмес бұрын немен айналыстыңыз? Орталық Азияға қалай келдіңіз?

Крис Риклтон: Ұлыбританияның Йорк қаласында дүниеге келдім. Ата-анам Ньюкасл қаласында туған. Анам – тіс дәрігері. Әкем басында жеке кәсіппен айналысқан, кейін құрылысқа бет бұрды. Журналистикаға бұрыннан қызығатынмын. Бірақ бұл салаға шамамен он жыл бұрын келдім. Сент-Андрустегі шотланд университетінде халықаралық қатынастар мамандығы бойынша білім алған кезімде студенттік газетте жүріп, біраз тәжірибе жинадым. Бірақ Орталық Азияға келгенге дейін журналистикаға шындап кіріскен емеспін. Яғни, ол кезде кім болғым келетінін әлі білмедім.

Ұлыбританияда нарықты зерттеумен айналыстым. Оқу кезінде Орталық Азия өңірі туралы курс өттік. Осы курстан Қырғызстан мен Қазақстан туралы білдім. Сол кезде осы өңірге баруым керек деп шештім. Әсіресе, мені әлемдегі ең ерекше бағыттардың бірі саналатын, табиғаты сұлу жерлерді басып өтетін Памир тракті қызықтырды. Одан бөлек, орыс тілін үйренгім келді. Ал тілді Қырғызстанда үйрену арзанға түсетін болды. Сондықтан осы елге London school ауысым бағдарламасы аясында бардым. Бағдарлама шартына сәйкес, бірнеше ай жергілікті отбасымен бірге тұрып, күнде тіл үйренуім керек болды.

Азаттық: Қырғызстанға келген алғашқы күніңіз есіңізде ме?

Крис Риклтон: Ұлыбританиядан Түркия арқылы ұшып, біраз уақыт Стамбулда тұрдым. Содан кейін Бішкекке ұштым. Әрине, Манас әуежайында ол кезден бері біршама жақсы өзгеріс болды, ал алғаш келгенімде Қырғызстан мұңды әрі қараңғы мекен болатын. Өмірімде бірінші рет түрі қорқынышты, түсі суық кеден қызметкерлері мен шекарашыларды көрдім. Олардың күдікті көзқарасы мен баскиімдері әлі күнге есімде. Бірақ Бішкекке жеткен бойда Қырғызстан халқы жылыжүзді, қонақжай ел екенін түсіндім. Осылай Бішкекте жеті жылға қалып қойдым. Жұмыс тауып, отбасын құрдым.

Азаттық: Қайда тұрдыңыз? Орыс тілін қалай үйрендіңіз?

Крис Риклтон: Басында қырғыз не орыс отбасында тұратын шығармын деп ойладым. Бішкекте корей отбасына тап болғанда қатты таңғалдым. Оларға ең бірінші "Бұл жаққа қалай келдіңіздер?" деген сұрақ қойдым. Үй иелері мұның ұзақ әңгіме екенін айтты. Кейінірек депортацияланған ұлттар туралы білдім. Шын мәнінде көп уақытым осы отбасының туыстары – қатал әрі мейірімді Владимир мен оның қонақжай әйелі Иринаның жанында өтетін. Достарының бәрі Владимирді "Вовка" деп атайтын. Мен де бірде мән бермей, оған "Вовка аға" деп сөйледім. Ол маған суық қарап, "Балам, мен саған Вовка емеспін" деді (күлді). Бұл мен үшін сабақ болды. Әлі күнге орыс тілінде "сен" мен "сіз" дегенді шатастырамын, өйткені ағылшын тілінде ондай жоқ. Ол жақта Андрей есімді кішкентай жақсы бала болды, орыс тілінде асықпай сөйлейтін, сондықтан көп сөзді содан үйрендім. Андрей төрт не бес жаста болатын. Оны оңай түсінетінмін, көп уақытымызды бірге өткіздік. Жергілікті отбасында тұратын уақыт аяқталған кезде, 2010 жылы Бішкектегі Америка университетіне жұмысқа тұрдым.

Журналист Крис Риклтон.
Журналист Крис Риклтон.

Азаттық: Университетте қандай пәннен дәріс бердіңіз?

Крис Риклтон: Саясаттану, бұл тамаша уақыт еді. Бірі қызығы, студенттерге саяси өмір дегеннің не екенін тәжірибе жүзінде көрсетуге мүмкіндік болды. Күн сайын Ақ үйдің (Қырғызстан президентінің резиденциясы) жанында митингілер, шерулер мен демонстрациялар өтетін. Мысалы, саяси экономика бөлімін оқытып жүргенімде, Қырғызстанның "қант фермерлері" университеттен екі жүз метр жерде Қытайдан қант импорттауға қарсы митингіге шықты. Студенттермен бірге осы жағдайды талдап, мәселенің себебі мен салдарын анықтадық. Университетте төрт жылға жуық жұмыс істедім.

Азаттық: Журналистикаға қалай келдіңіз?

Крис Риклтон: Басында Kloop.kg сайтының мақалаларын ағылшын тіліне аудара бастадым. Өйткені Бакиев режимі құлаған қызу шақта Қырғызстанда едім. Бұл сәуір революциясы кезінде бұғатталған сайттардың бірі болатын. Кейін маған ерікті ретінде Global Voices (азаматтық ақпарат құралдарындағы оқиғалар туралы жазатын жазушылар, блогерлер мен белсенділердің халықаралық қауымдастығы - ред.) платформасына арнап, интернеттің қырғыз сегментіндегі блогтарға шолу жасауды ұсынды. Біраз уақыттан кейін Eurasianet.org (Орталық Азия, Кавказ өңірі, Ресей мен Оңтүстік-Батыс Азия елдеріне арналған жаңалықтар мен сараптамалар жариялайтын халықаралық ақпараттық ұйым) сайтына Қырғызстандағы саяси өзгерістер туралы мақалалар жаза бастадым. Ол кезде елдегі оқиғалар өте қарқынды дамып жатты. Бұл журналист қызметін бастау үшін өте қызық жыл болды. 2015 жылы France-Presse (AFP) агенттігінің тілшісі болып жұмыс істей бастадым.

Журналист Крис Риклтон.
Журналист Крис Риклтон.

Азаттық: Кейінгі материалдарыңызда не туралы жаздыңыз?

Крис Риклтон: Қазақстандағы коронавирус инфекциясына байланысты екінші рет енгізілген карантин, Гурбангулы Бердімұхамедовтың (Түркменстан президенті) өлеңдері, бидай мен Қырғызстандағы жалған ақпарат жөніндегі заң жобасына қарсы митингілер туралы жаздым.

"ОНЫ НЕГЕ ҚОРҒАЙСЫҢ? ОЛ ПЕРІШТЕ ЕМЕС"

Азаттық: Қырғызстаннан депортациялау туралы оқиға қалай басталды және немен аяқталды?

Крис Риклтон: Менде университеттің берген жұмыс визасы болды. Сондықтан шетелдік журналист ретінде аккредитация алу оңай болатын шығар деп ойлағам. Бірақ маған аккредитация берген жоқ. Бірнеше рет өтініш бердік, бірақ жазбаша жауап ала алмадық. Сыртқы істер министрлігі ауызша ғана жауап берді. Үкіметтегі достарым маған аккредитация беруге Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті (МҰҚК) қарсы болғанын айтты. Өйткені аккредитация комиссиясы еңбек министрлігі, сыртқы істер министрлігі мен МҰҚК өкілдерінен тұрады. Алғашқы екі ведомство өкілдері мені қолдап, дауыс берген. Бірақ шешім бірауыздан қабылдануы керек. Яғни, МҰҚК қарсы болған және бұл екі-үш рет қайталанған.

Қазір әлемде үшінші орында тұрған ірі ақпарат агенттігінде жұмыс істеймін. Алматыда бұрыннан кеңсеміз болатын, сондықтан кез келген уақытта Қазақстанда жұмыс бастауға мүмкіндік бар еді. Қазақстан мен көрші мемлекеттерден алған аккредитациям болды, тек Қырғызстанда ғана осы құжатқа қол жеткізе алмадым.

Журналист Крис Риклтон (сол жақта).
Журналист Крис Риклтон (сол жақта).

2017 жылғы президент сайлауы кезінде Қырғызстандағы саяси жағдай ушыға бастады. Сайлаудан кейін бірден Global Voices-тің Шри-Ланкада өткен конференциясына кеттім. Ал Қырғызстанға оралғанымда маған елге кіруге болмайтынын естідім. Кеден қызметкерлері мен шекарашылардың өзі не болып жатқанын білмейтінін айтты. Мен үкіметтегі танысыма хабарластым. Ол МҰҚК басшылығымен байланысып, мәселенің себебін білмек болған. Оған комитет өкілі: "Оны неге қорғайсың? Ол періште емес" деп жауап берген. Қырғызстанға Дубайдан транзитпен ұшып келгендіктен қайтадан сол жаққа оралуға тура келді. Осыдан кейін Қазақстан сыртқы істер министрлігіне хабарласып, "Елге ұшып келсем, Қырғызстандағыдай мәселе тумай ма?" деп сұрадым. Маған еш мәселе жоғын айтты, осылай Қазақстанға келдім. Мүмкін, бұған сол кездегі Қырғызстан мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастың соншалық жақсы болмауы да әсер еткен шығар. Бірақ қалай болған күнде де, Қазақстан сыртқы істер министрлігіне ризашылығымды білдіремін.

Азаттық: Қырғызстанға оралу туралы ой болған жоқ па? Бұған талпынып көрдіңіз бе?

Шынымды айтсам, Қырғызстанға оралуға талпынуды қойдым.

Крис Риклтон: Шынымды айтсам, Қырғызстанға оралуға талпынуды қойдым, өйткені МҰҚК-нің сот жүйесіне ықпалы айдан анық көрініп тұрған кезде, бұл шешімге қарсы күресудің еш мәні жоқ деп ойлаймын. Бізде екі сот процесі болды, екеуінен де жеңіліп қалдық.

Азаттық: Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбековке тікелей өтініш айтып көрмедіңіз бе?

Крис Риклтон: Азаматтық белсенділер мен журналистер президенттің алдында бұл сұрақты екі рет қойды. Әр жолы президент мені не үшін депортациялағанын білмейтінін, бірақ бәрін анықтайтынын айтты. Бірақ Жээнбековтың бір мәселенің жай-жапсарын білуге өте ұзақ уақыт жұмсайтын әдеті бар. Ол менің депортацияма қатысты шын мәнінде қандай позиция ұстанатынын білмеймін. Бірақ менің жағдайым өзгерген жоқ.

"ЖІГІТІМ, НЕ ДЕГЕН ТЫНЫМСЫЗ ЕДІҢ!"

Азаттық: Алматыда не нәрсе таңғалдырды? Қазір артыңыздан аңдып жүргендер бар ма?

Крис Риклтон: Мен күткеннен де жақсы дамыған азаматтық қоғам таңғалдырды. Мұнда авторитаризм ерекше байқалатын басқа қалалармен салыстырғанда еркіндік сезіледі. Бұл жақта жүйе Қырғызстанға қарағанда қаталдау екені түсінікті. Осыған қарамастан, белсенділер қандай да бір өзгерістерге қол жеткізіп, үкіметтің әрекетін бақылауда ұстауға тырысады. Алматыда, әсіресе, митингілер кезінде полициялық мемлекетше жұмыс істейді, бірақ біреудің ізіме түскенін байқаған емеспін. [Қазақстан] ұлттық қауіпсіздік комитетінің менде шаруасы жоқ немесе олар Қырғызстанның МҰҚК-іне қарағанда әлдеқайда мұқият әрекет етеді.

Азаттық: Былтыр Алматыда өткен митинг кезінде көзіңіз қалай көгергенін айтып беріңізші?

Крис Риклтон: Шын мәнінде бұл кездейсоқ болды… "Кездейсоқ" болды дегенде… Біріншіден, полиция өз жұмысын дұрыс атқарса, жарақат алмас едім. Мені өте дөрекі түрде ұстады. Сол күні видеооператор екеуміз полиция жүздеген адамды ұстап әкеткен Ескі алаңға жақын маңда жүрдік. "Якорь" мейрамханасының жанында полиция көзімізше екі зейнеткер әйелді ұстады. Бұл трагикомедия сияқты көрінді. Бұл оқиғаның жалғыз куәгері біз болдық, ал камераға эксклюзивті кадрлер түсіріп үлгердік. Ұсталғандардың бірі өзін нашар сезіне бастады. Полиция қобалжып, оны қабырғаға сүйеп отырғызып кетті. Біз әлгі әйелге жақындап: "Сұхбат бергіңіз келе ме?" деп сұрадық. Ол келісті, оны видеоға түсіре бастағанымызда, біреудің қолымды қайыра бастағанын сездім. Қарсыласа бастадым, өйткені осыған дейін полиция қызметкерлерінің біріне қызмет куәлігім мен аккредитациямды көрсеткем. Кейін олар менің "үстімде журналист екенімді көрсететін белгілер болмағанын" айтты. Арнаулы кеудеше кимегенімді мойындаймын, бірақ олар құжатымды көрді. Ашуланып, қарсылық көрсеткен кезде полиция қызметкерлерінің бірінің тізесіне бетімді ұрып алдым. Бәрі әп-сәтте болды. Полиция "Жігітім, не деген тынымсыз едің!" деп мені көлікке (автозак) салды.

Онда бір адаммен бірге отырдым. Соның рұқсатымен селфиге түстік. Бұл суретті Twitter-ге салып, кәсіби қызметім үшін зардап шеккенімді жаздым. Сол күні полиция басқа журналистерді де ұстады. Бізді полиция бөлімшесіне жеткізді. Сыртқы істер министрлігіндегі танысыма хабарласып, болған жағдайды айттым. Ол қатты таңғалды. Артынша маған сыртқы істер министрінің орынбасары Василенко хабарласып, кешірім сұрады, осыдан кейін мені тез босатты. Көзім көгеріп түскен суретім барлық әлемдік ақпарат құралдарына тарап кетті. Суретті көрген туыстарым қатты қорықты. Әсіресе, кішкентай ұлым уайымдады. Бұл хикаяның бір қызық тұсын айтайын. Көп іссапарға бірге баратын жақсы жүргізушім бар. Онымен Қырғызстанда тұрған кезде танысқам. Алматыда ұсталған соң екі айдан кейін Шыңжаңнан келген, әйелі қытай лагеріне түскен қазақтың хикаясын жазып алуға Алматы облысына бардық. Кенет жүргізуші "Інімді бүкіл әлемге масқаралағаның не?" деді. Сөйтсем, автозакта бірге суретке түскен адам – жүргізушімнің кенже інісі екен. Олар туыстарымен бірге інісін митингіге бармауға көндіруге тырысыпты, бірақ ол ешкімді тыңдамай, наразылыққа шыққан.

Азаттық: Қазақстан саяси даму жолында қай бағытқа бет түзеуі керек деп ойлайсыз? Қазір елде не болып жатқанға ұқсайды?

Крис Риклтон: Қазір Қазақстан үшін қиын кезең, бірақ оның болашағы үшін аса қорықпаймын. Өйткені елде пайдалы қазба өте көп. Олар игерілмей келді, бірақ әлі де көп ресурс бар. [Қазақстанның қазіргі президенті Қасым-Жомарт] Тоқаев өзін [бұрынғы президент Нұрсұлтан] Назарбаевқа қарағанда халықтың президенті етіп көрсеткісі келеді. Мұнысын атап өткен жөн. Арыста әскери қойма жарылғанда, Жамбыл облысында ұлтаралық жанжал болғанда, ол оқиға орнына барып, халықпен бірге болды. Бірақ оның билікке демократиялық жолмен келмегенін атап өту керек. Сайлау тұрғысынан алғанда басқа кемшіліктері тағы бар. Мүмкін, ол демократиялық өзгерістерді қалайтын шығар, бірақ әзірге мұны көріп отырған жоқпыз. Жеңіл-желпі өзгерістер ғана болып жатыр. Мысалы, жалғыз адам пикетіне рұқсат бере бастады, бірақ бұл бос плакатпен пикет өткізіп ұсталған оралдық белсенді Аслан Сагутдиновтың еңбегі деп ойлаймын. Бұл қазақстандық билеуші элитаның намысына тиген сияқты. Қазір осыған қатысты кішкене өзгеріс байқалады. Алайда жалпы алғанда, бейбіт жиындар туралы жаңа заң ешқандай халықаралық нормаға сәйкес келмейді, наразылар, блогерлер, белсенділер мен тәуелсіз журналистерді қудалау жалғасып жатыр. Елді әлдеқайда жауапты адамдар басқаратын күн туар деп ойлаймын.

Азаттық: Сұхбатыңызға рақмет.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG