26 тамызда өткен коронавирусқа қарсы үкіметаралық комиссияның жиынында 31 тамыздан бастап карантин шараларын жеңілдетудің екінші кезеңі жарияланды.
Келесі дүйсенбіден бастап қалааралық, облыс ішінде жолаушылар автобусы мен жолаушылар пойызы жолаушылар тасымалдай бастайды.
Бассейндер, жаттығу залдары, спорт комплекстері ашылады. Келушілер алдын ала жазылуы тиіс және бір адамға 5 шаршы метр жер бөлінуі керек.
Діни орындар жеке келушілерді қабылдай бастайды. Көпшілікке арналған шараларға әлі де тыйым салынады. Яғни, жұма намазына рұқсат жоқ.
Мәдени нысандар да жұмысын бастайды. Бұл жерде де бір келушіге 5 шаршы метр жер бөлінуі тиіс. Ғимарат іші тек елу пайыз ғана толуы керек. Мәдени ұжымдар отыз адамнан жиналып, репетиция бастайды. Дайындық кезінде адамдар екі мерт арақашықтық сақталып, маска киюі міндет.
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, яғни, ұлттық табиғи парктер, қорықтар, резерваттар да ашылады. Бұл жерге келгендер бір топта 15 адамнан аспауы тиіс. Жұрт арақашықтықты сақтап, маска тағуы тиіс.
Той, ас беру, отбасылық шаралар өткізуге қойылған шектеу сақталады. Барлар, түнгі клубтар, караоке, фудкорт, кинотеатр жұмысын әлі бастамайды.
Қазақстан билігі маусымның соңында елде коронавирус жұқтырғандар мен пневмонияға шалдыққандар күрт өскен соң елде 5 шілдеден бастап қайта карантин жариялаған. Билік карантин шараларын 17 тамыздан бастап жеңілдете бастаған.
Қазақстан – әлемде алғашқылардың бірі болып, екінші рет карантин енгізуге мәжбүр болған елдердің бірі. Бұл 16 наурыздан 11 мамырға дейін коронавирусқа байланысты төтенше жағдай жарияланғанда жұрт екі айдай қатаң карантинде отырған. Кейін билік елде эпидемиологиялық жағдай тұрақты деп, карантин шараларын жеңілтеде бастады. Араға екі аптадай уақыт салып, Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар өсе бастады.
Билік 5 шілдеде енгізілген карантиннің "арқасында" елде Covid жұқтырғандар 10 есеге, жедел жәрдемге қоңырау 4,2 есеге азайғанын, инфекциялық ауруханалардағы орындар 80 пайызға дейін босағанын мәлімдеді.
Үкіметтің "мамыр айының соңында елде 5 мыңнан аса адамнан вирус табылады" деген болжамы мүлде орындалмады. Ресми статистикаға сай, қазір елде 105 мыңнан аса адамнан коронавирус табылып, 1523 адам Covid індетінен қайтыс болды. Анализі теріс, бірақ клиникалық белгілері коронавирусқа ұқсас пневмонияға 23 мыңнан аса адам шалдығып, 268 адам көз жұмды. Министрлік екі статистиканы біріктіруден бас тартып отыр.
Қазақстандағы індет статистикасына күдік келтіретіндер көп. Билік коронавирус жұқтырған жүздеген марқұмды “өліміне басқа дерт себеп болды” деп ресми статистикаға қоспай отыр. Бұдан бөлек, маусым-шілдеде анализі теріс, бірақ клииникалық белгілері коронаирусқа ұқсас пневмонияға шалдыққандар мен қайтыс болғандар ешқандай ресми статистикаға енбей қалды.
Қазақстан билігі наурыз-мамыр кезіндегі карантинде коронавирус пен экономикалық дағдарысты еңсеру үшін бюджеттен 10 миллиардтан астам доллар бөлген. Үкімет бұл қаржының қалай жұмсалғаны жайлы толық есеп берген жоқ. Бюджет ашықтығын зерттеп жүрген ұйымдар билікті ашықтыққа шақырған.
ПІКІРЛЕР