Accessibility links

Петропавл соты "алауыздық қоздырды" деген Тәуірбековті денсаулық жағдайымен босатудан бас тартты


Жұлдызбек Тәуірбеков сот отырысында сұраққа жауап беріп жатыр. 4 желтоқсан 2019 жыл.
Жұлдызбек Тәуірбеков сот отырысында сұраққа жауап беріп жатыр. 4 желтоқсан 2019 жыл.

Петропавлдың қылмыстық істер жөніндегі қалалық соты 7 қазан күні "алауыздық қоздырды" және "терроризмді насихаттады" деген айыппен қамауда отырған екінші топ мүгедегі Жұлдызбек Тәуірбековті денсаулық жағдайына байланысты босатудан бас тартты.

Денсаулық жағдайына байланысты босатудан бас тартқан судья Тахмина Собирова өтінішті қанағаттандыру үшін медициналық құжаттар қажет екенін, ондай құжаттың тапсырылмағанын айтты. Оның сөзінше, сот үкімі өтінішті қайта беруге кедергі емес.

Сот отырысы онлайн өтті. Судья Тахмина Собирова, прокурор Айнагүл Смағұлова және Петропавл колониясының (ЕС-164/3 мекемесі) өкілдері сот залында болып, қамаудағы Жұлдыз Тәуірбеков пен түрме ауруханасының өкілі видеобайланыс орнатылған АП-162/2 мекемесінде отырды. Ал адвокат Фархат Гулиев сот отырысына Алматыдағы офисінен қатысты.

Адвокат Гулиев соттан медициналық құжатты бермеген мекемеге қатысты жеке сот үкімін шығаруды өтінді. Бірақ сот бұл өтінішті қанағаттандырмады.

Адвокат бұл өтініштің қанағаттандырылуы керек екенін айтты. Оның сөзінше, Тәуірбековтің денсаулық жағдайы ішкі істер министрінің № 530 бұйрығымен бекітілген, түрмеден босатуға негіз болатын ауруға жатады. Гулиев Тәуірбеков денсаулығының алаңдаушылық тудыратынын, Петропавлдағы жаза өтеліп жатқан ЕС-164/3 мекемесінде де, Павлодардағы түрме ауруханасында да (Тәуірбеков қыркүйек айында сол жерге этаппен жіберілген) кардиолог мамандардың жоғын ескертті.

Прокурор Айнагүл Смағұлова өтінішті қанағаттандыруға қарсы шығып, Тәуірбековтің екінші топтағы мүгедектігі жөніндегі анықтаманың мерзімі 23 қазанға дейін жарамды екенін атап өтті. Оның сөзінше, іс материалдарында осы өтініштің маңыздылығын негіздейтін құжат жоқ.

Жұлдызбек Тәуірбеков 6 қаңтар күні Алматы қаласында "алауыздық қоздырды" және "терроризмді насихаттады" деген айыппен 6 қаңтар күні жеті жылға сотталған болатын. 9 сәуір күні апелляциялық сот оны босату жөніндегі өтінішті қанағаттандырмай тастады. Сол күні Тәуірбековтің анасы әрі қоғамдық қорғаушысы Әсемгүл Жауғашева Қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне өтініш жазып, ұлын Алматы қаласында не облысында қалдыруды сұрады. Комитет бас тартты.

Тәуірбеков – WhatsApp желісі арқылы радикалды идеяларды таратты деп айыпталған тоғыз адамның бірі. Сегіз айыпталушының үкімі өткен жылдың тамызында шыққан. Олар бірнеше жылға (бес жарым жылдар сегіз жылға дейін) сотталды. Тәуірбековтің ісі оның денсаулық жағдайына байланысты бөлек қаралды. Ол Алматыдағы тергеу изоляторына сау күйінде түсіп, изоляторда жатып 2-топ мүгедегі атанды.

Бұл қылмыстық іс АҚШ мемлекеттік департаментінің баяндамасында аталған. Онда "жергілікті зерттеушілердің жобалауынша, терроризм және экстремизм бойынша тағылған айыптардың 90 пайызына дейін жасалған не жоспарланған зорлық-зомбылық әрекетіне қатысы жоқ" делінген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG