Accessibility links

Economist "Қытай ұйғыр балаларды ата-анасынан бөлді" дейді. Пекин жоққа шығарады


Бала көтерген ұйғыр келіншегі Шыңжаңдағы Хотан қаласында базарда жүр. Көрнекі сурет.
Бала көтерген ұйғыр келіншегі Шыңжаңдағы Хотан қаласында базарда жүр. Көрнекі сурет.

16 қазанда Қытай билігі Economist журналы жариялаған "Пекин Шыңжаң өлкесінде ұйғыр балаларды ата-анасынан бөліп жатыр" деген ақпаратын "фарс" деп атады.

Жақында Economist журналы "Ұйғырларды қудалау – адамзатқа қарсы қылмыс" деген мақала жариялап, онда "жаңа деректерде жазылғандай, жүздеген ұйғыр бала ата-анасынан ажыратылған. Ата-аналары қамауда болған. Жетім қалған балалар мектеп-интернетта. Оларды ана тілінде сөйлегені үшін жазалайды" деп жазды.

Жұма күні Пекинде өткен брифингте Қытай сыртқы істер министрінің ресми өкілі Чжао Лицзянь Economist мақаласындағы деректерді жоққа шығарды.

Бұған дейін БҰҰ мен құқық қорғау ұйымдары Қытай бір миллиондай ұйғыр, қазақ және басқа да мұсылмандарды айыпсыз лагерьге қамап, ұстағаны туралы мәлімдеген. Қытай бұл ақпаратты басында жоққа шығарғанымен, кейін "бұл орталықтарды кәсіп үйрену орны" деген. Пекиннің есебінше, 2014-2019 жылдары бұл "орталықта" шамамен 7,7 млн адам "кәсіп меңгеріп шыққан".

Қазақстандағы қазақтарда Шыңжаңда жақындарынан, балаларынан бөлініп қалғанын айтып, Нұр-Сұлтаннан жиі көмек сұрайды. "Туысымыз Шыңжаңда қалды" деген қазақстандықтар бірнеше рет Нұр-Сұлтандағы Қытай елшілігіне де барған.

Қыркүйекте жиырмаға жуық құқық қорғау тобы БҰҰ хат жазып, Шыңжаңдағы мұсылмандарға қысымды геноцид деп тануды сұраған.

Қытай бойынша сарапшы Адриан Зенц пен Associated Press агенттігі зерттеу жүргізіп, "Қытай ұйғыр әйелдер мен мұсылман әйелдердің тууын шектеп, аборт жасауға мәжбүрледі" деп мәлімдеген.

БҰҰ қаулысына сай, ұлтты жоюға бағытталған шаралар геноцид деп танылады.

Австралия стратегиялық саясат институтының (ASPI) 24 қыркүйекте жариялаған зерттеуінде Қытайдың Шыңжаң өлкесіндегі мұсылмандарды ұстайтын лагерьлердің 40 пайызға артқаны айтылады.

Пекин Шыңжаңдағы саясаты үшін халықаралық қауымдастықтан сынға ұшырады. АҚШ Пекинге бірнеше санкция да салды.

Еуропа елдері Қытайдан Шыңжаңға тәуелсіз сарапшыларды кіргізуді талап етеді. Пекин Шыңжаңға БҰҰ мен Батыс елдерінің ресми өкілдерін кіргізбей отыр.

Қыркүйекте 160-тан аса құқық қорғау ұйымы Халықаралық олимпиада комитетіне хат жолдап, 2022 жылғы қысқы олимпиаданы Пекинде өткізу мәселесін қайта қарауды сұраған. Олар "Қытай адам құқығын бұзып отыр" деп санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG