Accessibility links

Депутаттың шамына тиген мақала. "Жала жабу" бабы жаңарғаннан кейінгі алғашқы іс


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты Юлия Миронова журналист Жанар Асылханованы "жала жапты" деп айыптап, полицияға арыз жазды. Бұл - биыл маусымда "жала жабу" бабы Қылмыстық кодекстен Әкімшілік кодекске ауыстырылғаннан кейін елде ақпарат құралы өкіліне қарсы қозғалған алғашқы іс.

Inbusiness.kz порталының журналисі Жанар Асылханованың айтуынша, 29 қазан күні кешкі сағат 17:00-де Өскемен қаласындағы пәтеріне әкімшілік хаттамаға қол қоюды талап еткен учаскелік инспектор келген.

– Бұл аяқ астынан болды: ешкім алдын-ала қоңырау шалған жоқ, адвокат та ескертпеді. Қандай жұмыспен келгенін білу үшін үйге кіргіздім. Ол менің үстімнен хаттама толтыруға келгенін айтты. Жанымда адвокатым болған жоқ. Осыны айтқанымда, "адвокат келуден бас тартты" деді. Адвокат мұны жоққа шығарып отыр.

Журналист Жанар Асылханованың үйіне келген полиция қызметкерлері. Өскемен, 30 қазан 2020 жыл.
Журналист Жанар Асылханованың үйіне келген полиция қызметкерлері. Өскемен, 30 қазан 2020 жыл.

Жанар Асылханова учаскелік полиция қызметкері ұсынған "Қорғаушы қызметі керек емес" деп жазылған хаттамаға қол қоюдан бас тартып, екінші полицей мен куәгерлерді үйге кіргізбей қойған.

Журналистің адвокаты қорғауындағы азаматтың құқығы "өрескел бұзылған" деп есептейді.

– [Конституцияның] 14-бабына сәйкес, ол кәсіби құқықтық көмек алуға құқылы. Ол қорғаудан бас тартып отырған жоқ, өзіне адвокат керегін нақты айтып отыр, – дейді заңгер Лилия Сафина.

Азаттық облыстық полиция департаментіне хат жіберіп, учаскелік полиция қызметкерінің әрекетіне қатысты пікір ала алмады.

БӘРІ НЕДЕН БАСТАЛДЫ?

2020 жылы 17 қыркүйекте Inbusiness.kz порталында Жанар Асылханованың Өскемен қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің жарық диоды бар жол белгілерін қалай сатып алғаны туралы мақаласы жарияланған. Материалға сәйкес, байқаусыз, "бір көзден алу" әдісімен тікелей келісімшарт жасау арқылы өткен тендерде мәслихат депутаттары Юлия Миронова мен Станислав Каримовқа тиесілі "Восток-АвтоПром" фирмасы жеңіске жеткен. Каримов сондай-ақ жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша арнайы мониторинг тобының төрағасы қызметін қоса атқарады.

Бұл тендер қала тұрғындары арасында қызу талқы туғызған. Біріншіден, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі 60 белгі сатып алуға 30 миллион теңге (бір жол белгісі жарты миллион теңгеге шыққан) бөлген; екіншіден, аталған компанияның жол белгісі, дизайнерлік тұғыр мен металдан жасалған сары үшбұрыштан тұратын құрылымды тендерге дейін патенттеп алғаны анықталған (көбі бұл компанияға тендерде басымдық берген деп есептейді). Осындай фактілерден кейін қоғам өкілдерінің сұрағы көбейген.

– Дағдарыс кезінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі қыруар қаржыны желге ұшырып отырғаны қалай? Бұл белгілерді орнату қажеттігі туралы дәйек те айтылмады – бұл ашық дереккөздерден алынған ақпарат. Ал халықтың ақшасын мақсатсыз жұмсаған адамдарды журналистер масқаралаған жоқ. Олар күдікті көрінетін келісімшартқа бару арқылы өз-өзін ұятқа қалдырып отыр. Айтпақшы, комиссия тендерде заңбұзушылықтарға жол берілгенін анықтады, – дейді журналист Индира Какимова.

Какимова мемлекеттік сатып алу тақырыбында сюжет дайындаған. Осыдан кейін журналист жұмыс істейтін телеарнаға Миронова мен Каримовтен шағым түскен.

Бұл мәселе ақпарат құралдарында жарық көргеннен кейін аталған тендерді жемқорлыққа қарсы күрес комиссиясы зерттеген. Комиссия "қаржы тиімсіз жұмсалған" деген қорытындыға келіп, депутаттарға ақшаны бюджетке қайтаруды ұсынған.

Депутат Миронованың журналист Асылханова жазған материалға наразылығы қарапайым талап-арызбен ғана шектелмеді. Журналист материалында "Реттелмеген жүргінші жолдарындағы 20 жерге (2 данадан) қойылатын екіжақты жарық диоды мен жақтауы бар жол белгісі" деген тіркесте "20 жерде" (жүргіншілер – ред.) деген сөз түсіп қалған.

Кейінірек материалға түзету енгізілген.

– Маған немесе редакцияға ешкім хабарласқан жоқ. Сотқа дейін ешқандай талап айтылмады. Материалды өзіміз түзеттік, артынша техникалық қате болғанын ескертіп, жеке материал да жарияладық, – дейді Жанар Асылханова.

Бірақ өзі басқаратын компанияның заңға қайшы әрекетке бармағанын айтқан депутат Юлия Миронованың бұған көңілі толмаған. Ол Әкімшілік кодекстің 73-бабы (жала жабу) бойынша полицияға арыз берген.

– Inbusiness.kz сайтында жарияланған мақалада мен басқаратын компанияның 2019 жылы 17,7 миллион теңгеге екі белгі орнатқаны туралы жалған ақпарат жазылған. Республикалық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде де осы мақалаға сілтеген бірнеше материал жарық көрді. Бірнеше күннен кейін мақала өзгертілді, бірақ менен ешкім кешірім сұраған жоқ. Басқа ақпарат құралдарындағы материалдар өзгеріссіз қалды. Олар "қателік" деп түсіндірген осы жағдайдың кесірінен өте көп кері пікір естідім. Біз өз тарапымыздан редакцияға келісімге келуді ұсындық, бірақ олар бас тартты. Бізге соғыс керек емес, журналисті жазалауды көздеп отырған жоқпыз, өркениетті шешімді қолдаймыз. Қазір біз қарсы тарапты осыған шақырып отырмыз, – дейді депутат.

ЖАЛА ЖАБУ – ӘКІМШІЛІК ЗАҢБҰЗУШЫЛЫҚ

Асылханова депутаттың келісімге келу ниеті туралы сөздеріне таңғалғанын, өйткені ол полицияға бармас бұрын ешқандай келіссөз жүргізбегенін, арызын талабы орындалған жағдайда ғана қайтарып алуға келіскенін айтады.

Журналист пен оның адвокаты арыз беруші талап етіп отырған жазбаша кешірім сұрауды орынсыз көреді.

– Материалдан Мироноваға жала жабылғанын көрген жоқпын. Иә, оның компания директоры және депутат екені рас, бірақ мақалада ақшаны Миронова алды деп жазылмаған. Онда мұндай ештеңе жоқ. Мақала заңды тұлғаларға арналған. Оның үстіне ЖШС орындаушы саналады. Оларға қанша ақша берсе, олар соны жұмсаған. Факт тұрғысынан алғанда, бұл мәселенің оларға қатысы жоқ. Бұл ақша бөлгендерге қатысты. Назар аударатын тағы бір нәрсе: бұл әрекеттің субъективті құрамы жоқ. Тікелей ниет болуы керек. Яғни, журналист біреудің беделін түсіру үшін әдейі жалған ақпарат жариялауы керек, – дейді адвокат Лилия Сафина.

Адвокат сайтта техникалық қате кеткенін, журналист біреуді әдейі қорлағысы келмегенін айтады. 30 қазанда заңгер лингвистикалық сараптама жүргізуге өтініш берген.

Сөз бостандығын қорғау жөніндегі халықаралық "Әділ сөз" қорының президенті Тамара Калеева биыл маусымда "жала жабу" бабы қылмыстық кодекстен әкімшілік кодекске ауысқаннан кейін бірінші рет осындай іс тіркеліп отырғанын айтады. Құқық қорғаушының сөзінше, Жанар Асылханованың жағдайы қордың "жала жабуды" декриминализациялауға қатысты айтқан кері болжамдарының расталғанын көрсетіп отыр.

"Әділ сөз" қоғамдық қорының президенті Тамара Калеева.
"Әділ сөз" қоғамдық қорының президенті Тамара Калеева.

– Қазір соңғы өзгерістерден соң, "жала жабу" бабы бойынша тергеу ісін учаскелік полиция инспекторлары бастайды. Мұндай істің өте күрделі болатыны және оған арнайы білім керегі белгілі. Полиция қызметкерлерінде мұндай білім жоқ. Жанар Асылхановаға қарсы қозғалған іс полицияның "жала жабу" критерийлерін мүлде білмейтінін көрсетті. Полиция журналисті психологиялық азапқа салып отыр.

Тамара Калееваның айтуынша, учаскелік полиция қызметкерлері мұндай іспен айналыспас бұрын, жала жабудың "көрінеу жалған ақпарат" деген басты белгісін түсініп алғаны жөн. Жала жабу туралы хабарлаған адам бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын нақты білуі керек.

– Учаскелік полиция қызметкері бұл істің астарына үңіліп қайтеді? Ол бүгін отбасы дауын, ертең бұзақылық фактісін, арғы күні тағы басқа істі қарайды. Ешкім оларды дайындықтан өткізбейді. Ол қолына хаттама алып, жанына куәгерлер жинап келіп, журналистің зәре-құтын қашырады, болды.

Калеева журналистер құқығын қорғаушылардың жала жабуды азаматтық кодекске ауыстыруды сұрағанын айтады. Қылмыстық және әкімшілік саланы – бас прокуратура, ал азаматтық саланы жоғарғы сот қарайды. Мемлекет үнемі әкімшілік істерге араласып, қудалауға жол берсе, азаматтық дауларда қос тарап дәлелдер ұсыну арқылы соттың алдында өзін қорғауға тырысады.

– Бас прокуратура жала жабуды қылмыстық кодексте қалдыруға қолынан келгенше тырысты. Бізде мұны растайтын көп дәлел, хаттар мен аргументтер бар. Президент саяси шешім қабылдаған кезде жала жабуды қай кодекске ауыстыру туралы бас прокуратурамен кеңескен. Нәтижесінде журналистер кәсіби судьялармен емес, учаскелік полиция қызметкерлерімен жұмыс істеуге мәжбүр, – дейді Калеева.

Құқық қорғаушылар "жала жабу" және "қорлау" бабы бойынша айыптауларды ұнамаған материалдарға қарсы күресте жиі қолданылатын механизмдердің бірі деп санайды. "Әділ сөз" қорының дерегінше, бір ғана 2019 жылдың өзінде ақпарат құралы қызметкерлеріне 26 рет осындай айып тағылған. 10 жылда "жала жабу" бабы бойынша 88 журналист қылмыстық жауапкершілікке тартылған.

P.S. Материал дайындалып жатқанда Жанар Асылханова мен Юлия Миронованың арасында медиациялық келісім жасалғаны белгілі болды. Тараптар келісімшарт мазмұны туралы ақпарат берген жоқ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG