Accessibility links

Түркіменстанда ауыл тұрғындары ауруханада емес, үйде емделгенді жөн көреді


Түркіменстанның көп ауруханасында науқастар дәріні, төсекті, азық-түлікті, тіпті отынды өздері әкелуі керек. Архив суреті.
Түркіменстанның көп ауруханасында науқастар дәріні, төсекті, азық-түлікті, тіпті отынды өздері әкелуі керек. Архив суреті.

Түркіменстанның Лебап және Дашогуз сияқты уәлаяттарында ауылды жердегі тұрғындардың көбі сырқаттанып қалған кездерінде ауруханаға жоламауға тырысады, себебі мемлекетке қарасты ауруханаларда емделетіндей жағдай жоқ деуге болады.

Лебап уәлаятының Дарганта ауданында ауруханада жататын науқастар тіпті жылыну үшін отын мен көрпелерін өздері алып келуі тиіс.

Тұрғындар сонымен қатар үш мезгіл тамағын да өздері әкелуі керегін, себебі жергілікті ауруханалар тамақ бермейтінін айтады.

Түркіменстанда ауылды жерлердегі ауруханалардың көбінде расымен заманауи құрал-жабдық және қажет дәрі-дәрмек жоқ.

Емделушілер дәрі-дәрмекті өздері алып келуге немесе керек дәріні алу үшін дәрігерлерге пара беруге мәжбүр екенін айтады.

Ауыл тұрғындарының көбісі ауруханалар тиісті қызмет көрсете алмайтындықтан, дәрігер жазып берген дәрі-дәрмекті өздері сатып алып, үйде емделгеннен басқа амалы жоғын айтады.

Науқастар укол салу қажет болғанда мейіргерлерге ақша төлеп, үйіне шақыртады. Алайда бұған бәрінің бірдей шамасы жете бермейді. Халықтың көбі жұмыссыз және кедей тұрады.

АЙЫҒАМЫН ДЕП БАРЫП АУРУ ЖҰҚТЫРУЫ МҮМКІН

Азаттық сөйлескен науқастар жоқшылық қысқан адамдардың медициналық білімі жоқ туыстары мен көршілеріне жүгініп, укол салып беруді сұрауы қалыпты жағдайға айналғанын айтады. Уколдың дұрыс салынбауынан кей тұрғындар не ауру жұқтырған не жағдайы одан әрі нашарлаған.

"Халық мұның қауіпті екенін біледі, бірақ олардың [білікті маманға] төлейтін ақшасы жоқ болған соң осылай істеуден басқа амалы жоқ" деп баяндады 10 қараша күні Азаттықтың Лебап уәлаятындағы тілшісі.

Жағдай осындай мүшкіл болуына қарамастан шағымданған, шенеунікке сын айтқан адам жоқ. Өйткені Түркіменстанның авторитарлық режимі сыншылар мен өзгеше ойлайтындарды қатыгездікпен қудалайды.

Қағаз жүзінде Түркіменстанда медициналық қызмет тегін. Мемлекеттік сақтандыру жүйесі азаматтардың мемлекеттік ауруханаларда емделу шығынын жабады. Ал соңғы он жылда Түркіменстанда миллиондаған доллар қаржыға заманауи ауруханалар мен диагностика орталықтары салынды.

Мемлекеттік БАҚ кезінде стоматолог болған ел президенті Гурбангулы Бердімұхамедовтің мәрмәр таспен өрілген заманауи медициналық нысандардың ашылу салтанаттарында жүрген сәтін жиі көрсетеді.

Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов жаңа инфекциялық аурухананың ашылу рәсімінде.
Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов жаңа инфекциялық аурухананың ашылу рәсімінде.

Бірақ шынайы жағдай мемлекет насихаттайтын жылтыраған көріністен мүлдем өзгеше. Жаңа бой көтерген нысандар көбінесе қаңырап бос тұрады немесе ат төбеліндей қалталы топқа ғана қызмет көрсетеді.

СЕНІМНІҢ БОЛМАУЫ

Түркіменстанда қаржысы бар адамдар әдетте шетелде емделеді. Олар көбіне Ресейге, Үндістанға не Түркияға барады.

Ал елде емделуге мәжбүр түркімендер жас дәрігерлердің, әсіресе елдегі медициналық оқу орындарында білім алғандардың біліктілігіне сенбейтінін айтады. Олардың сөзінше, түркімен университеттерінде жемқорлық етек жайған, дайындығы нашар студенттер емтиханнан пара беріп-ақ өте алады.

Ашғабадтағы аурухананың бірнеше дәрігері Азаттыққа түркіменстандық жас мамандардардың көп жағдайда біліксіз екенін, себебі университетте тиісті деңгейде дайындықтан өтпегенін айтады.

Түркіменстанның көптеген ауруханасында ахуал нашар.
Түркіменстанның көптеген ауруханасында ахуал нашар.

Ашғабад ауруханасындағы басқа бір дереккөздер ауруханалардағы кісі өлімдерінің басты себептерінің бірі дәрігерлердің салғырттығы екенін айтады. Азаттық бұл тұжырымның анық-қанығын тәуелсіз дереккөздерден растай алмады.

Соңғы айларда ауруханаға барып Covid жұқтырып алу қаупі Түркіменстанның денсаулық сақтау жүйесіне сақтана қарауды күшейте түсті.

Түркімендердің көбі биліктің елде ешкім коронавирус жұқтырған жоқ дегеніне сенбейді.

"БАҚЫЛАУДАН ШЫҒЫП КЕТКЕН" ПАНДЕМИЯ

Ашғабад бірде-бір Covid жұқтыру дерегін хабарлаған емес. Бірақ аурухана қызметкерлерінің көбі Түркіменстанда пандемия кең таралып, "бақылаудан шығып кетті" деп санайды.

Азаттықтың Дашогуз уәлаятындағы тілшісі халықтың көбі, оның ішінде коронавирус симптомдары барлар ауруханаға дерті меңдеп кеткенде бірақ баратынын, оған жеткізбей баруға қорқатынын айтады.

"Олардың көбуі ауруы асқынып, тыныс ала алмай қалғанға дейін дәрігерлерге қаралмай, үйінде емделеді" деді Азаттық тілшісі 11 қарашада. "Дәрігерлер мұндай жағдайдағы өлімді жүрек талмасы, инсульт немесе қанның ұюынан болды деп тіркейді".

Азаттықтың дереккөздері үкіметтің Түркіменстанда Covid жоқ деген мәлімдемесіне қайшы келмеу үшін ауруханаларға коронавирус диагнозын қоюына тыйым салынғанын айтады.

Билік осы арада аймақтар арасында тұрғындардың қарым-қатынас жасауын тоқтатып, "аса мұқтаждық болмаса" ел аумағында жүріп-тұруына тыйым салу арқылы шектеу шараларын күшейтті.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG