Accessibility links

Украина Шыңжаң қазағы Еркінұлына пана іздеуші тұлға куәлігін берді


Ерсін Еркінұлы.

Украинада "заңсыз шекара кесіп өтпек болды" деп ұсталып, уақытша қамау орталығына жіберілген Шыңжаң қазағы Ерсін Еркінұлына Украина көші-қон басқармасы пана іздеуші тұлға куәлігін берді. Бұл ақпаратты Азаттық тілшісіне Еркінұлының өзі хабарлады. Екінші дереккөз де бұл ақпаратты растады.

Ерсінұлының айтуынша, пана іздеуші куәлігі оған 27 қарашада берілген.

– Мені Украинаның көші-қон басқармасына апарып, 3-4 сағаттай уақыт сұхбат алды. Мен босқын мәртебесін сұрадым. Сосын маған "пана іздеуші тұлға" куәлігін берді. Бұған дейін Қазақстандағы Қайша Ақан, Қастер Мұсахан, Мұрагер Әлімұлы секілді азаматтар алған уақытша құжатты алдым. Осы жерде ұзақ уақыт қалатын секілдімін, - дейді Еркінұлы Азаттыққа.

Қазан айының соңында Украинаның Львов облысында ұсталған 23 жастағы Ерсін Еркінұлы осыған дейін өзін Қытайға депортациялауы мүмкін екенін айтып, ақпарат құралдарынан көмек сұраған еді. "Қытайға қайтсам, мені түрме мен азап, қорлық, өлім күтіп тұр. Сондықтан мені Қазақстанға алып кетіңіздерші" деген еді видеомәлімдемеде Еркінұлы.

Ізінше оған Украинаның "Право на защиту" құқық қорғау ұйымының заңгер тағайындап, көмектесе бастағаны хабарланды. Ұйым заңгерлері 12 қарашада "Еркінұлы жақын арада Украинаға босқын мәртебесін беру туралы өтініш тапсырады, депортация қаупі төніп тұрған жоқ" деп мәлімдеген. Олардың сөзіне қарағанда, босқын мәртебесін беру туралы өтініш түссе, елден шығару процедурасы тұтас тоқтап, саяси баспана беру туралы шешім шыққанға дейін депортация мәселесі шегеріледі. Ал Еркінұлы шетелдіктер уақытша тұратын орталыққа орналастырылады.

"Право на защиту" ұйымы оны Қытайға депортацияламауға "бар күшін салатынын" айтқан.

Қазір Еркінұлының Львов қаласындағы нақты қай мекемеде отырғаны белгісіз. Қараша айының ортасында ол өзін босқын мәртебесін алуға өтініш берген адамдар тұратын орталыққа жіберетінін хабарлаған. Ал өткен аптаның соңында Украина шекара қызметіне қарасты қамау орталығында екенін айтқан. Бірақ Азаттық тілшісі Украинаның аталған органдарынан жауап ала алмады.

Еркінұлының айтуынша, орталықта күніне өзіне үш-төрт сағатқа телефон беріледі. Айтуынша, әзірге жағдайы жақсы. Адвокат тағайындалған.

Осыған дейін келіп түскен ақпарат бойынша, Қазақстаннан азаматтық ала алмай, Түркияға онан әрі Еуропаға өтіп, Киевтің Борисполь әуежайына келгенде құжаттарын жоғалтып алған Еркінұлын украин шекарашылары биыл қазанның соңында Львов облысында "шекараны заңсыз кесіп өтпек болғаны үшін" ұстаған. Бұған дейін сот өтіп, оған айыппұл салған.

Соңғы бірнеше жылда Қытайдың Шыңжаң аймағынан бірнеше этникалық қазақ қашып келген. Олар сол жақтағы қысымға шыдамай, қашуға мәжбүр болғандарын айтқан. Қазақстан билігі жақында төртеуіне босқын мәртебесін берген. Бір-екі жыл бұрын босқын мәртебесіне қол жеткізе алмаған Сайрагүл Сауытбай отбасымен бірге Швецияға қоныс аударған еді.

Біріккен Ұлттар Ұйымының есебінше, 2017 жылдан бастап Шыңжаңда тұратын бір миллионға жуық ұйғыр, қазақ, қырғыз және басқа да мұсылман "қайта саяси тәрбиелеу" лагерьлеріне қамалған. Пекин бұл орындарды "терроризммен күрес орталығы" деп атаған. Құқық қорғаушылар мен куәгерлер лагерьлерде азаптау, қысым жасау, зорлық-зомбылық, мәжбүрлі түрде жұмыс істету сияқты адам құқығын өрескел бұзу фактілері барын айтады.

Бұған дейін лагерьлерде отырып шыққан қазақтар Қазақстанға оралған соң Шыңжаңдағы қудалау жайлы деректерімен бөліскен. Олардың айтқандары әлемдік БАҚ беттерінде де жарияланды. Халықаралық қауымдастық Қытайдың Шыңжаңдағы саясатын жиі сынайды.

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG