Accessibility links

Бес қыздың қазасына екі жыл. Елді мұңайтқан қайғылы оқиғаны еске алсақ


Екі жыл бұрын өрттен қайтыс болған бес қыздың зираты. 3 ақпан 2021 жыл.
Екі жыл бұрын өрттен қайтыс болған бес қыздың зираты. 3 ақпан 2021 жыл.

Осыдан тура екі жыл бұрын Астананың (қазіргі – Нұр-Сұлтан) Көктал-1 елдімекенінде көмірмен жылынатын жер үйде өрт шығып, бір отбасының бес қызы көз жұмды. Бұл қайғылы оқиға қоғамда резонанс туғызып, биліктен елдегі көп жылдан бері қордаланған әлеуметтік проблемаларды шешуді талап еткен аналар наразылығына түрткі болды.

2019 ЖЫЛЫ 4 АҚПАНДА НЕ БОЛДЫ?

2019 жылы 4 ақпанға қараған түні Астананың (қазіргі Нұр-Сұлтан) шетіндегі Көктал-1 елдімекеніндегі шағын жер үйде өрт шығып, Евгений және Жанымгүл Ситердің бес қызы – Бақыт, Алина, Сабина, Элина мен Альбина қазаға ұшырады. Олардың үлкені 12 жаста, ал кенжесі тоғыз айлық еді. Өрт болғанда қыздардың ата-анасы түнгі ауысыммен жұмысқа кеткен еді. Өрт сөндірушілер бес қыздың денесін жанып кеткен жер үйдің ішінен алып шыққан.

Өрт болған үй. Көктал-1 елдімекені, Астана, 4 ақпан 2019 жыл.
Өрт болған үй. Көктал-1 елдімекені, Астана, 4 ақпан 2019 жыл.

5 ақпанда өрттен опат болған бес қызды жерлеу рәсіміне жүздеген адам жиналды. Қара жамылған шаңыраққа көмектесуді ұйғарған жұрт қыздардың ата-анасына ақша аударды. Жергілікті мешіт Ситер отбасына пәтер сатып әперді.

Көршілері Ситерлер отбасының пәтері болмағанын, бес баласын асырау үшін түнде де жұмыс істегенін айтқан еді. Қала әкімдігі 5 ақпанда Ситерлер отбасы "әкімдіктен көмек сұрамады, үй кезегінде тұрған жоқ. Көп балалы отбасы ретінде жәрдемақы алып отыр" деген.

Өрттен қаза болған балалар жерленді
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:36 0:00

БЕС ҚЫЗДЫҢ ҚАЗАСЫНАН КЕЙІНГІ НАРАЗЫЛЫҚТАР

6 ақпанда астаналық көп балалы әйелдер жиналып, билікке бірнеше талап қойды. Олардың негізгі талабы көп балалы отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету және шаңырақтағы әр балаға айына 29 мың теңге (сол кездегі ең төменгі күнкөріс деңгейі) жәрдемақы төлеу болды.

Кейін көп балалы әйелдер наразылығы Алматы, Шымкент, Ақтөбе және басқа аймақтарда жалғасты. Наразы әйелдер әкімдіктерге барып, әкіммен кездесуді талап етті. Олар "биліктің құрғақ уәделері мен пайдасыз бағдарламалардан шаршағанын" айтты.

Астанада бес бала өртенген оқиғаға екі жыл болды
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:10 0:00

Билікке талап айтқан әйелдер пәтер жалдап тұратындарын, баспана алуға шамасы жоғын айтты. Олар "халықтың мәселесін шешпеген" үкіметті оставкаға жіберуді талап етті. Наразылардың арасында елдің сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың биліктен кетуін талап еткендер де болды.

ҮКІМЕТ ОТСТАВКАСЫ ЖӘНЕ АӘК ЖЫРЫ

Елде әйелдер наразылығы үдеген тұста, 2019 жылы 21 ақпанда Қазақстан президенті Назарбаев Бақытжан Сағынтаев басқарған үкіметтің жұмысын сынап, отставкаға жіберді. Назарбаев Сағынтаев басқарған министрлер кабинетін "халыққа қызмет қыла алмады", "экономиканы өсіре алмады", "әлсіз болды" деп сынады.

Сағынтаев қызметтен босатылған соң жасаған мәлімдемесінде "тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің негізін қалап, бүгінгі биіктерге жеткізген" Назарбаевқа алғыс айтты.

Кейін Назарбаев премьер-министр қызметіне Сағынтаевтың орынбасары болған Асқар Маминді (үкіметті қазір де басқарып отыр) тағайындады. Жаңа үкіметте тек бес министр ғана ауысты. Бес қыздың өлімінен кейін қоғам сынына ұшыраған еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова орнынан кетіп, бұл ведомствоны басқаруға Бердібек Сапарбаев келді.

28 ақпанда Назарбаев өзі басқаратын биліктегі "Нұр Отан" партиясының съезінде көп балалы отбасындағы әр балаға 21 мың теңге атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) төленетінін айтты. Билік 2020 жылдың соңына дейін көп балалы шаңырақтағы әр балаға 21 мың теңге төлеп келген. Біраз уақыт өткен соң билік басындағылар "елде үкіметке қол жаятындар" көбейіп кеткенін, "масылдық артып бара жатқанын" айта бастады. Артынша үкімет жәрдемақы мен АӘК төлеу шартын өзгертіп, мұны парламент пен қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев қолдады.

Қазір мемлекет төрт балаға - 42 496 теңге, бес балаға - 53127 теңге, алты балаға - 63 757 теңге, жеті және одан көп балаға 74 388 теңге жәрдем береді.

Көп балалы әйелдер үкіметтен әр балаға 21 мың теңге төлеу әдісін қайтаруды бірнеше рет талап еткенімен, билік бұған құлақ аспай келеді.

Көп балалы аналар екі жылдан бері билікке әлі талап айтып жүр. Олар бірнеше рет ел астанасындағы президент резиденциясы Ақордаға бармақ болғанда жолын арнайы жасақ бөгеген. Наразы әйелдер былтыр министрлер үйінің алдына түнеп, оларды полиция күштеп әкеткен.

2020 жылы желтоқсанда қазақстандық басылымдар бес қызынан айырылған Ситерлер отбасында ұл бала дүниеге келгенін хабарлады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG