Accessibility links

Алматыда Қытай консулдығы алдында тағы наразылық акциясы өтті


Қытайдың Алматыдағы консулдығы алдында Шыңжаңдағы туыстарына іздеу салып, пикет өткізіп тұрған адамдар. 9 ақпан 2021 жыл.
Қытайдың Алматыдағы консулдығы алдында Шыңжаңдағы туыстарына іздеу салып, пикет өткізіп тұрған адамдар. 9 ақпан 2021 жыл.

9 ақпанда Қытайдың Алматыдағы консулдығы алдында 8 адам Шыңжаңда қалған туыстарына іздеу салып, наразылық акциясын өткізді. 8 адамның бесеуінің туысы (күйеуі, ұлы немесе бауыры) Қытайда түрлі "негізсіз" айыптармен ұзақ жылдарға сотталған, Қытай билігі екеуінің құжаттарын тартып алғандықтан Қазақстанға өте алмай отыр.

- Баласынан айырылған әке. Жолдасынан ажыратылған әйелдер. Әйелдерден айырылған ер адамдар. Қазақстан билігі Қытаймен доспыз дейді. Ендеше сол досымен бірігіп, неге осы мәселені шеше алмайды? Неге отбасыларды біріктірмейді? Қытай геноцид саясатын тоқтатсын! - деп айқайлады ашынған әйелдер.

Олардың арасында қол арбамен келген екінші топ мүгедегі 74 жастағы Сарқытхан Қыдырбайқызы да болды. 14 құрсақ көтерген кейуананың сөзіне қарағанда, Қытай билігі "себептен-себепсіз ұлының төлқұжатын тартып алған". Енді ол шекарадан бері қарай өте алмай отыр.

- Ұлымды көрмегелі 4 жылдың жүзі болды. Төлқұжатты қолына беріп, жіберсе деп отырмын. Баламды көріп өлсем арманым жоқ, - дейді Сарқытхан Қызырбайқызы. Көзі нашар көретін кейуана Алматыда келінінің қолында тұратынын, кейде жалғыз қалып, көмекке зәру болып қалатынын да жеткізді.

Жиналғандар арасында кеше, 8 ақпанда Қытайда қалған туыстарын іздеп, консулдық алдында наразылық өткізгендер де болды. Солардың бірі Нұрзат Ермекбай бауыры Бірлесбек Ермекбайдың Қытайда "жазықтан-жазықсыз 12 жылға сотталып кеткенін" айтып налыды.

- Жазықтан-жазықсыз кетіп отыр ғой. Егер қылмысы болса, ішкі Қытайға барар ма еді? Міне, мына суретте Пекинде жүр. Ол төңкеріс жасады ма? Біреуді өлтірді ме? Жоқ. Қарапайым күн көріп жүрген, өздері сайлаған молда болды. Сол мұсылмандығы үшін соттады, - дейді Нұрзат Ермекбай.

Қытайдың Алматыдағы консулдығы алдында пикет өткізіп тұрған адамдар. 9 ақпан 2021 жыл.
Қытайдың Алматыдағы консулдығы алдында пикет өткізіп тұрған адамдар. 9 ақпан 2021 жыл.

Әдеттегідей бұл жолы да жергілікті әкімдіктен қызметкер келіп, әйелдерге шараның "заңсыз" екенін түсіндіріп ескертті. Бірақ жиналғандар оның сөзін елеген жоқ. "Сіз бұл наразылардың мәселелерінен хабардарсыз ба?" деген Азаттық тілшісінің сұрағына әкімдік өкілі жауап бермеді.

Басында күзетшілер наразылық акциясын тек бақылап тұрған. Сәлден соң іштен консулдық қызметкері шығып, күзетшілерге қолын сермеп қандай да бір нұсқаулық бергендей болды. Содан кейін күзетшілер әйелдер мен ақпарат құралдарының өкілдерін консулдық маңынан итеріп, тықсыра бастады.

Оқиғаны полиция қызметкерлері сырттай бақылап тұрды.

Кейінгі кезде Шыңжаңдағы туыстарын іздеген азаматтар Қытай консулдығы алдында жиі пикет өткізіп жүр. Кеше, 8 ақпанда да консулдық алдында осыған ұқсас акция өткен. Былтыр Қытайдың Нұр-Сұлтандағы елшілігі алдында да осындай наразылық өткен. Наразылар елшілік пен консулдықтан жиі жауап айта алмай қайтады.

Қарай отырыңыз: "Жақындары Қытайда қамалған" үш әйел консулдыққа келді. Күзетшілер оларға кедергі келтірді

"Жақындары Қытайда қамалған" үш әйел консулдыққа келді. Күзетшілер оларға кедергі келтірді
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:50 0:00

Қытай Шыңжаңда лагерьлер ашып, оған ұйғырлар, қазақтар және басқа да мұсылмандарды қамап жатқаны жайлы ақпарат 2017 жылы тарай бастаған. 2018 жылы жазда БҰҰ "Шыңжаңдағы лагерьлерде бір миллионға жуық ұйғыр, қазақ және басқа да мұсылман отыр" деп мәлімдеген. Қытай билігі басында лагерьлердің барын жоққа шығарып, кейін бұл жерлерді "терроризм мен экстремизммен күресетін және кәсіп үйрететін орталық" деп сипаттаған.

Бұған дейін лагерьлерде отырып шыққан қазақтар Қазақстанға оралған соң Шыңжаңдағы қудалау жайлы деректерімен бөліскен. Олардың айтқандары әлемдік БАҚ беттерінде де жарияланды. Халықаралық қауымдастық Қытайдың Шыңжаңдағы саясатын жиі сынайды. Ал Қытайға экономикалық жағынан тәуелді Қазақстан билігі Пекинің бұл саясаты жайлы ашық айта бермейді.

Шыңжаңдағы "саяси лагерьлермен" қатар Қытайда "бұлыңғыр айыптар" бойынша сотталды делінген этникалық қазақтар жайлы ақпарат та жиіледі. Былтыр қыркүйек айында Қытайда "Қазақстанмен байланысты", "Қытай тұтастығына қауіп төндірді" деген айыппен үш этникалық қазақтың өмір бойына сотталғаны белгілі болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG