Accessibility links

"Аузына қақпақ қойып, қол-аяғын тұсау". Жұмыссыз белсенді Әлнұр Ильяшевтың бір күні


Азаматтық белсенді Әлнұр Ильяшев Алматыдағы жұмыспен қамту орталығына келген сәт.
Азаматтық белсенді Әлнұр Ильяшев Алматыдағы жұмыспен қамту орталығына келген сәт.

Бір жыл бұрын Алматының тергеу абақтысынан шыққан азаматтық белсенді Әлнұр Ильяшев соттың оған шығарған үкімін "ауыз жабудың заңдастырылған тетігі" деп атаған. Сот оның бостандығын шектеп, қоғамдық жұмыс істеуді міндеттеген. Бес жылға дейін қоғамдық қызметпен айналысуына тыйым салған. Қазір сол үкім аузына қақпақ, аяғына тұсау болған белсенді мамандығы бойынша жұмыс істеу мүмкіндігінен айырылған.

43 жастағы Әлнұр Ильяшевтың төрт жоғары білімі бар. Заңгер, педагог-психолог, дінтанушы, іскерлік басқару саласының магистрі ешбір мамандығы бойынша жұмысқа тұра алмай жүр. Өйткені биліктің пікірінше, аталған мамандықтар бойынша жұмыс істеу қоғамның саяси, мәдени, кәсіби қажеттіліктеріне ерікті түрде қызмет ету, яғни қоғамдық қызмет болып бағалануы мүмкін. Ал сот белсендіге қоғамдық қызметпен айналысуға тыйым салынған.

"АБАҚТЫДАН ШЫҚҚАН СОҢ АУЛА СЫПЫРУШЫ БОЛЫП ІСТЕДІМ"

Сот "төтенше жағдай кезінде көрінеу жалған ақпарат тарату" бабы бойынша (айыптауға белсендінің Facebook парақшасында билік партиясы "Нұр Отанды" және үкіметтің коронавирус індетіне қарсы шараларын сынаған жазбасы негіз болған) кінәлі деп тапқан Әлнұр Ильяшевпен ол тұратын үйдің алдында кездестік. Алматының орталығындағы көпқабатты үй. Таңғы уақыт.

Белсенді Әлнұр Ильяшев өзі тұрып жатқан көппәтерлі үйдің алдында тұр.
Белсенді Әлнұр Ильяшев өзі тұрып жатқан көппәтерлі үйдің алдында тұр.

Әлнұр подъезден қолына қоқыс салынған пакет пен құжат толы папка ұстап шықты. Пакетті қоқыс жәшігіне тастап, телефонға ақша салу үшін жақын маңдағы терминалға қарай жүрдік.

– Телефонға мобильді қосымша арқылы ақша салған оңай емес пе? – дедім қазір көп адам төлем терминалын пайдалана бермейтінін меңзеп.

– Иә, солай жасауға болар еді. Бірақ барлық шотым бұғатталған, – деді Әлнұр.

Ильяшев бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың партиясы "Нұр Отанды" сынағаны үшін екі рет жауапқа тартылған. Бірінші рет азаматтық іс бойынша сот өткен. 2019 жылы күзде сот партияның алматылық үш белсендіге (олардың қатарында Ильяшев та бар) қарсы "жалған ақпарат таратты" деген айыппен берген арызын қанағаттандырған. Судья белсенділерді осыған дейін жариялаған ақпаратын теріске шығарып, партияның "беделімізге нұқсан келді" деген төрт мүшесіне моральдық шығынның өтемі ретінде бір жарым миллион теңгеден (шамамен 3875 доллар) төлеуге міндеттеген.

Ильяшев содан бері қаржы мүмкіндігі болған кезде билік партиясына қарызын өтеп келеді.

Таңертеңгі 10-дар шамасы. Банк. Әлнұр менеджердің терезесіне жақындап, папкасынан қағаздарын алып, әмиянынан ақша шығарды. Қолындағы қағазы мен ақшасын менеджерге беріп, бір нәрсені түсіндіруге көшті.

– Менде осындай наразылық формасы бар: жалақы алған бойда "Нұр Отанға" беремін. Бірінші жалақымды (32 мың теңге) түгел "Нұр Отанға" аудардым. Кейін жалақымның жартысын беретін болдым. Қалғанын өз шығыныма бөлемін. Қолыма таза 46 мың теңге алатынмын. Екі күн демалып, бір тәулік жұмыс істейтінмін. Кейін менімен ауысып істейтін адам жұмыстан шығып кетті де, оның орнына да жұмыс істеп, 69 мың теңге алатын болдым. Бүгін міне 30 мың теңге аудардым, – деді Әлнұр көшеге шыққаннан кейін.

Әлнұр Ильяшев банкке келіп, сот үкімі бойынша "Нұр Отан" партиясына ақша аударып тұр.
Әлнұр Ильяшев банкке келіп, сот үкімі бойынша "Нұр Отан" партиясына ақша аударып тұр.

Әлнұрдың партияға енді қашан ақша аударатыны белгісіз, өйткені ол жақында жұмыссыз қалған. Оған дейін Ильяшев қонақ үйде аула сыпырушы болып істеді.

– Бұрын жақсы ақша табатынмын. 2010-жылдары орташа есеппен алғанда екі мың доллардан сәл аз жалақы алып жүрдім. Ол кезде "мұнай саласында" істедім. Кейін мектепте мұғалім болдым, ол жақтан 2016 жылы желтоқсанда кеттім. Тергеу абақтысынан шыққаннан кейін істеген бірінші және соңғы жұмысым – осы, аула сыпырушы болу. Кейін "конторадан" адамдар келді. Олар кеткеннен кейін бастығым шақырды. Барсам, "Кеше "контораның" басшылығынан, ұлттық қауіпсіздік қызметінен адамдар келді, сен туралы сөйлесіп, сұрақтар қойды, қазір директорға кір" деді. Кірдім. Директор немен айналысып жүргенімді сұрады. "Бізге мәселе керек емес" деді. Бәрін түсіндім де, "Жұмыстан шығу туралы арыз жазайын ба?" деп сұрадым. "Иә, арыз жаз, бірақ наурыздың соңына дейін жұмыс істей тұр" деді. Содан бері жұмыс іздеп жүрмін, — дейді Әлнұр (Азаттық Ұлттық қауіпсіздік комитетінен пікір ала алмады).

Қағаз жүзінде Ильяшевқа өз мамандығы бойынша жұмыс істеуге тыйым салынбаған. Бірақ іс жүзінде белсендіге тек кәсіби біліктілікті қажет етпейтін жұмыспен ғана айналысуға болады.

– Жұмыспен қамту орталығындағылар сот үкімін оқып, мамандығым бойынша жұмыс істеуге құқығым жоғын айтты. "Жұмыс іздеп көреміз, өтініш жіберіңіз" деді. Қара жұмысшы болуды ұсынды. Жақында жұмыспен қамту орталығының жолдамасымен кезекті жұмыс орнына бардым. Сотталғанымды ескертіп, не үшін жауапқа тартылғанымды айттым. Жұмысқа алудан бас тартты. Баспаханадағы жұмыс еді, – дейді Әлнұр.

ҚАТАҢ БАҚЫЛАУДАҒЫ ӨМІР

Алматының Медеу аудандық полиция басқармасының ғимаратына қарай келеміз. Ильяшев жиі барып, "белгіленіп" тұратын пробация қызметі осында орналасқан. Әлнұр "газет алу керек" деп, газет-журнал сататын дүңгіршектің жанына тоқтады. DAT газетін сатып алды.

– Бұл дәстүрге айналып кетті. Күзден бері газет сатып алып, пробация қызметінің өкілдеріне апарып беремін. Ондағы қызметкерлерді де тәуелсіз ақпаратпен қамтып, ағарту керек. Олар да үйреніп қалды, кейде "Газет қайда?" деп сұрайды, – дейді ол.

Әлнұр Ильяшев айына екі рет пробация қызметіне "белгіленуге" келгенде оның қызметкерлеріне өзі арнайы сатып алған DAT газетін ала баруды әдетке айналдырған. "Оларды тәуелсіз ақпаратпен қамтып, ағарту керек" дейді белсенді.
Әлнұр Ильяшев айына екі рет пробация қызметіне "белгіленуге" келгенде оның қызметкерлеріне өзі арнайы сатып алған DAT газетін ала баруды әдетке айналдырған. "Оларды тәуелсіз ақпаратпен қамтып, ағарту керек" дейді белсенді.

Ильяшев пробация қызметіне айына екі рет барады. Сотталған азаматтар қағаз толтыратын залға кіреберісте жұрт кезекте тұр. Есепте тұрған азаматтарды бірден танитын полиция формасындағы қызметкер карантин мен санитарлық шектеуге сілтеп, ғимараттан шығуымды өтінді. Ильяшевты сыртта күттім. Басқа азаматтар 10-15 минутта қағаз толтырып, тез шығып жатыр. Әлнұр әлі жоқ.

– Менің қосымша жазам бар: бір құжат артық толтырамын. Соңғы уақытта не істеп, не істемегенімді жазамын. Мұндайды сотталған адамның бәрі бірдей жаза бермейді. Пробацияда жүргендер жай ғана қағаз толтырады. Ал маған белгілі бір қызмет түрімен айналысуға тыйым салынған. Сондықтан ол бойынша да есеп жүргізіледі. Жалпы алғанда, екі папка, – дейді Әлнұр іште неге ұзақ бөгелгенін түсіндіріп.

Әлнұр пробация қызметі әлеуметтік желідегі, мысалы, Facebook парақшасындағы белсенділігін бақылап отыратынын, үйіне тексерумен келетінін айтты.

– Айына кемі бір рет, аяқ астынан, әдетте кешкі уақытта келеді. Оларға бастысы, қаланың сыртына шығып кетпесем болды. Көкжайлауға баратын болсам да, "таза ауамен тыныстағым келеді, мынадай уақытқа дейін келемін" деп ескертуім керек. Қатаң бақылауда ұстайды. Өткен жолы жұмыс пен ауруханадан басқа жерге шығуға тыйым салып, қатаң шектеу енгізбек болды. Бірақ мен түнгі ауысымда жұмыс істейтіндіктен, кешқұрым көшеге шығуға құқығым барын дәлелдеп шықтым.

"НҰР ОТАННЫҢ" ТӨҢІРЕГІ

"Нұр Отан" партиясының Алматы қалалық филиалына бардық. Әлнұр сот шешімімен төлеп жүрген ақшасының қайда жұмсалып жатқанын сұрамақ болды.

– Олар сот процесін жеңген кезде [2019 жылы қарашада] "өтемақыдан түскен ақшаны қайырымдылыққа жұмсаймыз" деді. Біздің ақшамыздың қандай қайырымдылыққа кетіп жатқанын білгім келеді. Бізден алты миллион теңге талап етіп отыр. Санавар екеуіміз (Санавар Закирова – сотта жауапқа тартылған үш белсендінің бірі – ред.) екі миллионнан көп ақша жинап үлгердік. Қарыздың көп бөлігін әрине, Санавар жинады. Жалпы сома тым көп. Оның үстіне, бізді ешқашан көрмеген адамдарға өтемақы төлеуге міндеттеді, – дейді Әлнұр.

Әлнұр Ильяшев "Нұр Отан" партиясының Алматыдағы кеңсесінің алдында тұр.
Әлнұр Ильяшев "Нұр Отан" партиясының Алматыдағы кеңсесінің алдында тұр.

Әлнұрдың алдынан шенеуніктің күнделікті киіміне ұқсас костюм киген жас жігіт шықты. Ильяшев одан "Нұр Отанға" жіберген өтінішінің жайын сұрады. "Нұр Отан" қызметкері біліп келуге кетіп, 20 минуттан кейін оралды. Кейін тағы бір жаққа кетіп, тағы жарты сағат күттірді. Соңында Әлнұрдың өтінішіне жауап поштамен жіберілгенін, жақында хат баратынын айтты.

"Нұр Отан" партиясынан шығып, қарсы беттегі аумақтық сайлау комиссиясына бардық. 7 сәуірде Ильяшев баспасөз конференциясын өткізіп, прокуратураны жергілікті өкілдік органға сайлау қорытындысын тексеруге шақырған. Белсенді тәуелсіз бақылаушылардың дерегі мен "Нұр Отан" партиясының басым дауыспен жеңіске жеткені туралы ресми нәтиженің арасында сәйкессіздік көп екенін айтқан.

– Оларға тексеруге материал бердік. Жауабы қашан дайын болатынын білгім келеді. Бас прокуратураға қылмыс жасалған болуы мүмкін деп хабарладым. Біз Алматыдағы 66 сайлау учаскесіндегі тәуелсіз бақылауға сараптама жүргізіп, бұл деректердің ресми нәтижеге сай келмейтінін анықтадық. Тәуелсіз бақылаушылардың есебі бойынша, "Нұр Отан" алты артық орынға ие болған (Алматы мәслихатынан "Нұр Отан" – 29, "Ақ жол" – төрт, Қазақстан халық партиясы – үш, "Ауыл" – үш мандат алған). Прокуратураның аумақтық сайлау комиссиясы [қаңтарда өткен депутаттарды] сайлау кезінде заңбұзушылықтар болған-болмағанын өзі тексерсін деген мақсатпен хат жібергені туралы жазба жарияладым. Ал біз аумақтық сайлау комиссиясының әрекетін тексеруді сұрап отырмыз, – дейді белсенді.

Әлнұр Ильяшев Алматыдағы аумақтық сайлау комиссиясы ғимаратының алдында тұр.
Әлнұр Ильяшев Алматыдағы аумақтық сайлау комиссиясы ғимаратының алдында тұр.

Аумақтық сайлау комиссиясы ғимаратының екінші қабатына көтерілдік. Әлнұр бір кабинеттің есігін қақты. Есікті ашып, кірместен:

– Саламатсыз ба? Сіздерге прокуратурадан хат келді ме? – деп сұрады.

– Заң бойынша… күн ішінде [іштегі әйелдің дауысы әзер естіледі].

– Жақсы, рақмет, – Әлнұр есікті жапты.

"МАМАНДЫҒЫМ БОЙЫНША ЖҰМЫС ЖОҚ". ҚОҒАМДЫҚ ЕҢБЕК

Жұмыспен қамту орталығына бардық. Сағат 13:00. Әлнұр кезегі келгенше күтіп, компьютердің алдында отырған орталық қызметкеріне барды. Соңғы жұмыс орны – қонақ үйден алған мінездемесі жайлы айтты.

– Жақсы мінездеме алу мәселесі бойынша пробация қызметкерлеріне бару керек шығар. Жауапқа тартылған адамның портретін солар қалыптастырады ғой. Бізде квота бойынша 200-ден астам жұмыс орны бар. Қажет болған жағдайда квота санын көбейтеді. Пробация қызметіне хат жібердік. Олар пробацияда тұрған адамдардың ішінде осынша азаматқа жұмыс керек деген ақпарат берді. Соларға арнап квота бөлдік. Әділет министрлігіне бердік. Олар қол қоюы керек. Күтіп отырмыз, – деді орталық қызметкері.

Ол тізімді көрсетті. Тізімдегі 70 компанияның көбі – өндіріс нысаны.

– Менің мамандығым бойынша ештеңе жоқ, кәсіби біліктілікті қажет етпейтін жұмыстар, мысалы, жүк тасушы қызметі бар, – дейді Әлнұр тізімді көрсетіп.

Белсенді Әлнұр Ильяшев (оң жақта) Алматыдағы жұмыспен қамту орталығына жұмыс іздеп келіп тұр.
Белсенді Әлнұр Ильяшев (оң жақта) Алматыдағы жұмыспен қамту орталығына жұмыс іздеп келіп тұр.

Белсенді мемлекет сотталғандарға жұмыс беруге мүдделі екенін, бірақ оларды интеллектуалды еңбекке жолатпауға тырысатынын айтады.

– Қылмыстық іс бойынша сотталғандарға оларды қоғамға араластырып, тура жолға салу үшін жұмыс тауып береді. Мемлекет оларды жұмыспен қамтуға мүдделі. Өз көргенім бойынша, мемлекет саяси негізде жауапқа тартылғандардың да бос жүрмей, еңбек еткенін қалайды. Бірақ оларға қандай жұмыс тауып береді? Күнделікті қайталанатын, өнімділігі аз жұмыс. Әйтеуір қолы босамай, ауыр жұмыстан соң үйге өлердей шаршап келсін, кешкісін жазба жариялауға күш-қуаты мен уақыты қалмасын деп ойлайтын сияқты. Олардың әрекеті осындай әсер қалдырады, – дейді Әлнұр.

Жұмыспен қамту орталығынан шықтық. Көшеде кетіп бара жатқанымызда, Әлнұр түрлі адамдармен амандасып үлгерді. Олар Әлнұрды алыстан, тіпті бетінде маска болса да танып қояды.

– Жұмыс іздеп жүргенімде [жұмыспен қамту орталығына] жиі келіп, жолдама алып тұратынмын. Жұмыс берушімен сөйлесуге баратынмын. Төрт жұмыстың үшеуі қабылдамайды. Барлық кезде сотталғанымды алдын-ала айтамын. Әдетте не үшін сотталғанымды және немен айналысатынымды білген кезде жұмысқа алмай қояды, – дейді белсенді.

Әлнұрдың "Нұр Отанға" қарызын төлеу кестесін белгілеу үшін сот орындаушысына бардық. Ол орнында жоқ екен.

– Түстен кейін басқа шаруам шығып қалмаса, үйде боламын. Кітап оқимын, интернеттен материалдар қараймын, – дейді Әлнұр.

Ильяшев зейнетке шыққан ата-анасымен бірге тұрады. Өз баспанасы жоқ, әйелімен ажырасқан кезде пәтерін қызына қалдырған.

– Отбасыммен тұратыным көп көмек болды: ата-анам зейнетақы алады, өмір сүруге жетеді. Жалғыз тұрсам, әрине, қиын болар еді. Тамақтан бөлек шығындар да бар. Жұмыссыз болсаң да, өзіңе қарау керек. Таныс тіс дәрігеріме жиі барып, тексеріліп тұрамын. Ол маған жеңілдік жасап береді. Әзірге демалуға баратын мүмкіндік жоқ. Бір жаманы, бұрынғыдай кітап сатып алуға ақшам жетпейді, – дейді ол.

Әлнұр Ильяшев жұмыспен қамту орталығынан бұл жолы да жұмыс таба алмай қайтты.
Әлнұр Ильяшев жұмыспен қамту орталығынан бұл жолы да жұмыс таба алмай қайтты.

Белсенді интернеттен жұмыс іздемейді. Сот үкімін ескеріп, мемлекет берген жұмысты істеген дұрыс деп есептейді. Туыстарына қиындық туғызбау үшін, олардың компаниясына жұмысқа барғысы келмейді.

– 2020 жылы сәуірде мені туысымның кеңсесінде ұстады [осыдан кейін тергеу абақтысына қамап, кейін сот болды]. Бүкіл техниканы, кеңседегі барлық құжатты алып кетті. Сот басталғанша туысым компьютерсіз отырды, жұмысы тоқтап қалды. Жедел іздестіру шараларын жүргізген кезде мені ол кеңседен сырттағы бақылау камерасы арқылы тауып алған. Аула сыпырушы болып істеген кездің өзінде ол жаққа [органнан адамдар] келіп тұрды, – дейді Әлнұр.

Ильяшев мамырдан бері сот үкімінде өзіне міндеттелген қоғамдық жұмысты істеп жүр. Ол бұл туралы Facebook парақшасында күнделік жүргізеді. 7 мамырда Әлнұр раушан гүлдің түбіндегі арам шөпті жұлған. Бұл жазбада метафора көп: "Жемқорлық пен қоғамға зиян нұр-саяси идеялар қолайлы жағдайда (биліктің қамқорлығы) тез өсетін арамшөп сияқты лезде қаулап, бос жерді басып алады; одан құтылу үшін түп-тамырымен (жемқор әрі диктаторлық идеологиямен бірге) жұлып тастаған жөн".

Сот үкімінде Әлнұр Ильяшевқа 100 cағат қоғамдық жұмыс істеу міндеттелген. Белсенді әлі 84 сағат жұмыс істеуі керек.

Әлнұр Ильяшев сот үкімінің кесірінен жұмыс істей алмай жүр (28 сәуір 2021 ж.)

Белсенді Ильяшев сот шешімінің кесірінен жұмыс істей алмай жүр
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:47 0:00

Ильяшевқа шығарылған сот үкімін Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының демократиялық институттар мен адам құқықтары жөніндегі бюросы, АҚШ мемлекеттік департаменті, сондай-ақ Amnesty International, Human Rights Watch сияқты бірнеше халықаралық құқық қорғау ұйымы сынаған. Олар Қазақстан билігін "әділетсіз" сот шешімінің күшін жойып, белсендінің азаматтық құқығын қалпына келтіруге үндеген.

Ильяшевтың ісін голливудтық актер Джордж Клуни мен оның әйелі заңгер Амаль Клуни құрған Клуни қоры әділеттілік үшін (CFJ) құқық қорғау ұйымы бақылауына алған. Қор белсендіге шығарылған сот үкімінде "анық емес шарттар" қамтылғанын, Ильяшевтың қоғамдық қызметпен айналысу құқығын әсіре шектеу "пікір білдіру еркіндігін бұзатынын" мәлімдеген.

Құқық қорғаушылар соттан Ильяшевқа шығарылған үкімнің сипаты мен әсер ету аясын түсіндіруді бірнеше рет сұрап, билікті сынау қылмысқа жатпайтынын айтқан. Адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюроның директоры Евгений Жовтис сот қоғамдық қызметпен айналысуға салынған тыйымның қандай қызмет түріне қолданылатынын нақты көрсетуі керек деп есептейді.

– Бұл құқықты асыра пайдалану, саяси мақсатта құқықты асыра пайдаланудың классикалық үлгісі. Бұл әдіс азаматтық белсенділерге қарсы қозғалған істердің 99 пайызында қолданылады. [Саяси баптар] саяси қарсыластарды жазалау және ары қарай қудалау үшін пайдаланылады, – дейді Жовтис.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG