Accessibility links

Еңбек мигранттары Ресейден Қазақстанға ойысып жатыр


Шетелдік еңбек мигранттары және Қазақстан полициясы қызметкерлері. Көрнекі сурет.
Шетелдік еңбек мигранттары және Қазақстан полициясы қызметкерлері. Көрнекі сурет.

Ұшақ билеті де, жұмыс істеуге рұқсат алу да қымбат болғандықтан, бұрын Ресейде еңбек етіп келген мигранттар Қазақстанға ойысқан. Аймақтың ең ауқатты елі саналатын Қазақстанда қара жұмысшыға сұраныс күшті болып тұр.

Өзбекстанның шығысындағы Қоқанд тұрғыны Дилшодбек он жылдай Ресейде жұмыс істеп келген.

Биыл ол көрші Қазақстанға келіп нәпақа таппақ.

"Қазақстанда ақша анағұрлым аз төлейді, бірақ есептеп қарасам, соңында көп айырмашылық болмайтын сияқты. Мамырда Ресейге кеткен інім ұшақ билетіне 600 доллар, жұмысқа рұқсат алу құжатын рәсімдеуге 300 доллар жұмсады. Сол ақшаның аз бөлігін ғана шығындап, Қазақстанға келе аласың" дейді 42 жастағы Дилшодбек.

Коронавирус пандемиясы басталғалы ұшақ билетінің бағасы аспандап, Ресейде жұмысқа рұқсат алудың да төлемі өскен соң Дилшодбек сияқты Орталық Азия мигранттары аймақтағы ең ауқатты ел – Қазақстаннан жұмыс іздей бастады.

Қазақстан да мигрант еңбеккерлерді қабылдауға құлықты сияқты, себебі жергілікті тұрғындар істегісі келмейтін ауыр жұмыстың көбін соларға тапсыруға болады. Елдің кейбір аймақтары тіпті қара жұмысшыларды жеткізу үшін мигранттардың жол шығындарын мойнына алған.

Мамырда Қазақстанның батысындағы Атырау облысының әкімдігі ауылшаруашылық саласында жұмыс істету үшін Өзбекстаннан 600 адамды ұшақпен алып келген. Бұдан бір ай бұрын Атырау басшылығы көше сыпырту үшін 70 өзбек азаматын арнайы чартерлік рейспен жеткізген.


2020 жылы коронавирус індеті басталып, шекаралар жабылғанда еңбек мигранттары елінде қамалып қалып, Қазақстанның басқа аймақтары сияқты Атырауда да қара жұмысшы азайып кеткен.

Өзбекстаннан келетін жұмысшылардың жолы мен коронавирус тестінің шығындарын өтеп беруге келіскендердің бірі – Атырау облысындағы шаруа қожалығының басшысы Ақтұрлан Ерманов. Оның айтуынша, әр адамға 500 доллардай ақша еткен.

Қожалықтың 1500 гектар жеріндегі бау-бақшаны күтіп-баптауға жұмысшылар керек болған. Алайда жергілікті азаматтар қара жұмыс істеуге құлықсыздық танытқан, сондықтан, ауыл шаруашылығындағы, құрылыс пен базардағы бос орындарға көрші республикалардың тұрғындары келіп жатыр.

"Жергілікті жұмысшыларға қарағанда мигранттар анағұрлым сенімді. Жергілікті адамдар аяқ астынан келісімшартты үзіп, жұмыстан кетіп қалады. Бүгін жұмысқа шықса, ертесінде келмей қояды" дейді Ерманов КТК телеарнасына.

Атыраудағы көше сыпырушылар айына 140 мың теңгедей (330 доллар) жалақы алады, бұған қоса бюджет мекемесінің қызметкері ретінде жеңілдіктері және бар. Ал шаруа қожалығындағылар айына 100 мың теңге (235 доллардай) айлық алады.

Көршілес Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан мен Түркіменстанда мұндай жұмыс үшін бұдан әлдеқайда аз ақша төлейді. Бұл елдерде 1990 жылдардан бері жаппай жұмыссыздық белең алып тұр.


РЕСЕЙДЕН – ҚАЗАҚСТАНҒА

Отыз жыл бұрын Совет одағы тараған соң Орталық Азияның мигрант жұмысшылары миллиондап Ресейге ағыла бастады. Қара жұмысшылардың азғантай тобы ғана Қазақстаннан нәпақа тапты.

Бірақ Қазақстанға келетін мигрант саны 2014 жылдан бері өсіп келеді. Сол жылдары Ресейде экономикалық тоқырау болып, елдің ұлттық валютасы күрт құлдыраған. Рубльдің құны төмендеген сайын мигранттардың еліне әкететін ақшасы да азая түсті.

Мәскеуде жұмыс істеп жүрген өзбекстандық мигранттар.
Мәскеуде жұмыс істеп жүрген өзбекстандық мигранттар.


Ресми статистика бойынша, соңғы бес жылда Қазақстанда жұмыс істейтін өзбек мигранттарының саны он есе өскен.

Пандемияға дейін Қазақстанда Орталық Азиядан шамамен 1 миллион еңбек мигранты келіп жұмыс істеп жүрген. Олардың нақты санын дөп басып айту қиын, себебі қара жұмыстағылардың көбі жеке адамдарға жалданып істейді және елде заңсыз тұрады.

Қазақстандағы еңбек мигрантының ең көбі Өзбекстаннан келген.

Кей дереккөзге сенсек, пандемияға дейін Қазақстанда 360 мыңдай мигрант болған. Өзбекстанның экономика және кедейлікпен күрес министрлігінің мәліметі бойынша, пандемия кезінде шекара жабылғанына қарамастан, қаңтарда Қазақстанда 209 300 Өзбекстан азаматы болған.

Бұдан кейінгі ең көбі – қырғыз мигранттары.

Қаңтарда Қырғызстанның мемлекеттік миграция қызметі Қазақстанда 35 мың қырғыз азаматы жұмыс істеп жүргенін айтты. Екі ел де Еуразия экономикалық одағына кіретіндіктен, Қырғызстан азаматы Қазақстанда заңды түрде тұрып, жұмыс істей алады.

Тәжікстанның ресми статистикасына сенсек, пандемияның алдында Қазақстанда 14 мыңдай тәжік азаматы жұмыс істеген.

Түркіменстан үкіметі ашық мәлімет жарияламайтындықан, Қазақстанда бұл елдің қанша азаматы қара жұмысқа жегілгенін анықтау қиын.

Орталық Азиядан келген мигранттардың айтуынша, жері жақын, тілі мен мәдениеті ұқсас әрі жұмысқа рұқсат алу оңай болғандықтан, Қазақстанға келу ыңғайлы. Ресейде еңбек етуге рұқсат алу үшін орыс тілінен және Ресей тарихынан сынақтан өту керек, ал Қазақстан үкіметі мигранттарға ондай талап қоймайды.

КСЕНОФОБИЯ МЕН ӨШПЕНДІЛІК

Қазақстанда Ресейдегі сияқты ұлтаралық өшпенділік пен ксенофобия да сирек дейді мигранттар.

"2019 жылға дейін жекеменшік саяжайда жұмыс істеп, айына 700 доллар табыс табатынмын. Қазақстанда соның жартысын ғана алуым мүмкін. Бірақ әйтеуір үнемі жан-жағыма қарап, біреулер тиісіп қоймай ма деп үйрейленіп жүрмеймін" дейді Дилшодбек.

Ақпарат құралдары мен адам құқықтары ұйымдары Ресейде еңбек мигранттары шабуылға ұшырап, қаза тапқаны туралы ақпаратты жиі жариялайды.

Ресейдің ресми өкілдері соңғы жылдары мигрант жұмысшыларға халықтың өшпенділігі артқанын мойындайды.

"2020 жылғы сауалнамаға сенсек, респонденттердің төрттен бірі мигранттарды жақтырмайынын айтқан" дейді Ресей президент әкімшілігі басшысының орынбасары Магомедсалам Магомедов.

"Сауалнамаға қарасақ, мигранттарға көзқарас тіпті нашарлап бара жатыр, өткен жылдан бері мигранттарға қырын қарайтындар саны 7,5 пайызға өскен. Бұл елдегі этносаралық қарым-қатынасқа ерекше ықпал етті" деді Магомедов Ресейдің ақпарат құралына берген сұхбатында.

МИГРАНТТАР БОЛАШАҚТАН НЕ КҮТЕДІ?

Бірақ Қазақстанда да барлығы ойдағыдай емес.

Қазақстанда көптен жұмыс істеп жатқан көрші елдердің азаматтары жаңа келген жұмысшылар көп нәрседен үміттенбеуі керек дейді.

"Қазақстанда жұмыс тауып, ақша жасау қиын емес" дейді Шымкент қаласында тандыр нан пісіріп сататын 38 жастағы Жасур есімді өзбек.

Қазақстанда ақша таба бастағанға дейін ол бір жыл бойы жұмыс істеп, онысы үшін мүлде ақша алмаған.

Түркістан облысы Мақтаарал ауданында мақта теріп жүрген өзбекстандық жұмысшылар.
Түркістан облысы Мақтаарал ауданында мақта теріп жүрген өзбекстандық жұмысшылар.


Жасурдың айтуынша, ол Наманган аймағынан бес жігітпен және әкесімен бірге бес жыл бұрын келген.

Олар Қазақстанда бір кісінің үйін салып беруге уақытша келіскен. Әлгі кісі оларға алдын ала 4 мың доллар ақша беріп, қалған 10 мың долларды құрылыс біткен соң беремін деп уәде берген.

Екі жақ ешқандай жазбаша келісім жасаспаған, ал өзбек мигранттары Қазақстанға жай сапарлап келгенімен, жұмыс визасын алмаған.

Жасурдың айтуынша, бір жылда үйді салып бітірген олар тиісті ақшасын ала алмаған, себебі жұмыс берген қожайын жол апатынан қаза тапқан. Марқұмның туыстары жұмысшыларға ақша беруден бас тартқан.

Ешқандай ресми құжаты жоқ жұмысшылар биліктен де, басқалардан да еш қайран болмасын түсінген.

"Бұлар да мұсылман ғой, Орталық Азиядағы ағайындарымыз ғой, біздің ақымызды жемейді деп ойлауыңыз мүмкін, бірақ әрдайым олай бола бермейді" дейді Жасур.

Осы оқиғадан ащы сабақ алған Жасур Қазақстанда заңды түрде жұмыс істеуді ұйғарыпты. Оның Шымкенттегі шағын наубайханасына кісі көп келеді.

"Тапқан ақшам ішіп-жемге жетеді, аптасына бір рет [Өзбекстандағы] отбасыма ақша салып тұрамын, одан бөлек те жинаймын" дейді ол.

Жасурдың айтуынша, Намангандағы жерлестері Қазақстанда жұмыс істегісі келіп оған көп хабарласады екен. Ауылда жұмыс жоқ деген олар Қазақстандағы жағдайды сұрайды.

Жасур қазақ тілін тез үйреніп алған, сондықтан оған мұнда тіл жағынан да көп кедергі жоқ.

Мәдениет те, тамақ та, дәстүр-салт та жақын болғандықтан, Жасур сияқты көрші елдердің жұмысшыларына Қазақстанға бейімделу оңай.

Дегенмен Жасур Қазақстанда тек уақытша жүрмін дейді. Ол өз ауылында үй салу үшін ақша жинап жүргенін айтады. Бірақ әзірге бұл үлкен арман болып қалып отыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG