Accessibility links

"Ұйғыр үстемдігіне нүкте қою керек". Қытай Шыңжаңдағы аз ұлттар санын азайтқысы келеді


Шыңжаңның Тұрпан қаласында жүрген әйел мен бала. 2013 жылғы сурет.
Шыңжаңның Тұрпан қаласында жүрген әйел мен бала. 2013 жылғы сурет.

Қытайдың бала тууды бақылау саясаты 20 жылда Шыңжаңдағы ұйғыр және басқа да аз ұлттардың санын 2,6 млн мен 4,5 млн арасында азайтуды көздейді. Бұл туралы германиялық зерттеуші Адриан Зенцтың жаңа зерттеуінде айтылған.

"АЗ ҰЛТТАРДЫҢ КӨПТІГІ ӘЛЕУМЕТТІК ТҰРАҚТЫЛЫҚҚА ҚАУІП ТӨНДІРЕДІ"

Reuters агенттігі жариялаған жаңа есепте шыңжаңдық академиктер мен ресми Пекиннің Шыңжаңдағы бала тууды бақылауға алу үшін арнайы зерттеу жүргізгені айтылады. Зерттеуді Қытай мемлекеттік ғылым академиясының тапсырысымен шыңжаңдық зерттеушілер жасаған. Олар зерттеу жүргізгенде Шыңжаңда қуғын басталғанға дейінгі және одан кейінгі туу деректерін негізге алған.

Шыңжаңдағы мұсылмандарға қысымды зерттеп жүрген Зенцтің құжаты Батыс елдері Қытайды Шыңжаңдағы мұсылмандарға геноцид жасады деп айыптап жатқан тұста жарияланды. Пекин бұл айыптың бәрін жоққа шығарады.

Зерттеуде анықталғандай, Қытайдың бала тууды алдын алу саясатына сай Шыңжаңдағы аз ұлттардың саны 2040 жылға таман 8,6-10,5 миллион ғана болады. Ал қытайлық ғалымдардың өздері бала тууды бақылау саясатына дейінгі деректерді салыстыра келе Шыңжаңда халық саны 13,14 млн адамға жетуі мүмкін деп болжаған. Қазір бұл өлкеде 9,47 млн адам тұрады.

"Бұл [зерттеу мен сараптамалар] Қытай билігінің ұйғырларға қатысты ұзақ мерзімді жоспары барын көрсетеді" дейді Зенц Reuters агенттігіне.

Пекин Шыңжаңдағы ұйғыр, қазақ және басқа да аз ұлттардың санын қысқарту саясаты жайлы ашық айтпаған. Ал Зенц ресми туу деңгейі; демографиялық болжамдар; Қытай ғалымдарының зерттеуіне сүйеніп, "Пекиннің бұл саясатының нәтижесінде алдағы уақытта Шыңжаңдағы хансу ұлтының өкілдері 8,4 пайыздан 25 пайызға өседі" деп санайды.

"Бұл мақсатқа ұйғырлар мен аз ұлттардың бала тууын күшпен тоқтату арқылы ғана жетуге болады" дейді зерттеуші.

Зенц тапқан ресми деректерге сай, Шыңжаңда 2019 жылы аз ұлттардың туу деңгейі 50,1 пайызға; ал хансу ұлтының туу деңгейі 19,7 пайызға төмендеген. Ресми дерек бойынша, Шыңжаң өлкесінде 2017-2019 жылдары жалпы туу деңгейі 48,7 пайызға азайған.

Зенц анықтағанындай, Қытай Шыңжаңдағы туу деңгейін бақылау арқылы өлкедегі ұйғыр мен аз ұлттардың санын кемітіп, хансу санын көбейтуді және Коммунистік партияға адалдықты арттыруды көздейді.

Мысалы, Қытай билігі қаржыландыратын академиктер мен шенеуніктер жасаған 15 беттік құжатта (мұны Зенц зерттеуіне қосқан) Шыңжаңда ұйғыр көп, ал хансу аз екені айтылған. Құжат авторлары ұйғырлар мен аз ұлттардың көптігі әлеуметтік тұрақтылыққа қауіп төндіреді деп сипаттайды.

"Шыңжаңның оңтүстігінде тұратын халықтың саны тең емес, хансу ұлтының өкілдері өте аз" деген Компартияның Шыңжаңдағы шаруашылық-құрылыс корпусының коммунистік комитеті бас хатшысының орынбасары әрі академик Лю Илей 2020 жылғы шілдеде өткен симпозиумда. Оның сөзін Шыңжаң университетінің сайты жариялаған.

"Шыңжаңдағы ұйғыр үстемдігіне нүкте қою керек" деген 2015 жылы Шыңжаңдағы Тарим университетінің тарих және география институты деканы Ляо Чжаоюй.

Ляо осы сөзіне қатысты Reuters агенттігінің сұрағына жауап бермеген. Ал Люмен байланысу мүмкін болмаған. Қытай сыртқы істер министрлігі де екеуінің сөзі жайлы пікір білдірмеді.

Бала көтеріп бара жатқан әйел. Қашқар, Шыңжаң. 23 наурыз 2017 жыл.
Бала көтеріп бара жатқан әйел. Қашқар, Шыңжаң. 23 наурыз 2017 жыл.

АҚШ-тың Вашингтон қаласындағы Коммунизм құрбандары мемориал қорының тәуелсіз зерттеушісі Зенц Қытайдың қара тізіміне енген. Зенцтің Шыңжаңдағы мұсылмандарды қудалау туралы зерттеулерінен соң Пекин оған санкция салған. Қытай сыртқы істер министрлігі Зенцтің зерттеулерін "жұртты шатастыратын өтірік деректер" деп санайды.

Зенцтің осы жолғы жаңа зерттеуі сарапшылардың бағалауынан өтіп, Central Asian Survey ғылыми журналы оны жариялауға ықылас білдірді. Reuters Зенцтің зерттеуін жарияламас бұрын демография, халықаралық адам құқығы, бала туудың алдын алу саясаты бойынша ондаған сарапшыға тексерткен. Сарапшылар зерттеудегі деректердің нақтылығына көз жеткізген.

ҚЫТАЙДЫҢ АЙТҚАНЫ

Пекин Шыңжаңдағы аз ұлттардың бала тууы азайып кетуін "аймақтағы туу жоспарының орындалғанымен, халықтың табысының артқанымен және отбасын жоспарлау қызметінің дұрыс жұмыс істеуімен" байланыстырады. Қытай сыртқы істер министрлігі Reuters агенттігіне берген жауабында 2017-2019 жылдары Шыңжаңдағы аз ұлттардың туу деңгейінің азаюы "шынайы жағдайды көрсетпейді", өлкеде ұйғырлардың туу деңгейі хансулардан әлі де жоғары деген.

"Шыңжаңдағы геноцид дегені – бос сөз. Бұл – синафобиямен ауыратын АҚШ пен Батыстағы Қытайға қарсы күштердің мотивтері" деп мәлімдеді Қытай сыртқы істер министрлігі Reuters агенттігіне.

Зенц осыған дейін Қытай компартиясының 2020 жылғы хаттамалары негізінде тағы бір зерттеу жариялап, Шыңжаңның Қарақаш ауданында бала туу ережесін бұзғандар лагерьге қамалғанын жазған. Зерттеуге сай, лагерьге қамалған 484 адамның 149-ы бала туу шартын бұзғаны үшін жазаланған. Қытай билігі бұл тізімді "ойдан шығарылған" деген еді.

Шыңжаңдағы лагерьде болған кейбір қазақ және ұйғыр әйелдер Азаттыққа және басқа да ақпарат құралдарына аборт, стерилизация процесінен өткенін, жатырына спираль орнатқанын айтқан. Шыңжаң билігі Reuters агентігінің өлкедегі аз ұлттардың туу деңгейін шектейтін қатаң шарттың бар-жоғын сұраған сауалына жауап бермеген. Шыңжаң шенеуніктері бұған дейін "бұл процедуралар ерікті түрде жасалады" деген.

Зенц пен басқа да сарапшылар 1948 жылы қабылданған Геноцидті алдын алу және жазалау туралы конвенцияға сілтеп, белгілі бір ұлттың бала туу деңгейін әдейі тоқтату геноцид деп танылатынын айтады.

АҚШ билігі мен Ұлыбритания, Канада парламенті Қытайдың Шыңжаңдағы саясатын геноцид деп атайды. Бірақ кейбір сарапшылар Пекиннің белгілі бір ұлтты жою саясатына дәлел әлі жеткіліксіз дейді.

Өлкедегі саясатқа қатысты дәлелдердің аздығынан Қытай билігіне я Шыңжаң шенеуніктеріне ресми түрде қандай да бір қылмыстық іс қозғалған жоқ. Қытай Шыңжаңға тәуелсіз сарапшыларды және БҰҰ өкілдерін кіргізбей отыр. Бұған қоса, Қытай геноцидке қатысты шағымдарды қарайтын Халықаралық қылмыстық сотқа (ICC) мүше емес. Ал бұл сот өзіне мүше және келісімге қол қойған елдерге қатысты шағымдарды қарайды.

БҰҰ есебінше, Қытай Шыңжаңда миллионнан астам ұйғыр, қазақ және басқа да мұсылмандарды еш жазықсыз лагерьлерге қамаған. Халықаралық зерттеушілер Қытай Шыңжаңдағы әйелдерді түсік тастауға, балаларын алып тастауға мәжбүрлегенін де анықтаған.

Пекин лагерьлерді "кәсіп меңгеру орталығы" деп атайды. Ал Шыңжаңдағы саясатын "экстремизммен күрес" дейді.

Мақала Reuters агенттігінің ақпараттары негізінде жазылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG