Accessibility links

Тәуелсіздіктің отыз жылында Орталық Азия елдерінің қарым-қатынасы қалай өзгерді?


Авазда кездескен Орталық Азиядағы постсоветтік елдер президенттері( солдан оңға қарай): Садыр Жапаров (Қырғызстан), Қасым-Жомарт Тоқаев (Қазақстан), Шавкат Мирзияев (Өзбекстан ), Гурбангулы Бердімұхамедов (Түркіменстан) және Эмомали Рахмон (Тәжікстан).
Авазда кездескен Орталық Азиядағы постсоветтік елдер президенттері( солдан оңға қарай): Садыр Жапаров (Қырғызстан), Қасым-Жомарт Тоқаев (Қазақстан), Шавкат Мирзияев (Өзбекстан ), Гурбангулы Бердімұхамедов (Түркіменстан) және Эмомали Рахмон (Тәжікстан).

Орталық Азиядағы постсоветтік елдердің тәуелсіздік алғанына 30 жыл толды. Бес мемлекеттегі тәуелсіздік мерейтойы өңір елдері арасындағы әріптестік артып, ескі байланыстар қайта жанданған кезге тұспа-тұс келіп отыр.

6 тамызда Түркіменстанның Каспий жағалауында орналасқан Аваза демалыс аймағында өткен кездесуде Орталық Азия елдері басшыларының әріптестерімен күлімсіреп қол алысып, бір-біріне жылы қабақ танытқаны байқалды. Бірақ мұндай қарым-қатынас бірден орнай қойған жоқ: бұл күнге жету үшін отыз жылдай уақыт қажет болды.

Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан мен Өзбекстан тәуелсіздігінің отыз жылдығын атап өтер тұста өңір елдері арасындағы байланыстар 1991 жылдан бері бірінші рет жақсы деңгейге жеткен сияқты.

Авазадағы кездесу Орталық Азияда өткен үшінші саммит болды. 2018 жылы Астанада, 2019 жылы Ташкентте өткен Орталық Азия басшыларының кездесуі 2020 жылы да жалғасын табуы керек еді. Бірақ ол жиын коронавирус пандемиясына байланысты кейінге қалды.

Орталық Азия елдері жиырма жылдан кейін бірінші рет өңір басшылары саммитін шетелдік көшбасшылардың қатысуынсыз өткізіп отыр.

Бұл факт кейінгі отыз жылда Орталық Азия елдері арасындағы байланыстар қаншалық тұрақсыз болғанын көрсетеді.

Өңір елдері үшін бірлікте өмір сүру әлдеқайда жеңіл болуы керек еді.

1991 жылы 8 желтоқсанда Совет одағын таратып, оның орнына Тәуелсіз мемлекеттер достастығын (ТМД) құру туралы Беловеж келісімі қабылданған кезде құжатқа қол қойған тұлғалардың ешбірі әлі Орталық Азия мемлекеттерінің көшбасшысы атана қоймаған болатын.

Бұл жиынға Қазақстаннан Нұрсұлтан Назарбаев шақырылды. Бірақ ол кездесуге қатысқан жоқ. Техникалық тұрғыдан алғанда, Қазақстан сегіз күн бойы Совет одағының құрамында қалған жалғыз мемлекет болды. Өйткені Қазақстан өз тәуелсіздігін 16 желтоқсанда бір-ақ жариялады.

1991 жылы 13 желтоқсанда Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан мен Өзбекстан көшбасшылары Ашғабатта кездесіп, ТМД-ға қосылуға келісті. Шын мәнінде оларда басқа таңдау болған жоқ.

Орталық Азия елдері басшыларының алғашқы саммиті. Ашғабат, 12 желтоқсан 1991 жыл.
Орталық Азия елдері басшыларының алғашқы саммиті. Ашғабат, 12 желтоқсан 1991 жыл.

Орталық Азиядағы бес мемлекет басшысын революция қаһарманы деуге келмейді. Ешқайсы тәуелсіздік үшін күрескен де жоқ. Олар 1991 жылы тамызда Кремльде мемлекеттік төңкеріс жасауға талпыныс болып, Совет одағының құлауына алғышарт жасалған кездің өзінде дербес шешім қабылдамай, қол қусырып қана отырды.

Бесеуі де сол кездегі қызметіне Кремльдің шешімімен тағайындалған. Тәжікстанда Кремль тағайындаған басшы Гаххор Махамов мемлекеттік төңкерісті қолдағаны үшін кеңседен қуылды. Ашғабаттағы кездесуге Тәжікстанның тәуелсіздік алғалы үшінші рет ауысқан президенті Рахмон Набиев қатысты.

Совет одағы құрамында Кремльдің бұйрығын орындауға бойы үйреніп қалған Орталық Азия басшыларына аяқ астынан өз мемлекетін Мәскеудің нұсқауынсыз басқаруға тура келді.

Орталық Азия елдері мемлекеттік бюджетті толтыру және маңызды азық-түлік өнімдері мен электр энергиясын импорттау мәселесіне кезіккенде 1991 жылдың соңында Ашғабатта жасалған әріптестік туралы келісімдер жайына қалды.

Совет одағының бірыңғай энергетикалық жүйесі бойынша, Өзбекстан Қырғызстан, Тәжікстан мен Қазақстанның оңтүстік өңіріне табиғи газ жеткізетін. Бірақ тәуелсіздік алғаннан кейін Ташкент көршілерінен газға ақша төлеуді талап ете бастады. Ал Орталық Азия елдерінің бір де бірінде ондай қаржы болған жоқ.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары барлық бес мемлекет те Ресей рублін пайдаланды. Бірақ гиперинфляция салдарынан рубль бағамы үнемі құлдырап отырды.

Рубль түрінде түскен табыстың құнын жоғалтпау үшін оны бірден жаратып жіберу керек болды. Ал мұндай жағдайда бюджеттік тапсырмаларды орындау мүмкін емес.

1993 жылы мамырда Қырғызстан бес мемлекеттің ішінде бірінші болып ұлттық валютасын айналымға енгізді. Орталық Азия елдері бұған наразылық білдіріп, Ресей рублі үшін демпинг аймағына айналуымыз мүмкін деп қорықты.

Өзбекстан бұған жауап ретінде Қырғызстанға газ беруді тоқтатты. Ташкент Тәжікстанға да дәл осы тактиканы қолданды. Ресми түрде, газ беруді тоқтатуға мемлекеттің тиісті төлемдерді кешіктіруі себеп болды деген мәлімдеме жасалды.

Бірақ газ тоқтату мерзімі көбіне Қырғызстан мен Тәжікстандағы Өзбекстанға ұнамайтын саяси шешімдермен тұспа-тұс келіп отырды.

1990-жылдары Орталық Азия елдері экономикалық дағдарысты басынан өткеріп, күнделікті тұтынатын тауарлар, электр жарығы мен газ тапшылығы сезілді. Бұл мемлекеттер арасында шетелдік инвестор үшін бәсеке туғызды.

Өңір елдері мемлекет қазынасын толтыруға қаржы тауып, экономикасын аяққа тұрғызу үшін елде бар дүниенің бәрін сатуға тырысты.

Совет одағын құлатқан бүлік
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:45 0:00

1992 жылы көктемде Тәжікстанда азамат соғысы басталды. Өңірде бірінші рет шекара мәселесі көтерілді.

Өзбекстан бұрын ешкімнің ойына кіріп-шықпаған қадамға барып, Тәжікстанмен шекарасын жауып тастады. Көп ұзамай Өзбекстан көрші мемлекеттермен шекарасына бақылау-өткізу пунктілерін орната бастады.

Көрші мемлекеттер де осы әрекетті қайталап, онсыз да қаржы тапшылығы сезіліп отырған бюджетке қосымша шығын әкеліп, тауар тасымалына кедергі келтірді.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары әріптестік орнатуға талпыныс та жасалды.

Қазақстан, Қырғызстан мен Өзбекстан Ресейдің бастамасымен құрылған бітімгерлік миссиясына әскерін қосты. Бұл миссияға Тәжікстан үкіметіне қарсыластарына қарсы күрес жүргізуге мүмкіндік беру үшін елдің Ауғанстанмен шекарасын күзету міндеті жүктелді.

Солдан оңға қарай: Қырғызстан президенті Асқар Ақаев, Өзбекстан президенті Ислам Каримов және Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Ақмола облысындағы егін алқабында. 27 тамыз 1993 жыл.
Солдан оңға қарай: Қырғызстан президенті Асқар Ақаев, Өзбекстан президенті Ислам Каримов және Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Ақмола облысындағы егін алқабында. 27 тамыз 1993 жыл.

1994 жылы Қазақстан, Қырғызстан мен Өзбекстан экономикалық одақ құрды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары үш елдің президенті – Нұрсұлтан Назарбаев, Асқар Ақаев пен Ислам Каримов жиі кездесіп, достық қарым-қатынас туралы "бітпейтін" келісімдерге қол қойып, болашаққа жоспар құрумен болды.

Бірақ Түркіменстан президенті Сапармұрат Ниязов басқа бағытты таңдады. Тәуелсіздік алғаннан кейін Түркіменстан Орталық Азия елдерінен алшақтай бастады. Ниязов өңір мемлекеттерінің бастамасымен құрылған бір де бір ұйымға кіруге ниет білдірмеді.

1995 жылы БҰҰ Түркіменстанды бейтарап мемлекет деп мойындағаннан кейін Ниязов Орталық Азиядағы көршілерімен қарым-қатынасын біржола үзді.

Тәжікстандағы азамат соғысы өңірдің басқа бөлігіне таралуы мүмкін қауіп сияқты көрінді.

1992 жылы қарашада Эмомали Рахмон Тәжікстан президенті болды. Ол өңірдегі әріптестеріне 1997 жылы азамат соғысы аяқталғаннан кейін де елді хаостың ортасында басқарып отырғандай әсер қалдырды.

Осылай Тәжікстан Орталық Азия елдерінің бірлігін нығайтуға бағытталған бірнеше бастамадан тыс қалды.

Тәжікстан 1998 жылы наурызда ғана түгелдей Орталық Азия мемлекеттерінен тұратын кеден одағына қосылды.

Бірақ АҚШ пен оның одақтастары көршілес Ауғанстанда терроризмге қарсы соғыс ашатынын жариялағаннан кейін мұндай өңірлік ұсақ ұйымдардың орнын Шанхай ынтымақтастық ұйымы және ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы сияқты үлкен одақтар басты.

Орталық Азияда Совет одағы тарағаннан кейінгі бірінші террорлық акт 1999 жылы 16 ақпанда тіркеліп, Ташкентте қатарынан бірнеше жарылыс болды.

Сол жылы жазда "Өзбекстанның ислам қозғалысы" экстремистерінің Қырғызстанның оңтүстігінде жүргені белгілі болып, Орталық Азия елдерінің қарым-қатынасы одан әрі ушыға түсті.

Өзбекстан үкіметі Тәжікстанды "Өзбекстанның ислам қозғалысы" ұйымына өз территориясын база ретінде пайдалануға рұқсат берді деп айыптады. Тәжікстан билігі бұл айыптауларды жоққа шығарды. Өзбекстан Қырғызстан билігін де экстремистердің көзін жоюға әрекет етпеді деп сөкті.

2000-жылдары дипломатиялық қатынастар шиеленісіп тұрған кезде Ташкент "Өзбекстан ислам қозғалысы" мүшелерінің елге кіруіне жол бермеу үшін Қырғызстанмен және Тәжікстанмен шекарасына жерүсті миналарын орната бастады.

Бірақ бұл минадан Қырғызстан мен Тәжікстанның бейбіт тұрғындары ғана зардап шекті. "Өзбекстан ислам қозғалысы" ұйымының Орталық Азияға төндірген қаупі сейілгеннен кейін де көп жыл бойы шекарадағы миналардан зардап шеккен халық саны арта берді.

Тәжікстан билігі Өзбекстанды 1998 жылы қарашада елдің солтүстігінде мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды деп айыптады.

Түркіменстан 2002 жылы қарашада президент Ниязовтың өміріне ықтимал қастандық жасау оқиғасына Өзбекстанды ашық айыптамаса да, түркімен қауіпсіздік күштері Өзбекстанның Ашғабаттағы елшілігіне тінту жүргізіп, бір айдан кейін елші Абдурашид Кадыровты "нон-грата тұлғасы" деп жариялады.

2005 жылы наурызда Қырғызстанда президент Ақаевты биліктен тайдырған қызғалдақ революциясын кейбіреу демократияның жеңісі деп қабылдады.

"Қызғалдақ революциясы". Президент Асқар Ақаев билікті тастап, шетелге қашқан күні Бішкек көшесінде жүрген адамдар. 24 наурыз 2005 жыл.
"Қызғалдақ революциясы". Президент Асқар Ақаев билікті тастап, шетелге қашқан күні Бішкек көшесінде жүрген адамдар. 24 наурыз 2005 жыл.

Бірақ Орталық Азия басшыларына бұл революция ұнаған жоқ. Олар халық арасындағы наразылық елді тәуелсіздік алғалы басқарып келе жатқан Назарбаев, Ниязов, Каримов сияқты көшбасшылардың билігіне қауіп төндіруі мүмкін деп қорықты.

Одан кейінгі қырғыз президенттерінің 2010 және 2020 жылдары биліктен қуылуы Орталық Азия басшыларының Қырғызстандағы тұрақтылық пен көрші мемлекеттегі жағымсыз прецедентке қатысты алаңдаушылығын күшейтті.

Тәуелсіздік алғаннан кейін жиырма жылдан соң Орталық Азиядағы бес мемлекеттің арасындағы айырмашылықтар айқын сезіле бастады. Олар 1991 жылы желтоқсанда Ашғабатта бас қосып, ортақ тарихымыз болашақ әріптестігімізге жол ашып, бәрімізге гүлденген мемлекетке айналуға көмектеседі деп үміттенген елдерге мүлде ұқсамайтын деңгейге жетті.

Өңір мемлекеттері арасындағы байланыс әлсіреп, көрші мемлекеттердің арасында екіжақты кездесулер де жиі өтпейтін болды.

Жақсы күндердің өзінде бір елден екінші мемлекетке өту қиындай түсті. Ал қиын күндері шекаралар мүлде жабылып қалатын.

2016 жылы жаздың соңында Өзбекстан президенті Ислам Каримовтың қайтыс болуы өңірлік байланыстарды қайта нығайтуға түрткі болды.

Каримов үнемі Орталық Азияның басқа басшыларына жеккөрінішпен қарайтын. Оның микрофон алдында сөйлеген сөздері көбіне Назарбаев, Ақаев, Рахмон, Ниязов пен 2011-2017 жылдары Қырғызстан президенті болған Алмазбек Атамбаевты қорлау сияқты көрінетін.

Каримовтың орнына билікке келген Шавкат Мирзияев әзірге ішкі реформаларға қатысты жоспарларын түгел орындап үлгерген жоқ. Бірақ оның Өзбекстанның ортаазиялық көршілерімен қарым-қатынасын түзетемін деген уәдесі шындыққа айналып келеді.

Орталық Азия басшыларының жақында өткен саммиті де өңірлік әріптестікті қайта жандандыруға болатынын дәлелдейді.

Әрине, әлі де шешілмеген мәселе көп. Олардың ішіндегі ең күрделісі – Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы шекара дауы.

Бірақ сәуірдің соңында Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасында қарулы қақтығыс болғанына қарамастан, қос мемлекет басшысы да Авазадағы кездесуге барды.

Мирзияев пен Қазақстанның қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстанның жаңа президенті Садыр Жапаровпен жеке кездесіп, сөйлесті. Тәжікстан президенті Рахмон қырғыз-тәжік шекарасындағы шиеленісті азайтуға күш салып бақты.

Түркіменстан әлі де оқшау мемлекет күйінде қалып отыр. Ал Орталық Азиядағы қалған төрт мемлекет пандемия кезінде бір-біріне қолынан келгенше көмектесуге тырысты.

Шекаралар әлі толық ашылған жоқ. Бірақ кейінгі жиырма жылдағы жағдайды еске алсақ, қазір шекаралар әлдеқайда ашық деуге болады. Өзбекстанның Қырғызстанмен және Тәжікстанмен шекарасына орнатылған миналар залалсыздандырылды.

Орталық Азия басшыларының соңғы саммиті өңір мемлекеттері арасында тығыз байланыс орнату мүмкіндігіне бағытталды.

31 тамызда тәуелсіздің отыз жылдығын бірінші болып Қырғызстан атап өтеді. Одан кейін айтулы мерекенің кезегі Өзбекстан (1 қыркүйек), Тәжістан (9 қыркүйек), Түркіменстан (27 қыркүйек) мен Қазақстанға (16 желтоқсан) келеді.

Биылғы тәуелсіздік мерекесі Орталық Азиядағы постсоветтік бес мемлекеттің әріптестігі мен бір-біріне деген тәуелділігінің артуымен есте қалмақ.

Блог авторының пікірі Азаттық радиосы редакциясының көзқарасымен сай келмеуі мүмкін.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG