Accessibility links

"Бір кірпіш" жобасы құқығы тапталғандарға БҰҰ-ға шағымдануға көмектеспек


"Бір кірпіш" жобасының эмблемасы.
"Бір кірпіш" жобасының эмблемасы.

Адам құқығын қорғаумен айналысатын "Қадір-қасиет" қоғамдық қоры "Қазақстанда құқығым бұзылды" деген адамдарға БҰҰ-ға шағымдануға көмектесетін "Бір кірпіш" жобасын ашты. Жоба сайтында БҰҰ-ға шағымданып, жеңіп шыққан қазақстандықтардың да хикаясы топтастырылған. Құқық қорғаушылар Қазақстан БҰҰ шешімдерін орындамаса да, құқығы бұзылғандардың бұл ұйымға қайырылғаны маңызды деп санайды.

Оралдық журналист Лұқпан Ахмедияров 2012 жылы өзі жұмыс істеген "Уральская неделя" газетіне Батыс Қазақстан облысындағы жергілікті шенеуніктердің кімнің кімге туыс болып келетіні жайлы зерттеу жариялағаннан кейін қысым көрген. Сол кезде белгісіз біреулер оқ атып жаралаған журналист ауруханаға түсіп, емделіп шыққан. Зерттеуде аты-жөні аталған шенеунік Тілекқабыл Имашев (БҚО ішкі саясат басқармасының сол кездегі бастығы) Ахмедияровты сотқа берген. Сот "Уральская неделя" басылымы жариялаған зерттеу шенеунікті қорлады деп тауып, Ахмедияровты көпшілік алдында шенеуніктен кешірім сұрап, 5 миллион теңге төлеуге міндеттеген еді.

Бұл шешіммен келіспеген Ахмедияров ел ішінде Жоғарғы сотқа дейін барғанымен, ештеңе өзгермеді. Ол 2014 жылы БҰҰ-ның адам құқығы комитетіне арыз түсірген. 2020 жылы шілдеде БҰҰ шешімін жолдаған. Онда халықаралық ұйым комитеті Қазақстан соты Лұқпан Ахмедияровтың ісін әділ қарамай, еркін пікір білдіру құқығын бұзған деп тапқан.

Лұқпан Ахмедияров.
Лұқпан Ахмедияров.

– БҰҰ шешімін орыс тіліне аударып, Жоғарғы сотқа арыздандым. Бірақ ол жерден БҰҰ шешімін орындауға деген ықылас байқамадым. Төрт рет өтініш түсірген едім, айтқан уәжімнің бірде-бірі есепке алынбады. БҰҰ шешімінен кейін мемлекет тарапынан жауапкер қаржы министрлігі болуы тиіс деп санаймын. Бірақ арызым қарала ма, жоқ па белгісіз. Барлық инстанцияға шағымданып, мүмкіндік таусылғанда соңғы қорытындыны БҰҰ-ға хабарлаймыз, – дейді Лұқпан Ахмедияров.

БҰҰ комитеттеріне Қазақстанға қарсы берілген шағымдардың есебін жүргізіп жүрген "Қадір-Қасиет" қоғамдық қоры "Бір кірпіш" атты жоба бастап, құқығым бұзылды деген азаматтарға БҰҰ-ға шағымдануға көмектеспек. Жоба арқылы Қазақстан сотынан әділдік таппадым дегендер БҰҰ комитеттеріне қайырыла алады.

"БІР КІРПІШ" ҚАНДАЙ ЖОБА?

"Қадір-Қасиет" қоғамдық бірлестігінің құрылтайшысы, "Бір кірпіш" жобасының авторы Анар Ибраеваның айтуынша, БҰҰ Қазақстанға қатысты 59 шешім қабылдап, 49 шағым бойынша оң шешім шығарған. Бірақ Нұр-Сұлтан бұл шешімдердің басым бөлігін "ұсыныс" деп сипаттап, орындаған жоқ, бір-екеуін ішінара ғана орындаған.

Қазақстан БҰҰ комиттеттеріне шағымданып, жеңіп шыққандарға өтемақы төлеп, істе қайта тергеп, медициналық көмек көрсетуі тиіс. Бұдан бөлек, билік заңды өзгертіп, адам құқығын сақтап, қабылданған шешім туралы БҰҰ-ға ақпарат беруі міндет және БҰҰ шешімін қазақ тіліне аударып таратуы керек. Ибраева Қазақстан БҰҰ шешімін толық орындамағанын айтады.

Бір кірпіш" жобасының авторы Анар Ибраева.
Бір кірпіш" жобасының авторы Анар Ибраева.

– Мәселен, өтемақы төлеу БҰҰ-ның барлық шешімінде көрсетілгенімен, іс жүзінде екі адамға ғана төленді. БҰҰ-ның Азаптауға қарсы комитеті шешімінен соң Александр Герасимов екі миллион теңге, Расим Байрамов 100 мың теңге алды. Сот олардың пайдасына Қостанай полициясынан ақша өндіріп алуға шешім шығарды. Бірақ осыдан соң мемлекет өтемақы төлеуден бас тартты. Ал басқа "орындалды" дегендердің қатарына кей БҰҰ шешімдерінің қазақ не орыс тіліне аударылып, мемлекеттік тоғыз ресми сайтқа жарияланғанын ғана айта аламыз. Жұрт мемлекет тарапынан құқығы бұзылған жағдайда БҰҰ-ға шағымдануына болатынын білмейді. Сондықтан "Бір кірпіш" арқылы БҰҰ-ға шағымдану кез келген адамның қолынан келетіндей болуын қаладық. Сайтта БҰҰ-ға қалай шағымдануға болатыны инфографикамен көрсетілген, – дейді ол.

Бұдан бөлек, жұрт сайттың "Пайдалы" деген бөлімінен "Пана" құқық қорғау қосымшасын жүктей алады және адам өз құқығы бұзылған жағдайда не істей алатыны жайлы кеңестер мен ойындар бар.

"Бір кірпіш" сайтында БҰҰ-ға шағымданған қазақстандықтардың хикаясы да топтастырылған.

– Кейіпкерлеріміздің кейбірі қазір өмірде жоқ, енді бірі әлі түрмеде отыр, тағы бірі орны толмас зиян шекті. Мұндай жағдай қайталанбағанын қалаймыз. Жобамыздың "Бір кірпіш" аталуының өз мәні бар. Қазақ ақыны Абай Құнанбайұлының "Сен де бір кірпіш дүниеге, тетігін тап та бар қалан" деген сөзін ұран етіп алдық, – дейді Ибраева.

Құқық қорғаушы "Бір кірпіш" арқылы БҰҰ шешімдерін орындату үшін сотқа жүгінгенде адвокаттар ақысын төлеуге зәру тұлғалар үшін краудфандинг ұйымдастырылғанын айтады.

– Бізде адвокат жалдайтындай қаржы үнемі бола бермейді. Сондықтан аукцион өткізіп, онда "Қазақстанның БҰҰ шешімін орындауын қалаймын" деген жазуы бар шолақ жейде, өзге де киім сатамыз. Кей суретшілер картинасын сатуға берсе, құқық қорғаушылар қолөнер бұйымдарын ұсынады. Оның бәрін сатып, түскен қаржыны құқығы үшін күресіп жатқан адамдарға бөлеміз, – дейді Ибраева.

"Бір кірпіш" жобасы авторының сөзінше, БҰҰ шешімі шыққан соң шағымданушылардың көбі ары қарай не істеу керегін білмейді де, ел ішіндегі процедураларды жүзеге асыра бастайды.

– БҰҰ-да Follow up деп аталатын процедура бар. Оны орындау адамның өзіне байланысты және жұрттың көбі оны іле бермейді. Яғни, БҰҰ-дан оң шешімді алдыңыз ба, енді ол туралы мемлекет не істеді, қандай шара қабылдады, сот қандай шешім шығарды, осыны комитетке хабарлап айту керек. Ары қарай комитет мемлекетке жолдап, мемлекет оған комментариін береді. Мәселен, 49 істен тек 14 іс бойынша адамдар не болып жатқанын БҰҰ-ға хабарлаған. Ал жалпы БҰҰ шешімін алу үшін 4-6 жыл уақыт кетеді. Осы ұзақ жолды бастаған соң аяғына дейін жеткізу керек. БҰҰ да мемлекет шешімді орындамайынша істі жаппайды, – дейді құқық қорғаушы.

Анар Ибраеваның сөзінше, қазір Қазақстаннан жіберілген жүзден астам істі БҰҰ комитеттері қарап жатыр.

БҰҰ КОМИТЕТТЕРІНЕ ШАҒЫМДАНҒАН ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР

Құқық қорғаушы Анар Ибраеваның сөзінше, БҰҰ-ның Қазақстанға қатысты шешімдерінің басым бөлігін Адам құқығын сақтау (38 шағым) және Азаптауға қарсы комитеттері (10 шағым) шығарған. Ал бір шешімді БҰҰ-ның Әйелдерді алалаумен күрес жөніндегі комитеті қабылдаған.

БҰҰ-ның Қазақстанға қатысты алғашқы шешімі 2011 жылы шыққан. Осы жылы БҰҰ Қазақстанға қашып келген шыңжаңдық ұйғыр Аршидин Исраилдің арызынан кейін оған босқын мәртебесін берген, бірақ Қазақстан бұл шешімге қарамастан Исраилді Қытайға қайтарған. Ол 2009 жылы "Еркін Азия" (Radio Free Asia) радиосына Үрімжідегі наразылық кезінде "полиция бірнеше ұйғырды өлтірді" деп мәлімдеген. Осы сөзі үшін Қытай оны "терроризм" айыбымен қудалады. Исраил қуғыннан қашып, Қазақстан шекарасын заңсыз кесіп өткен. Кейін БҰҰ оған босқын мәртебесін берсе де, Қазақстан оны Қытайға экстрадициялаған.

2011 жылы БҰҰ-ның Азаптауға қарсы комитеті Қазақстанға қашқан Өзбекстанның 29 азаматына мандатты босқын мәртебесін берген. Ташкент оларды "терроризм мен экстремизмге қатысы бар" деп айыптаған еді. Бірақ Қазақстан БҰҰ шешіміне қарамастан Тоиржон Абдусаматов пен тағы 28 адамды Өзбекстанға беріп жіберді. БҰҰ комитеті "Қазақстан ұйым алдындағы міндеттерін орындамады" деп мәлімдеген.

БҰҰ комитеттеріне шағымданып, оң шешім алғандардың қатарында құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина да бар. БҰҰ құқық қорғаушының 2010 жылы бейбіт митинг өткізу құқығы бұзылған деп тапты.

2009 жылы "Коррупциялық қылмыс" айыбымен 14 жылға түрмеге қамалған "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішев те БҰҰ-ға арыз жазған. 2015 жылы БҰҰ Жәкішевтің әділ әрі ашық сот төрелігіне қатысты құқығы, адвокаттарымен жолығу құқығы бұзылған деп таныған. БҰҰ комитеті Қазақстаннан үкімнің күшін жойып, Жәкішевті босатуды талап еткен. Бірақ Қазақтан БҰҰ комитетінің шешімін орындаудан бас тартқан.

Бұдан бөлек БҰҰ комитетіне жүгінгендер арасында журналистер Рамазан Есіргепов пен Розлана Таукина, адвокат Зинаида Мухортова, белсенділер Дилнар Инсенова пен Берік Жағыпаров бар.

Жағыпаров Жезқазғанда "Молодежная газета" басылымы редакторы болып істеп жүргенде "Қазақмыс" корпорациясы жұмысшыларының мәселесін көтерген. Кейін "Қазақмыс" оны бірнеше рет сотқа беріп, белсендіні жауапқа тартқан.

– "Әлеуметтік алауыздық қоздыру" деп жеті тәулікке қамады. Апелляция шағымын бердік, еш нәтиже шықпады. Сол жылы "Халыққа баспанасын қалдырайық" қоғамдық ұйымы астанадағы наразылықтарын жариялауға шақырды. Сол жолы тағы 15 тәулікке қамалдым. Барлық инстанциядан өткен соң "Қадыр-Қасиеттің" көмегімен БҰҰ-ға жүгіндім. БҰҰ шешімінде Қазақстан маған өтемақы төлеу керек деп көрсетілгенімен, өтемақы сұрамадым. Маған бейбіт шеруге барғаным, оны жазғаным қылмыс емес екенін танытатын шешім берсе болды дегенмін. Әзірге екі сотта да жеңіліп қалдым, – дейді Берік Жағыпаров.

Анар Ибраеваның айтуынша, БҰҰ-ның оң шешіміне қарамастан Қазақстан үкіметінің Қытайға, Өзбекстанға, Қырғызстанға, Ресейге экстрадицияланғандардың тағдыры жайлы БҰҰ-ға хабар жолдауы өте сирек. Тек Қазақстанның Қытайдағы елшілігі Қытайға қайтарылған Аршидин Исраилдың 2014 жылы түрмеден шыққанын хабарлаған. Ибраева Қазақстан БҰҰ құзырын мойындап, халықаралық келісімдерді ратификациялағанымен, оны орындамай отыр деп санайды.

– Біз оншақты іс бойынша Қазақстанда сотқа жүгіндік. БҰҰ Мұхтар Жәкішевтің, Дмитрий Тянның (кісі өлтірді деп айыпталып, 25 жылға сотталған – ред.) ісіне қатысты "сот үкімін қайта қарау туралы" нақты шешім шығарғанымен, Қазақстан орындамады. Мәселен, сот Лұқпан Ахмедияровтың ісіне қатысты "БҰҰ комитеті шешімі тек ұсыныс түрінде берілген" деген күлкілі шешім шығарды. Мемлекет БҰҰ құзырын мойындап, халықаралық келісімдерді ратификациялағандықтан оны орындауы керек. Ол келісімдердің міндетті заң күші бар. Өйткені ратификациялау деген жай сөз емес, ол парламентте дауысқа салынып, президент қол қоятын процедуралардан өтеді, – дейді Ибраева.

Құқық қорғаушы Қазақстан билігінің БҰҰ шешімдерін орындамаса да жыл сайын Женеваға барып, елде адам құқықтары сақталып отырғаны туралы есеп беретіні ақылға сыймайды дейді.

– Биыл 9 маусымда шыққан президент Тоқаевтың "Қазақстанның адам құқықтары саласындағы одан арғы шаралары туралы" жарлығында айтылған басты нәрселердің бірі осы БҰҰ шешімін орындау механизмдері болды. Екі күннен соң, 11 маусымда Қазақстан үкіметі "Адам құқықтары саласындағы бірінші кезектегі шаралар жоспарын бекіту туралы" қаулы шығарып, БҰҰ шешімдерін орындау механизімін жыл аяғына дейін реттеп, 2022 жылдың алты айында дайын болатынын айтты. Әзірге не істеліп жатқаны белгісіз. Іс қалай жүзеге асып жатқанын сұрап, бірнеше мәрте сауал жолдадық, жауап болмады, – дейді Анар Ибраева.

Қазақстан 1992 жылғы 2 наурызда БҰҰ мүше болып қабылданған. Нұр-Сұлтан БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі комитеті, азаптауға қарсы комитеті, нәсіліне бола алалауды жою жөніндегі комитеті, әйелдерді алалауды жою жөніндегі комитетінің шарттарын құптаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG