Accessibility links

Қырғызстан президенті: Текебаевты бұзақылар ұрған


Саясаткер Өмірбек Текебаев және Қырғызстан басшысы Садыр Жапаров.
Саясаткер Өмірбек Текебаев және Қырғызстан басшысы Садыр Жапаров.

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Aryba.kg басылымына берген сұхбатында "Ата Мекен" партиясының жетекшісі Өмірбек Текебаевтың соққыға жығылуы жөнінде пікірін айтты.

Саясаткерді ұрып-соғуды билік бұйырғаны рас па деген журналист сауалына мемлекет басшысы "ОСК төңірегінде дау толастамай тұрғанда, қосымша қиындық туғызудың қажеті шамалы" деп жауап берген.

- Текебаевты ұрып, оның телефонын тартып алғандар кәдімгі қарапайым жігіттер болып шықты. Олардың біреуі ұсталды. Текебаевқа телефоны қайтарылды. Ұсталған күдікті тергеліп жатыр. Әрекетін Текебаевтың митингілерінен шаршағанымен түсіндірген. Біз әуелі мұны Текебаевтың өзі ұйымдастырған болар деп ойладық. Алайда ол шабуылды биліктің әрекеті деп отыр. Бірақ бұған екі тараптың да қатысы болмай шықты - бұзақылардың әрекеті екен, - дейді Жапаров.

Ол Қырғызстан – демократиялық ел, мұнда кез келген адам кез келген жерде митинг өткізе алады, ешкімнің митингіні таратуына құқығы жоқ деп атап өткен. Бірақ мұндай шаралар бейбіт өтуі тиіс және оған негіз болуы керек деп ескерткен.

1 желтоқсанда күндіз Бішкекте "Ата Мекен" партиясының жетекшісі Өмірбек Текебаевты мейрамханалардың бірінде бірнеше адам ұрып кеткен. Саясаткер шабуылды "саяси террор" деп атап, қызметімен байланыстырды. "Тонау" бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары басталған.

Өмірбек Текебаев – "Ата Мекен" партиясының лидері, парламентке алты рет депутат болып сайланған. 2005-2006 жылдары спикер болған. 28 қарашада өткен сайлаудың алдын ала нәтижесі бойынша, "Ата Мекен" партиясы 4 пайыз дауыс жинап, парламентке өтпей қалды.

"Ата Мекен" мен бірнеше партия сайлау нәтижесін мойындамайды. Олар Орталық сайлау комиссиясының алдында наразылыққа шығып, сайлау нәтижесін жоюды талап етті.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG