Accessibility links

"Ядролық шара": SWIFT деген не? Ресейді одан шеттетсе не болады?


АҚШ халықаралық электронды төлем жүйесінен Ресейді ажырату мәселесін қарастырып жатқаны хабарланды. Кейбірі мұны "ядролық күреске" теңеп жүр. Азаттық радиосы SWIFT жүйесін, одан ажыраудың Ресей экономикасына әсерін зерттеп көрді.

АҚШ президенті Джо Байденнің әкімшілігі Ресей Украинаға басып кірген жағдайда қолданатын экономикалық шараларын қарастырып жатыр. Тізімде Ресейді SWIFT электронды төлемдер жүйесінен шеттету мәселесі бар екені хабарланды.

Кей сарапшылар мұны бомбасы жоқ "ядролық шара" деп атап жүр.

Әлемдегі ең ірі экономикалардың біріне ие Ресейге бұрын-соңды мұндай шара қолданылмаған.

Ақ үй Ресей банктерін Дүниежүзілік банкаралық қаржы телекоммуникациялары қоғамдастығы – SWIFT халықаралық төлем жүйесінен ажырату қаупі барын растамады.

Дегенмен, Байден 8 желтоқсанда бұл әңгіменің отына май құйғандай болды. Ол Ресей президенті Владимир Путин Украинаға соғыс ашса, АҚШ пен оның одақтастары "бұрын-соңды болмаған" әдіспен жазалайтынын ескертті.

Сарапшылар мұндай шешім Ресей экономикасына қиындық туғызады дейді. Ал кейбірі SWIFT жүйесінен шығудың салдары әртүрлі себеппен асыра сілтенгенін айтады.

SWIFT ДЕГЕН НЕ ЖӘНЕ ОЛ НЕГЕ МАҢЫЗДЫ?

SWIFT – жақсы қорғалған коммуникациялық платформа. Оны банктер, брокерлер, басқа да қаржы мекемелері ақпарат алмасу үшін қолданады. Мысалы, платформада шетелге ақша аудару нұсқаулығы немесе құнды қағаздармен болған операциялардың есебі сақталады.

Жүйе ақша мен құнды қағаздарды сақтамайды. Оларды аудару операциясын жүзеге асырмайды.

Мысалы, неміс компаниясы Ресейден табиғи газ сатып алып, сол үшін ақша төледі делік. Ол ақшаны неміс банкіндегі есепшоттан Ресей фирмасының банктегі шотына аударады. Сол кезде ақша алушының есепшот нөмірі мен SWIFT кодын енгізеді.

Одан кейін Германиядағы фирма неміс шотынан SWIFT жүйесі арқылы Ресейдегі банкке ақша түскенін хабарлайды. Сосын электронды түрде түскен ақшаны ресейлік компания ала алады.

SWIFT жүйесінің коды банкке төлемді жылдам жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

SWIFT жүйесін әлемнің 200-ге жуық елінде 11 мыңға жуық қаржы ұйымы қолданады. Биыл платформада 10 миллиардтан астам хабарлама өңделген. Бұл әлем елдері арасында осы жүйе арқылы триллиондаған доллар ақша аударылды деген сөз.

Бір жерден екіншісіне қаржы деректерін жібергісі келген банктер SWIFT платформасына дейін telex жүйесін қолданған. Ескі телеграф схемаларына негізделген бұл жүй өте баяу, қолайсыз және қауіпті болған.

Ал SWIFT 1973 жылы құрылған.

Бүгінде қолданылуы жеңіл, жылдам және қауіпсіз SWIFT қаржы коммуникациясы индустриясының алыбы саналады. Ол банктерге мемлекетаралық төлемдерді бес минуттан да аз уақытта жүзеге асыруға мүмкіндік береді және операцияларды соңына дейін қадағалайды.

"Бұл халықаралық төлем деректерін алмасу жүйесінің ең сенімді түрі. Сондықтан да ол өте маңызды" деді АҚШ қаржы министрлігінің бұрынғы бас кеңесшісі Брайан О'Тул.

SWIFT КІМДЕ БАР?

SWIFT жүйесі Бельгияда орналасқан қоғамдастыққа кіретін банктерге тиесілі. Оны 25 адамнан тұратын директорлар кеңес басқарады. Қазір оның құрамында бір Ресей азаматы бар. Ұйымның қызметін G10, яғни, Бельгия, Германия, Италия, Канада, Нидерланды, Ұлыбритания, АҚШ, Франция, Швейцария, Швеция, Жапония секілді елдердің орталық банктері мен Еуропа орталық банкі бақылайды.

SWIFT ЖҮЙЕСІНЕН ШЕТТЕТІЛГЕН ЕЛДЕР БАР МА?

2012 жылы SWIFT Еуроодақ қара тізіміне енген және АҚШ санкциясына ілінген Иран банктерін жүйеден ажыратты.

"Иран жаһандық қаржы жүйесінен оқшауланып қалды. Сондықтан жалпы әсері байқалмады" дейді О'Тул. "Бұл, әрине, халықаралық қаржы жүйесімен байланысқан Иран банктерінің жұмысын қиындатты. Бірақ [жүйеден ажырату] шын мәнінде ақпараттың тарауын ғана шектеді" деді ол Азаттыққа.

АҚШ РЕСЕЙДІ SWIFT ЖҮЙЕСІНЕН АЖЫРАТА АЛА МА?

SWIFT АҚШ-тың емес, Бельгия мен Еуроодақ заңдарына бағынады. Сондықтан ол "АҚШ-қа құлақ асуға міндетті емес" дейді О'Тул.

"Дегенмен, АҚШ SWIFT жүйесіне санкция салатынын айтып сес көрсетуі мүмкін. Иранды жүйеден шеттететін кезде де солай болған" дейді О'Тул.

РЕСЕЙ SWIFT ЖҮЙЕСІНЕН ШЕТТЕТІЛСЕ НЕ БОЛАДЫ?

Ресейдің Иранға қарағанда экономикасы ірі ел. Әлемнің қаржы қауымдастығында да ойып тұрып орын алған. Сондықтан SWIFT жүйесінен ажырау Иранға қарағанда Ресейге көбірек әсер етеді.

Ресей белгілі бір уақытқа экономикалық қиындықтарға тап болады. Жаңа платформаларға бейімделгенше халықаралық төлемдер жасауда мәселе туындайды дейді Вашингтон халықаралық қаржы институтының экономисі Елина Рыбакова.

Оның сөзінше, бұл Ресей экономикасын құлдыратып, аз уақытта рубльдің құнсыздануына алып келуі мүмкін.

"Алайда, Ресейдің экспорттайтын мұнай мен газ Еуропа үшін маңызды болғандықтан, екі тарап та жылдам шешім табуға тырысады" деді ол Азаттыққа. "Мұның әсері аз болуы мүмкін, себебі Ресей қаржы деректерін алмасудың отандық жүйесін жасап жатыр".

2014 жылы Мәскеу Қырымды аннексиялағанда, Ресейді SWIFT жүйесінен ажыратуға шақырғандар болды. Сондықтан Кремль өзін қорғау үшін қаржы коммуникациясы платформасын дамытуды қолға алған.

Қаржы деректерін алмасу жүйесі (СПФС) дейтін танымал ресейлік платформаға 400-ден астам банк кіреді. Оның ішінде бұрынғы совет елдерінің жиырмадан астам банкі бар. Платформа 2020 жылдың аяғындағы жағдай бойынша елдегі қаржы операцияларының бестен бірін жүзеге асырған.

РЕСЕЙ ҚОРҒАЛҒАН БА?

Олай деуге келмейді, себебі Ресей жасаған жүйенің кемшіліктері бар.

SWIFT тәулігіне 24 сағат жұмыс істейді. Ал Ресей жүйесі төлем деректерін жұмыс күндері белгілі бір уақыт аралығында ғана жібере алады дейді Цюрих университетіндегі Шығыс Еуропа зерттеулері орталығының қызметкері Мария Шагина.

Оның сөзінше, СПФС жүйесіндеге деректер көлемі де шектеулі.

"Ресей SWIFT жүйесінен шеттетілсе, "техникалық" түрде басқа жүйеге өте алады. Бірақ 2014 жылы олай болмады" дейді Рыбакова.

Ол мұның біршама уақыт "жүйеге үлкен жүк салатынын" айтады.

"Ресей мемлекетаралық келісімдерді жүзеге асыру үшін СПФС жүйесін халықаралық деңгейге жеткізуге тырысуы мүмкін" дейді О'Тул.

Экономикасы Ресейден ірі Қытай да SWIFT баламасын жасап жатыр.

2015 жылы Пекин халықаралық банкаралық төлем жүйесін іске қосып, Қытай валютасы юаньды халықаралық валютаға айналдыруды көздеді.

Қытай шенеуніктері ұлттық банктерді қорғау үшін SWIFT орнына CIPS жүйесін қолдануға шақырды.

БАНКТЕРГЕ САНКЦИЯ САЛУ ТИІМДІ МЕ?

Кей шенеуніктер мен сарапшылар SWIFT жүйесін "ядролық" шараға теңеп асыра сілтеп жіберген дейді О'Тул.

Ресей халықаралық операцияларды басқа платформада болсын жүзеге асыра алады.

"Егер SWIFT Ресейді жүйеден шеттетсе, оны [SWIFT бәсекелестерін] қолдануға мәжбүрлейді" дейді ол. "Бірақ сіз транзакцияның өзін тыймайсыз, бар болғаны оны қиындатасыз".

Оның сөзінше, Ақ үй Ресей банктеріне санкция салуды назарға алуы керек.

"Ресей шекараны кессе, әкімшілік қандай қаржы мекемелерінің соңына түседі? Меніңше, бұл саясаттағы маңызды мәселе" деді ол.

Ол АҚШ Ресей элитасына қатысы бар ВЭБ және Ресейдің тікелей инвестициялар қоры секілді мемлекеттік қаржы ұйымдарын нысанаға алынуы мүмкін екенін айтады.

"Осы екі банкке санкция салу Ресей банк жүйесін SWIFT платформасынан ажыратқанға қарағанда тиімдірек болады" дейді ол.

ВЭБ Ресей үкіметінің төлем агентінің қызметін атқарады. Ал Ресейдің тікелей инвестициялар қоры аты айтып тұрғандай елдің инвестициялық қоры саналады. Шетелдік жобалармен және Кремльмен тығыз байланыста болады. Қор жобаларының ішінде коронавирусқа қарсы "Спутник V" вакцинасы бар.

"Сбербанк" пен ВТБ секілді жеке банктерді нысанаға алу қиынға соғады. Бұл банктердің нарықтағы үлесі үлкен болғандықтан, бұл экономикалық қиындықтар туғызады және Ресей азаматтарына кері әсер етеді.

РЕСЕЙ ЭКОНОМИКАСЫ СОҚҚЫҒА ТӨТЕП БЕРЕ АЛА МА?

2014 жылдан бастап Ресей АҚШ санкцияларынан төнетін қауіптен қорғану амалдарын күшейтіп келеді.

SWIFT, Visa мен Mastercard баламасын жасап, бюджет шығынын қатаң шектеп отыр. Бюджет профициті Батыс демократиясында сирек болады.

Үкімет валюта мен алтын қорын көбейтті. Бұл қор 620 миллион долларға жетіп, әлем бойынша төртінші орында тұрған Үндістанға жақындап қалды.

Ұлттық қорда "төтенше жағдайда" қолдануға болатын $200 миллиард доллар бар.

"Санкция салынбаса, Ресей қоры алдағы жылы 20 миллиард долларға өсуі мүмкін" дейді Рыбакова.

Оның айтуынша, Ресей үкіметіне ылғи да қосымша санкция қаупі төніп тұрады және үкімет осы жағдайда жұмыс істеуге дағдыланып қалған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG