Accessibility links

"Азалы митинг" өткізуге рұқсат бермеген Алматы әкімдігі "Досаевтың тағайындалуына қарсы" акцияға келісім берді


Жуырда Алматы әкімі болып тағайындалған Ерболат Досаев.
Жуырда Алматы әкімі болып тағайындалған Ерболат Досаев.

Алматы әкімдігі "Ерболат Досаевты қала әкімі ретінде тағайындауға қарсылық танытпақ болған" белсенділерге митинг өткізуге рұқсат берді. Қалалық қоғамдық даму басқармасы тұрғындарға 5 ақпанда Шоқан Уәлиханов атындағы алаңда акция өткізуге рұқсат берді.

—Біз [митингіге] шығамыз, себебі Досаевтың Алматы әкімі болып тағайындалуына қарсымыз. Оның бұрын қайда, қалай жұмыс істегенін жақсы білеміз. Ұлттық банкті басқарып тұрған шақта белсенділермен бірге банк ғимаратына барып, шығуын талап еткенбіз. Бірақ ол шықпады. Бұл диалогқа бармайтын адам, – деді митингті ұйымдастырушылардың бірі Әйгерім Тілеужан.

Қазан айында Демпартия құрғысы келетін бастама тобы Нұр-Сұлтанда Ұлттық банк ғимаратына барып, несие амнистиясын талап еткен. Белсенділер сол кезде Ұлттық банкті басқарған Ерболат Досаев шығып, талап-тілектерімізді тыңдасын деген талап айтқан. Досаев осы аптада Алматы әкімі болып тағайындалды.

Тілеужанның айтуынша, 5 ақпанға жоспарланған акцияға қандай да бір ұйым немесе қозғалыстың қатысы жоқ. Ол акцияда әкімдерді халық сайлауы тиіс деген талап айтылатынын жеткізді.

—Біз әкімдерді өзіміз сайлағымыз келеді. Егер [президент Қасым-Жомарт Тоқаев] "еститін мемлекет" туралы айтса, оны Алматыдан бастау керек, – деді Тілеужан.

Ол билік рұқсат етсе де, етпесе де белсенділердің акцияға шығуға бекінгенін айттты.

Бұған дейін өзге белсенділер Алматы әкімдігінің Республика алаңында Қаңтар қырғынын еске алып, азалы митинг өткізуге рұқсат бермегенін хабарлаған. Билік оларға карантинді алға тартып, қалада қоғамды шара өткізуге тыйым салынғанын айтқан. Қоғамдық даму басқармасының жетекшісі Диас Есдәулетов Азаттыққа белсенділер көрсеткен орын "мәслихат бекіткен тізімде көрсетілмегендіктен" шараға рұқсат берілмегенін айтқан. Қалада ресми түрде митинг өткізетін үш орын бар: Ганди атындағы саябақ, Уәлиханов алаңы және "Сарыарқа" кинотеатрының арты.

Қазақстанда 2020 жылы мамыр айында бейбіт жиын өткізу тәртібі туралы жаңа заң қабылданған. Оған сәйкес, митинг өткізу үшін әкімдікке "ескерту жіберу ғана жеткілікті". Алайда құқық қорғаушылар іс жүзінде аталған заң митинг өткізу мүмкіндігін жеңілдетпегенін, құжат бұрынғыша әкімдіктен рұқсат алуға міндеттейді деп айтқан. Билік құжатты "демократияға ірі бетбұрыстың" көрінісі деп атаса, құқық қорғаушылар мен сарапшылар "жаңа заңда ескі шектеулер сақталып қалғанын" айтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG