Accessibility links

Путин Украинаның жікшіл екі аймағын "тәуелсіз мемлекет" деп танып, әскер кіргізуді бұйырды


Украинаны қолдауға шыққан демонстранттар Ақ үйдің алдында тұр. Вашингтон, АҚШ, 20 ақпан 2022 жыл.
Украинаны қолдауға шыққан демонстранттар Ақ үйдің алдында тұр. Вашингтон, АҚШ, 20 ақпан 2022 жыл.

Ресей билігі Украинаның шығысындағы сепаратистік "ДХР" және "ЛХР" деп аталатын құрылымдарды "тәуелсіз мемлекет" деп танитынын мәлімдеді. Ресей президенті Владимир Путин аталған екі аймаққа Ресей әскерін кіргізуге бұйрық берді. Киев пен Батыс мемлекеттері Мәскеудің бұл қылығын айыптап жатыр.

Ресей президенті Владимир Путин 21 ақпан кешке телеарна арқылы халыққа арнайы үндеуінде Кремль Украинаның шығысындағы сепаратистік "Донецк халық республикасы" және "Луганск халық республикасы" деп аталатын құрылымдарды "тәуелсіз мемлекет" деп танып, олармен "достық пен ынтымақтастық келісімін" жасайтынын мәлімдеді. Келісімде Ресейдің аталған екі аймаққа әскери көмек көрсететіні де айтылған.

Бір сағатқа жуық сөйлеген сөзінде Путин Украинаны "Ресейге жау пиғылдағы, өзінің тарихы жоқ, большевиктер мен тікелей Лениннің "орыс жерлеріне" Донбасты қосып құрастырған мемлекет" деп атады. СССР ыдыраған соң Ресей Украинаға достық көмегін көрсетіп келді, бірақ Киев "мемлекеттігін бізді біріктіретін нәрсенің барлығын мансұқ ете отырып құруды" ұйғарды, сол шақта "нацизм мен русофобия өршіді" деді Путин.

Ресей президенті қазір Украина "Батыс сырттан басқаратын қуыршақ" елге айналды, Батыс пен НАТО оны Ресейге тұтқиылдан шабуыл жасайтын плацдарм ретінде пайдалануға жоспарлы түрде дайындалып жатыр деп санайды. Путиннің сөзінше, Украина көп ұзамай НАТО құрамына бәрібір кіреді, сол кезде "олардың дыбыстан шапшаң ұшатын зымырандары Ресейге 5 минутта жететінін болады".

Путин Батыс пен НАТО-ның көздеген тарихи мақсаты – Ресейдің дамуын тежеу, ал Киев "жеті жыл бұрынғыдай лезде жеңіске жетуді" көксейді деп санайды. "Батыс қаруы толассыз келіп жатыр, НАТО орталықтары күллі Украинада, бір кезде Суворов азат еткен қалаларда да ашылған" деді Ресей президенті. Ол осының барлығына өзі "мемлекеттік төңкеріс" деп санайтын Украинада 2014 жылы болған оқиғалар мен Майданды айыптады. Сол оқиғалардан кейін Донбаста "үңгірдегі ұлтшылдыққа қарсы шыққан" "төрт миллионға жуық адам геноцидке ұшырады" деп мәлімдеді Путин.

Киев барлық агрессиялық іс-әрекетін батыс арнайы қызметінің тікелей қолдауымен және солардың басшылығымен дайындайды деп санайды Ресей президенті. Путиннің пікірінше, Украина билігінің ядролық қару жасауға мүмкіндігі бар, ал ол елдің аумағында "іс жүзінде НАТО базалары орналасып алған".

"Ресей халқы мені қолдайтынына сенімім кәміл" деп сөзін аяқтады Путин.

Ресей президенті Владимир Путин Ресей мен Украинаның шығысындағы "ДХР" және "ЛХР" сепаратистік құрылымдары арасындағы достық пен ынтымақтастық қарым-қатынас туралы келісімге қол қойып отыр. Мәскеу, 21 ақпан 2022 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин Ресей мен Украинаның шығысындағы "ДХР" және "ЛХР" сепаратистік құрылымдары арасындағы достық пен ынтымақтастық қарым-қатынас туралы келісімге қол қойып отыр. Мәскеу, 21 ақпан 2022 жыл.

Бұдан соң "Россия 24" федералдық телеарнасы Мәскеу Украинаның шығысындағы жікшіл құрылымдарды "тәуелсіз мемлекет" деп танитыны, олармен достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы келісімдерге Кремльде Ресей президенті Путин, "ДХР" басшысы Денис Пушилин және ЛХР басшысы Леонид Пасечник қол қойған сәтін көрсетті. Құжаттарда Ресей қарулы күштері өзін-өзі жариялап алған жікшіл аймақтарда "бейбітшілікті қолдау міндетін атқаратыны", тараптар "бір-біріне қажет көмек (әскери көмек те) көрсететіні" жазылған. Бұған қоса, бір-бірінің аумағында әскери база салу мүмкіндігі туралы да айтылған. Путин дүйсенбіде қол қойған жарлықта Ресей қарулы күштеріне аталған жікшіл екі аймақта "бейбітшілікті нығайту" міндетін тапсырған.

Келісімде Ресей сепаратистік құрылымдардың қай аумағын "тәуелсіз" деп танитыны егжей-тегжейлі жазылмаған.

Азаттықтың Орыс қызметінің жазуынша, әзірге әскер кіргені жөнінде расталған ақпарат жоқ. Бірақ әлеуметтік желілерде "Донецкіге кетіп бара жатыр" деп сипатталған әскери техникалардың видеолары тарады.

Сейсенбі күні Ресей мемлекеттік думасы мен федерация кеңесі Ресей мен сепаратистік "ДХР" мен "ЛХР" басшылары қол қойған келісімді жедел қарап, ратификацияламақ. Бұл туралы мемлекеттік думаның халықаралық істер жөніндегі комитетінің төрағасы Леонид Слуцкий, мемлекеттік дума төрағасының орынбасары Петр Толстой айтқан.

2014 жылы көктемде Ресей Қырым түбегін аннексиялап алғаннан кейін іле-шала Украинаның шығысында өздерін "Донецк халық республикасы" және "Луганск халық республикасы" деп атаған құрылымдар пайда болған. Ол кезде Мәскеу сепаратистерді "тәуелсіз мемлекет" деп таныған жоқ, бірақ әртүрлі жәрдем көрсетіп, ең алдымен әскери көмек берген. Украина қарулы күштерімен шайқастан соң сепаратистер Луганк пен Донецк облыстарындағы ауқымды бөлікке бақылау орнатқан.

Ресей президенті Владимир Путиннің Украинаның шығысындағы "ДХР" мен "ЛХР" сепаратистік құрылымдары "тәуелсіздігін" тану туралы шешімін қуана құптаған Донецкідегі ресейшіл сепаратистер. 21 ақпан 2022 жыл.
Ресей президенті Владимир Путиннің Украинаның шығысындағы "ДХР" мен "ЛХР" сепаратистік құрылымдары "тәуелсіздігін" тану туралы шешімін қуана құптаған Донецкідегі ресейшіл сепаратистер. 21 ақпан 2022 жыл.

2014 жылдың көктемінен бері Донбастағы қарулы қақтығыстар салдарынан 13,2 мыңнан астам адам қаза тапқан.

Қазір "ДХР" мен "ЛХР" Украинаның шығысындағы Донецк пен Луганск облыстары аумағының үштен бірін бақылауда ұстап отыр. Ал қалған үштен екісі Украина үкіметінің бақылауында. Алайда сепаратистер екі облыстың аумағына тұтас иелік етеміз деп есептейді.

КИЕВТІҢ ЖАУАБЫ

Украина президенті Владимир Зеленский 22 ақпанға қараған түні халқына жасаған үндеуінде "Ресейдің мәлімдемелері мен іс-әрекетіне қарамастан, Украинаның халықаралық деңгейде мойындалған шекарасы сол қалпында қалатынын" айтты.

Украина президенті Владимир Зеленский.
Украина президенті Владимир Зеленский.

Ресейдің қылығын Украинаның егемендігі мен жерінің тұтастығына қол сұғу деп бағалаған Зеленский Мәскеу бұл іс-әрекетімен Минск келісімдерінен біржақты түрде шығатынын және "норман форматы" аясында қабылданған шешімдерді елемейтінін аңғартып отыр деп санайды.

"Бүгінгі және ертең қабылдауы мүмкін шешімдерімен Ресей Донбаста шын мәнінде 2014 жылдан бері жүрген өз әскерін заңды қылып шығармақ. Сегіз жыл бойы соғысқа дем беріп келген ел, өзі айтып отырғандай, бейбітшілікке қолдау көрсете алмайды" деген Зеленский.

Ол қазіргі жағдайға байланысты Батыс елдері басшыларымен келіссөздер жүргізгенін, енді Еуропадағы қауіпсіздік және ынтықмақтастық ұйымы арнайы отырысын, "норман төрттігі" шұғыл саммит өткізетінін хабарлады.

Зеленский 21 ақпанда кешке Twitter-парақшасына: "Кейінгі бірнеше сағатта болған оқиғаларды АҚШ президентімен талқыладық @POTUS). Біз ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесі отырысын бастаймыз. Британ премьері Борис Джонсонмен де әңгімелеспекпіз" деп жазды.

Путиннің "ДХР" мен "ЛХР" сепаратистерінің "тәуелсіздігін" мойындайтыны жайлы дүйсенбідегі мәлімдемесінен кейін Украина бас прокуратурасы қылмыстық кодекстің ел шекарасын өзгертуге үндеу бабы бойынша іс қозғаған. Бұл туралы 21 ақпанда бас прокурор Ирина Венедиктова Facebook-парақшасына жазды.

"Біздің прокурорлар бұл іспен "толық айналысатын" болады. Бұл жабық клуб мүшелерінің шетелге шопинг жасауға шығуы қиындайтынына уәде береміз" деді Венедиктова.

Украина НАТО одағына мүше болуға ниетті екенін 2019 жылы өз конституциясында бекіткен. Украина президенті Владимир Зеленский өз елін қатарына алуға шақырып, НАТО-ға бірнеше рет үндеу жасаған.

Дүйсенбіде президент Путин халыққа үндеуін аяқтағаннан кейін іле-шала халықаралық биржаларда Ресей валютасы рубльдің бағамы бірден үш проценттен артық төмендеп кетті, қазір де түсіп жатыр деп хабарлайды Азаттықтың Орыс қызметі.

ӨЗГЕ ЕЛДЕРДІҢ РЕАКЦИЯСЫ

Еуропа одағы Ресейдің "ДХР" мен "ЛХР" сепаратистік құрылымдарының "тәуелсіздігін" тануын халықаралық құқықты мүлде мансұқ ету деп санайды. Брюссель Мәскеуге "қатаң жауап" беретінін Еуропа одағының сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі Жозеп Боррель Twitter-парақшасына жазды:

НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг мәлімдемесінде: "Ресейдің өзін өзі жариялаған "ДХР" мен "ЛХР"-ды тану туралы шешімін айыптаймын. Бұл Украинаның егемендігі мен жерінің тұтастығын одан сайын бұзып, жанжалды реттеу жөніндегі күш-жігерді мұқалтады, Ресейдің өзі қатысқан Минск келісімін бұзады" деген.

"НАТО Украинаның егемендігі мен халықаралық деңгейде танылған шекара аясындағы жерінің тұтастығын қолдайды" деді Столтенберг.

Бұған дейін АҚШ пен Батыстың өзге елдері егер Ресей әскері Украинаға басып кіретін болса Мәскеуге қарсы қатаң санкция салатынын мәлімдеген.

Әлемде Ресейден басқа мемлекеттердің барлығы"ДХР" мен "ЛХР" сепаратистері бақылайтын аумақты Украина жері деп біледі.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҰСТАНЫМЫ

22 ақпанда Қазақстан сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Ресей мен Украина арасындағы жағдайға байланысты Қазақстан ұстанымы талқыланып жатыр деп мәлімдеді.

– Қазір жағдай күрделі. Шиеленісіп бара жатыр. Ал Қазақстанның ресми ұстанымы қазір талқыланып жатыр, - деді министр журналистерге.

Ресей-Украина шиеленісінде Қазақстанның ұстанымы қандай болмақ? Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің жауабы (22 ақпан 2022 жыл.)

Украинаның шығысындағы сепаратистік құрылымдардың "тәуелсіздігі" туралы сұраққа "ЛХР" мен "ДХР" тәуелсіздігін мойындау туралы мәселе тұрған жоқ" деп жауап берген Тілеуберді Қазақстан халықаралық құқық негізіне және БҰҰ позициясына сүйенетінін айтты.

Сыртқы істер министрінің сөзінше, Қазақстанның Киевтегі елшілігі қызметкерлері қазір "толық құрамда жұмыс істеп жатыр".

"Олар Украинадағы Қазақстан азаматтарымен байланыста отыр. Оларды эвакуациялау мүмкіндігі туралы жоба да қарастырылған. Азаматтарымызға қандай да бір әскери қимыл басталған жағдайда дереу Киевтегі елшілікке хабарласуға кеңес береміз" деді министр Тілеуберді.

"Қазақстан мүше болып табылатын Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымынан Украинаның шығысындағы сепаратистер бақылауындағы аумаққа әскер жіберілуі мүмкін бе?" деген сұраққа Қазақстан сыртқы істер министрі "жоқ" деп жауап берді.

– ҰҚШҰ жарғысы әскер мен бітімгершілік күштерді пайдалануды қатаң шектейді. Олар тек ҰҚШҰ аумағында ғана (оған Ресей, Армения, Қазақстан, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан мүше – ред.) пайдаланыла алады. Өздеріңіз білесіздер, жуырда ҰҚШҰ бас хатшысы бітімгершілік контингентті "ДХР" мен "ЛХР" аумағына жіберу ықтималдығы туралы мәселеге түсініктеме берді. Оның айтуынша, бұл іс жүзінде мүмкін емес. Оны жіберу үшін арнайы резолюция бар, БҰҰ қауіпсіздігінің арнайы мандаты бар. Сол себепті бұл мәселе [күн тәртібінде] тұрған жоқ, – деді Мұхтар Тілеуберді.

Өткен аптада Қазақстан парламенті мәжілісі Ресеймен әскери ынтымақтастық орнату туралы келісімді ратификациялаған. Сейсенбі күні журналистер министрге "осы келісімге сәйкес, Қазақстан Ресейге әскери көмек жіберуі мүмкін бе?" деген сұрақ қойды.

"Аталған келісім тек әскери-техникалық ынтымақтастықты қарастырады" деді министр. "Ең біріншіден, ол әскери техниканы сатып алу, бірге әскери жаттығулар өткізу, сондай шараларды көздейді" деп жауабын нақтылады.

САРАПШЫ ПІКІРІ

Азаттық 21 ақпан кешке Ресей мен Украина арасындағы жағдайға байланысты әскери-саяси мәселелер бойынша тәуелсіз сарапшы Юрий Федоровтан пікір сұраған еді.

Тәуелсіз сарапшы Юрий Федоров.
Тәуелсіз сарапшы Юрий Федоров.

– Ресейде де, Батыста да саясаткерлер мен журналистердің "Путин кезекті рет "қызыл сызықты" аттап өте ме?" деген сауал төңірегінде түрлі болжам жасағанына бірнеше апта болды. Ол шешімін айтты. Ендігі оқиғалар өте қауіпті сипат ала бастайды. Қоғам әзірге аса назар салмай отырған маңызды сұрақ бар: Кремль бұл құрылымдарды қандай шекарасымен танып отыр? "ДХР" мен "ЛХР" Донецк және Луганск облыстарының тұтас аумағына иелік еткісі келеді. Егер Ресей де соны қолдаса, онда Украинамен соғыс сөзсіз болады: "ЛДХР" Украинадан ол жерді күштеп тартып алуға тырысады, [қол қойылған] келісімде оларға қолдау көрсетуге міндеттеме алған Мәскеу барлық қажет әскери көмегін береді.

Соғыс қалай аяқталатынын ешкім тап басып айта алмайды. Ол қарулы күштердің аз-көбімен ғана емес, сонымен бірге солдаттар мен офицерлердің біреуді өлтіруге я өзі өлімге бас тігуге қаншалықты дайын екендігіне де байланысты. Украина армиясы өз жерін, өз үйін, өз отбасын қорғайды. Ал ресейліктер ше?

Ең нашар вариантты қарастырайық: ұзаққа созылған және ауыр соғыстан кейін Ресей армиясы Украинаның бірнеше облысын басып алды делік. Ары қарай не болады? Бұл облыстарды бағындырып ұстау үшін жүздеген мың сарбаз бен полицей қажет болмақ. Бүгін [ресейлік] президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары Дмитрий Козак Ресей "ДХР" мен "ЛХР"-ды қолдауға көп қаржы жұмсап жатқанын аңдамай айтып қалды. Ертеңгі күні ол шығын ондаған есе ұлғаюы мүмкін. Және ең қорқыныштысы сол – Украинаның, Ресейдің, Еуропаның, бәлкім бүкіл әлемнің тағдыры бір адамның қолында тұр. Меніңше, ол жұрттың барлығынан да күдіктенеді әрі өзін өзгелерден артықпын деп санайтын сияқты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG