Accessibility links

"Роскомнадзор" Ресейде медиаресурстарды әлі де жаппай бұғаттап жатыр


Ресейдің байланыс, ақпараттық технология және бұқаралық коммуникация саласын бақылау жөніндегі федералдық қызметі ("Роскомнадзор") медиаресурстарды әлі де жаппай бұғаттап жатыр. 6 наурызда мекеме "Эхо Кавказа" (Азаттық радиосының жобасы), "Сноб", "Собеседник", "Агентство", "Эхо Москвы в Челябинске" басылымдарының сайттарын және Ресейдің біраз аймақтық ақпарат құралын, Украинаның бірнеше ресурсын ашылмайтын етіп тастады. Мұны бұғатталған сайттар тізімін жасап жатқан "Роскомсвобода" құқық қорғау жобасы хабарлады.

"Медиазонаның" дерегі бойынша, бұғатталған сайттар арасында азаматтық белсенділер туралы мәлімет беретін Activatica мен Калифорниядағы орыс диаспорасының SlavicSac сайты бар. Ресей бас прокуратурасының 24 ақпандағы талабы негізінде ел аумағында бұл сайттарға шектеу қойылды.

5 наурызда осы мекеменің талабымен оншақты басылым, соның ішінде Азаттық радиосының жобалары: "Север.Реалии", "Сибирь.Реалии", "Кавказ.Реалии", "Idel.Реалии", "Фактограф", "Маршо Радио" және "Азатлык" ашылмай қалған.

4 наурызда Ресей президенті Владимир Путин "Ресей армиясына қатысты фейктер туралы" заңға қол қойды. Ол заң бойынша, елдің Украинадағы "әскери операциясын" "соғыс" деп атағандар 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Қылмыстық қудалау қаупі туғандықтан, ВВС-дің орыс қызметі Ресейдегі жұмысын уақытша тоқтатты, "Новая газета" Ресейдің Украинаға шабуылы туралы материалдарды алып тастайтынын хабарлады, The Bell Украинадағы соғыс туралы мүлде жазбайтынын мәлімдеді.

Соғыс басталғалы "Настоящее Время", "Крым.Реалии", New Times, "Тайга.Инфо", DOXA, "Эхо Москвы", "Дождь", "Медуза", BBC, Азаттықтың Орыс қызметі ("Радио Свобода"), "Голос Америки", Deutsche Welle және басқалар бұғатталды. Бұған қоса, Роскомнадзор Facebook пен Twitter-ді бұғаттады. Азат Еуропа/Азаттық радиосы 4 наурыздан Ресейдегі бюросының қызметін тоқтатты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG