Accessibility links

"Ресейге қайтпаймыз". Қазақстанға көшкен украин отбасының хикаясы


Мәскеуден кетіп, Шымкетті паналаған украин Микитенко отбасы. 10 наурыз, 2022 жыл.
Мәскеуден кетіп, Шымкетті паналаған украин Микитенко отбасы. 10 наурыз, 2022 жыл.

Наурыз айының басында он жылдан бері Ресейде тұрған Петр Микитенко отбасымен үй-жайын, жұмысын тастап Қазақстанға көшуге мәжбүр болды. Ресейдің Украинаға шабуылынан соң украин отбасының өмірі өзгерген. "Мәскеуде моральдық, психологиялық тұрғыдан шыдап, өмір сүру мүмкін емес" деген ол Шымкентте уақытша тіркеуге тұрып, жалдамалы жұмыс тапқан.

"СОҒЫС БАСТАЛДЫ ДЕГЕНДЕ СЕНБЕДІК"

Украинада туған 35 жастағы Петр мен 33 жастағы Анастасияның үш баласы бар. Үлкені – 8, кенжесі 2 жаста. Ерлі-зайыпты осыдан 10 жыл бұрын Киевтегі Карпенко-Карый атындағы театр, кино және телевизия ұлттық университетін бітіріп, Мәскеуге көшкен. Петр – режисер, актер, Анастасия – актриса. Екеуінің де ұлты – украин.

Мәскеуге келген соң Петр мен Анастасия мәдениет саласында жұмыс істеген. Театрда ойнаған, киноға түскен. YouTube-та өз арнасы бар. 2015 жылы Украин азаматтығына қоса Ресей азаматтығын алған. Тұңғышы – Украинада, екі баласы Ресейде туған.

– Кезінде Мәскеу, ондағы театр, мәдениет бізге арман болды. Арман қуып Ресейге келдік. Өмір сүруге бар жағдайды жасадық. Үй-жай, көлік алдық, тұрақты табысымыз да болды. Ортада сыйлы болдық, – дейді Анастасия өткен күнін еске алып.

"Ресейде бөтен екенімізді түсіндік". Қазақстанға көшкен украин отбасының хикаясы
please wait

No media source currently available

0:00 0:06:14 0:00

24 ақпанда Ресей әскері Украинаға басып кірген соң Микитенко отбасының өмірі өзгерді. Арада екі апта өткенде олар үй-жайын, дүние-мүлкін тастап, Ресейден көшіп кетуге мәжбүр болды.

– Таңсәрі еді. Үйде YouTube-қа жүктеу үшін өлең оқып, таспаға түсіріп отырдым. Жаттығуға кеткен Анастасия қоңырау шалып, "Ресей Украинаға шабуылдады" деді. "Бұл – фейк" деп жұмысымды жалғастыра бердім. Соңғы сәтке дейін сенбедік. Украинада, Беларусьпен шекаралас аймақта тұратын туыстарымыз "Ресей әскері кірді" дегенде әрі-сәрі күйге түстік. Жанымыз күйзеліп кетті. Қол-аяғымыз дірілдеп, ұйқы, күлкіден қалдық. Қас-қағым сәтте өміріміз өзгерді. Жеке бас қауіпсіздігін ойладық. Ресейде әскери жағдай енгізілсе, елден шыға алмай қалу қаупі туды. Мені де әскерге алып кетуі мүмкін деген ой келді. Психологиялық-моральдық тұрғыдан өте қиын жағдайда қалдық. Көп өтпей Ресейден кетеміз деп шештік, – дейді Петр.

Петр мен Анастасия 6 наурыз күні Мәскеуден кетуге бел буған. Еуропаға ұшуға балаларының төлқұжаты дайын болмай, жеке куәлікпен жүруге болатын Қазақстанға билет іздеген. Бірер сағатта ең қажет деген заттарын жинап, Мәскеу–Шымкент бағытындағы ұшақпен Қазақстанға жеткен.

"УКРАИНА ӨРТКЕ ОРАНҒАНДА МӘСКЕУДЕ ҚАЛУ МҮМКІН ЕМЕС ЕДІ"

Петр мен Анастасия Ресейге қайта оралғысы келмейді. Украинаға бару мүмкіндігі туса, елге қайтатынын айтады. Қазір олардың бар уайымы – соғыс алаңында қалған туыстарының амандығы.

Анастасияның сөзінше, Украинадағы туыстарының барлығы дерлік майдан алаңында жүр. Одессада ағасы мен інісі соғыста, ата-анасы ағасының балаларымен жертөледе бас сауғалап жатыр. Петрдің туыстары Киев облысында, ағасы әскер қатарында. Жарықсыз, ас-сусыз қалған Мариуполь қаласында тұратын досы хабарсыз кеткен. Алғашқы күндері туыстары жіберген соғыс алаңынан түсірген видеоларды көріп, шошыған.

Еріктілер Петр мен Анастасияның отбасына Шымкенттен пәтер жалдап берген.
Еріктілер Петр мен Анастасияның отбасына Шымкенттен пәтер жалдап берген.

– Бірінші күні күйеуімнің әпкесі жылап хабарласты. Бір сағаттан бері тоқтаусыз Ресей танкілері Беларусь шекарасынан Украинаға кіріп жатыр деді. Ауыл тұрғындары жертөлелерге тығылған. Көпшілігі мектепті паналаған. Сол мектепті басқыншылар шабуыл жасаған. Мектеп алдына шыққан бес адамның сүйегі әр жерде шашылып жатты... Одессада соғысып жатқан ағам видео салды. Оқтың астында жүрген адамдар біріне бірі "қаш", "жат" деп бұйырып жүр. Ал олардың үстіне оқ өткізбейтін кеудеше де жоқ... 23 жастағы інім соғыс алаңында. Қайда екені белгісіз. Телефонмен әркез "тірімін" деп жазған сөзін медет тұтатымыз. Петрдің ағасы бір аптадай байланысқа шықпай қалды. Аман болса екен деп қатты уайымдадық. Байланысқа шыққанда, жүрегіміз бір сәт орнына түсті, – дейді Анастасия көзіне жас алып.

Петр мен Анастасия Украинадағы жағдай туралы Мәскеуде жылдар бойы аралас-құралас жүрген адамдарға түсіндірмек болған. Бірақ олардың барлығы дерлік Ресейдің Украинаға басып кіруін қалыпты жағдай дегенде жүрегін зіл басқан. Тіпті достарының өзі басқыншылықты қолдап, бұларды болып жатқан жайтқа мән бермей, шыдамды болуға шақырған. Кейбірі "Украинаны ұлтшылдардан тазартсақ, қалыпты өмірге көшеміз" деген.

Оған қоса Ресей телеарналарында Украинаны "ұлтшылдардан тазарту", "қарусыздандыру", "әскери операция", "украин халқына жәрдемдесу" деген сарында хабарлар үнемі беріліп тұрады.

– Мәскеудегі қоғамдық орындардың көбіне теледидар қойылды. Ресей әскері Украинада қанша адамды өлтіріп, "тазалағаны" жөнінде хабар тарағанда моральдық тұрғыдан мұнда қалу мүмкін емес деп шештік. Бұған төзе алмадық. Украина қирап, өртке оранып, адамдардың өлгенін көргенде жүрегіміз қарс айырылды. Ресейде қалу мүмкін емес екеніне көзіміз жетті, – дейді Петр.

Оның сөзін жалғаған Анастасия:

– Өте ауыр жағдай. Бір сәтте досымыз дұшпанға айналғанда бейнебір ауа жетпей тұншығып бара жатқандай күй кештім. Күйеуіме Украинаға жете алмасақ та, Ресейден шығып кетейікші дедім. Сөйтіп бір сөмке киіммен елден кетіп қалдық. Соғыс бізге Ресейдің бөтен ел, Украина – Отанымыз екенін түсіндірді. Он жыл өз-өзімізді алдап жүргенімізді дәлелдеп берді. Қазір украиндар елін, жерін сақтап қалу үшін жанын беріп жатыр. Қарайсың да украин екеніңе мақтанасың, марқаясың. Қазақстан Ресейге жақын болғанымен мұнда өзіңді қауіпсіз сезінесің. Бұл жерден ең құрығанда басқа елге ұшып кетуге мүмкіндік бар. Ендігі анығы сол – Ресейге қайтпаймыз, азаматтығынан бас тартамыз, – дейді Анастасия.

"ЕҢ АРЗАН БИЛЕТ ШЫМКЕНТКЕ ЕКЕН"

"Неге Шымкентті таңдадыңыздар?" деген сұраққа Микитенколардың жауабы өте қарапайым болды. Себебі Мәскеуден ең арзан әуе билеті осында болған. Оңтүстіктегі Шымкентке келіп жайғасқаннан соң олар құжаттарын реттеу үшін Нұр-Сұлтандағы Украина елшілігіне барады. Анастасия астананың суығынан шошып қалғанын айтады.

– Күн суық, қатты жел тұрды. Мүмкін біз сондай боранды күнге тап болдық па, білмеймін, мұндай желді Мәскеуде көрген емеспін. Шамамен 500 метр жаяу жүрдік. Суықтан бетіміз жарылып кетті. “Үнемі осындай жел соға ма?” деп сұраған едік “бүгін ауа райы жақсы, аздап жел тұрып тұр” деді. Балаларым да “мама, суық” деп шырылдады. Ауырып қала ма деп алаңдадық, – дейді ол.

Шымкентке қайтып барған соң Микитенколар бұл жақтың климаты Нұр-Сұлтандікінен мүлде басқа екенін байқайды.

– Балалар мәз-мейрам, сыртқа еркін шығып, ойнап жүр. Халқы да жайлы, мейірімді көрінді. Бізге қол ұшын созған да осы Шымкент тұрғыны. Өзге ел, бейтаныс орта болған соң мұндай көмекке зәру едік. Олар бізге моральдық, материалдық жағынан да көмек беріп жатыр. Бұл үшін алғысымыз шексіз, – дейді Анастасия ризалықпен.

Анастасия Микитенко қызымен
Анастасия Микитенко қызымен

Украин отбасына алғашқылардың бірі болып көмектескен шымкенттік кәсіпкер Серғазы Бекмұрат мұндағы азық-түліктің басқа қаладан арзандығы да босқын болып келген оларға көмек екенін айтады. “Тамақ арзан, суы дәмді, наны тәтті екен дейді. Петрдің табысы бұрынғыдай болмауы мүмкін, бірақ ол жетеді деді. Уақытша болса да жұмыстың табылғанына балаша қуанып жүр” дейді ол.

Серғазы Шымкентте Микитенко отбасына пәтер табу қиындау болғанын айтады. Қала орталығына жақын, жаңа үй болмаса да өмір сүруге ыңғайлы әрі жылы екі бөлмелі пәтерді еріктілер үш айға жалға алған.

– Пәтер жылы, тыныш, базар да жақын, саябақ тиіп тұр. Аулада балалар алаңшасы бар. Бұдан артық не керек? Бастысы қауіпсіз жерге жеттік, – дейді Петр.

"КӨЗДЕРІ МҰҢДЫ КӨРІНДІ"

Микитенко отбасына көмектескен еріктілердің басы-қасында жүрген Серғазы олармен Шымкент темір жол вокзалында танысқан.

– Украинадағы жағдайға бәріміз алаңдап отырмыз ғой. Олардың украин екенін естігеннен сөзге тарттым. Артық сөзі жоқ, өте сыпайы, мәдениетті жандар екен. Көздері мұңды, көңіл-күйі жоқ, шаршап тұрды. Нұр-Сұлтанға Украина елшілігіне баратынын айтты. 4 күннен кейін қайта хабарласып, Шымкентке келді. Еріктілермен бірге үш айға пәтер жалдап, ыдыс-аяғына дейін алып бердік, – дейді кәсіпкер.

Кәсіпкердің сөзінше, Петр отбасын асырау үшін жалдамалы жұмыс тапқан. Тапсырыспен видео түсіріп жүр. Отбасымен бірге қалалық көші-қон полициясына барып, уақытша тіркеуге тұрған.

Соғыс басталғаннан бері Украина мен Ресейден Қазақстанға, оның ішінде Шымкентке көшіп келгендер туралы айтылғанымен олардың саны, тіркеу тәртібі туралы қалалық көші-қон полициясы басқармасынан ақпарат алу мүмкін болмады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG