Accessibility links

15 күнге қамалған азаматтық белсенді Санавар Закированың жазасы қысқартылды


Санавар Закирова.
Санавар Закирова.

13 сәуірде Нұр-Сұлтан соты “митинг өткізу тәртібін бұзды” деген айыппен 15 тәулікке қамалған азаматтық белсенді Санавар Закированың аппеляциялық арызын қарап, қамау мерзімін бес тәулікке қысқартты. Бұл жөнінде Азаттыққа белсендінің жақтастары хабарлады.

Санавар Закирова Нұр-Сұлтан қалалық мамандандырылған әкімшілік соты қаулысымен 11 сәуірде қамауға алынған. Оған белсендінің 2021 жылы жазда бас прокурордың отставкасын талап етіп шыққан жеке пикеті себеп болған. Сот Закированы “бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру мен өткізу тәртібін бұзды” (Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс 488-бап 6-тармақ) деп таныған.

Оның адвокаты Гүлшат Дүйсенова белсенді тағылған айыпты мойындамағанын айтады. Нұр-Сұлтан соты белсендінің апелляциялық шағымын 13 сәуірде қарап оның түрмедегі мерзімін 15 тәуліктен 5 тәулікке дейін қысқартқан.

54 жастағы азаматтық белсенді Санавар Закирова биыл 6 cәуірде Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігіне президент Қасым-Жомарт Тоқаевты қаңтарда "бейбіт азаматтарға ескертусіз оқ атуға бұйрық бергені үшін" Гаага сотына тартуды талап етіп, әкімдікке ескерту түсірген. Бірақ пикетке рұқсат берілмеген. Бұл күні Закирова өзі пикетке шықпаса да осы талаппен наразылық білдірген бірнеше жеке пикетшіні қолдап, әлеуметтік желіде шарадан трансляция жасаған. Кейін олардың бәрін полиция ұстап әкетіп, бірнеше сағаттан соң босатқан.

Азаматтық белсенді Санавар Закирова "әділетсіз сот шешімдерінің" күшін жоюды талап етіп, 2019 жылдан бері наразылық акцияларына шығып жүрген топ жетекшісі. Ол Facebook'те "Нұр Отан" (қазіргі “Аманат” партиясының бұрынғы атауы) партиясын жиі сынайды. Партия мүшелерімен жанжалдан соң 2020 жылы шілдеде "денсаулыққа қасақана зиян келтіру" бабы бойынша бір жылға абақтыға қамалған. Кейін қалған жазаны айыппұлмен алмастырып, бостандыққа шықты. Санавар Закирова өзіне тағылған айыпты мойындамай, "істің саяси астары барын" айтқан. Қазақстандық құқық қорғаушылар оны "саяси тұтқындар" тізіміне енгізген.

Белсенді Санавар Закирова 2018 жылдан бері "Наше право" деп аталатын партиясын тіркете алмай жүр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG