Accessibility links

"Үш айда сегіз өтініш". Астаналық екі белсенді Украинаны қолдап митинг өткізуге биліктен рұқсат ала алмай жүр


Украинаны қолдап бейбіт жиын өткізбек болған азаматтық белсенділер Әйгерім Шадеева мен Равкат Мұхтаровқа Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі осымен сегізінші рет келісім бермеді. Белсенділер Азаттыққа Украинаны қолдау неліктен маңызды екенін, митинг өткізу құқы үшін күресін қалай жалғастыратынын айтып берді.

"СЫНЫҚҚА СЫЛТАУ ІЗДЕУ" МЕ?

26 жастағы Әйгерім Шадеева Назарбаев университетінде экономика мамандығы бойынша білім алған, қазір HR саласында жұмыс істейді. Әйгерімнің университет қабырғасынан бері араласатын досы Равкат Мұхтаров 28 жаста. Екі жыл бұрын Равкат Канададан елге оралып, табиғи ресурстар экономикасы тақырыбында магистр дәрежесін қорғаған. Қазір Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында ауаның ластануы мәселесін зерттеумен айналысады.

Үш ай бұрын, 24 ақпанда Ресей Украинаға басып кіргенде Әйгерім Мәскеуде жүрген еді. Ол елге оралған соң Равкатпен бірге Нұр-Сұлтан әкімдігіне барып, Украинаны қолдап бейбіт митинг өткізу туралы өтініш берді. Осындай өтінішті кейін тағы бірнеше рет жазды. Бірақ қалалық ішкі саясат басқармасы түрлі сылтау айтып, кейде тіпті түсініксіз себептермен белсенділердің идеясын қолдамаған. Қазір Әйгерім мен Равкат діттегеніне жеткенше күресуге бекініп отыр.

Азаматтық белсенді Әйгерім Шадеева.
Азаматтық белсенді Әйгерім Шадеева.

– Сенбі, 28 мамыр күні бейбіт митинг өткізгіміз келетіні туралы өтінішті 17 мамырда бердім. 20 мамырда жауап келді. Осыған дейінгі өтініштерімде митинг өтетін орынға байланысты сылтаулар жиі айтылған соң, бұл жолы кез келген бос алаңды беруді сұрағам. "Алаңдардың ешқайсысы бос емес, сізге дейін басқа азамат өтініш беріп қойған" деген жауап алдым. Қатты қынжылдым, – дейді Әйгерім Шадеева.

Әйгеріммен бір күнде бейбіт жиын ұйымдастырмақ болған Ерболат Искаков деген азамат әкімдіктен қатарынан екі алаңда митинг өткізуге рұқсат алған. Әйгерім бұған таңғалғанын жасырмайды, өйткені Қазақстан заңдарына сәйкес, митинг ұйымдастырған адам қауіпсіздікке жауап береді, ал екі алаңдағы тәртіпті бірдей бақылау мүмкін емес.

– Әкімдіктің рұқсат бергені қаншалықты дұрыс? Оның үстіне, бұл азамат екі аптадан бері өтініш беріп жатыр. Заңда бұған тыйым салынбаған шығар, не де болса ол жарады, – дейді Әйгерім мысқылдап.

Бір күнде, бір алаңда екі адамның бейбіт жиын өткізуге ниет білдіруі Қазақстанда жиі кездесетін жайт. Нұр-Сұлтан қаласы ішкі саясат басқармасының дерегінше, мұндай жағдайда кім бірінші өтініш айтса, соған басымдық беріледі. Бірақ бұл жерде де әкімдіктің логикасын түсіну қиын.

Азаматтық белсенді Равкат Мұхтаров.
Азаматтық белсенді Равкат Мұхтаров.

– Маған да "басқа митинг өтеді" деп рұқсат бермеді. 25 наурызда 9 сәуірде митинг өткізу туралы өтініш бердім. Әкімдіктен болмайды деген жауап алдым, өйткені Елемесов деген азамат алдымды орап кетіпті. Ол туралы ақпарат таба алмадым, еш жерден оның митингіге шақырған жазбаларын көрмедім. Адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстандық бюроның құқық қорғаушысы митинг өтеді деген жерге барып, алаңның қоршалғанын көрген, бірақ бейбіт жиынға келген ешкім көзге түспеген, – дейді Равкат Мұхтаров.

Екінші рет Равкаттан бұрын Көмеков деген адам өтініш беріп үлгеріпті. Әдетте белсенділерге митинг өткізуге 2-2,5 сағат уақыт беріледі, ал Көмеков күндізгі 11:00-ден 17:00-ге дейін алаңда шара өткізуге рұқсат алған.

– Бұл біздің өтінішімізді қанағаттандырмау үшін жасалған жалған өтініштер болуы мүмкін… Бірақ кесіп айта алмаймын, – дейді Равкат.

Қазірге дейін Равкат Мұхтаров бес рет, Әйгерім Шадеева үш рет бейбіт жиын өткізу туралы өтініш тапсырған, бірақ жергілікті билік келісім бермеген. Әкімдік мұның себебін әртүрлі түсіндіреді. Белсенділер бұл себептер заңды көрінгенімен, "сынықтан сылтау іздеуге" ұқсайтынын айтады.

Белсенділердің бейбітшілікке үндейтін акция өткізуіне келісім бермеген билік мынадай себептерді алға тартқан:

  • Өтініш мәтінінде тұрғылықты мекенжайы көрсетілмеген – бұл деректердің eOtinish (азаматтардың арыз-өтінішін қабылдап, өңдеуге арналған бірыңғай платформа – ред.) порталында тұрғаны есепке алынбайды;
  • Наурыз мейрамы тойланады (14-31 наурыз аралығында қаладағы алаңдардың бәрінде тазалау жұмыстары мен экологиялық акциялар өткізу жоспарланған);
  • Алаңды жөндеу жұмысы біткен жоқ;
  • Басқа митингілер өтеді.

Әйгерім Шадееваның сөзінше, ішкі саясат басқармасы қызметкерлері шынымен жаны ашып, мәселеңді шешкісі келетін ыңғай білдіріп сөйлеседі. Бірде олар тіпті Әйгерімді митинг өтетін күнді белгілеу үшін әкімдікке шақырыпты.

– Телефонмен сөйлескенімде дұрыс жауап ала алмадым. Әкімдікке барсам, оларды көндіріп, митинг өткізуге мүмкіндік алармын деп үміттендім. Олар өте ашық, сыпайы көрінді, идеямды қолдауға дайын екенін айтты, бірақ содан бері бір де бір өтінішімді қанағаттандырмады, – дейді Әйгерім.

Белсенділер әңгіме барысында әкімдік қызметкерлері Ақжол мен Дәуреннің есімін жиі атады. Ақжол Қажинов – ішкі саясат басқармасының қызметкері, ал Дәурен Бабамұратов – Нұр-Сұлтан қаласы ішкі саясат басқармасының басшысы.

– Олар үнемі жақсы сөйлеседі, бірақ біздің құқығымызды шектеуге тырысады, – дейді Равкат.

ПРЕЗИДЕНТКЕ ҰСЫНЫЛҒАН "ЕКІ ҚАДАМ"

Белсенділер Нұр-Сұлтанда Украинаны қолдап, бейбіт митинг өткізгісі келетін басқа азаматтар да барын айтады. Әкімдік оларға да жиын өткізуге рұқсат бермей қойған.

– Алматыда алты-жеті рет рұқсат бермегенін білемін. Бір рет өтінішімізді кері қайтарса, түсінуге болады, бірақ қатарынан 15-17 рет митинг өткізуге тыйым салса, онда бұл саяси астары бар шешім екені даусыз, – дейді Равкат.

– Равкат екеуіміз Қазақстан астанасында Украинаны қолдап митинг өткізсек, бұл ақпарат құралдарының, әсіресе шетелдік медианың назарын аударатынын білдік. Әсіресе, 7 мамырда әкімдікке өтініш бергенімде 9 мамыр – Жеңіс күні мерекесі қарсаңында Қазақстан астанасында басқа мемлекеттің басқа соғыстағы жеңісі үшін митинг өтсе, қызық болар еді деп ойладым, – дейді Әйгерім.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биыл наурызда Қазақстан халқына жолдауында құқық қорғаушылар жиі сынайтын бейбіт жиындар туралы заңды "прогрессивті" деп атап, "арандатушы көңіл-күйдегі белсенділер тобы заңды бұзуға болады деп ойлайтынын" айтқан.

– Енді жеңілдіктер болмайды, – деген Тоқаев парламент мінберінен.

Белсенділер президенттің сөзімен келіспейді.

– Президенттің "заң демократиялық стандарттарға сай келеді, бізде ешқандай кедергі жоқ" деген сөзі қатты тиді. Өйткені қандай кедергілер барын өз тәжірибемнен жақсы білемін. Турасын айтсақ, президент жалған сөйлеп отыр. Президенттің мәлімдемесінен кейін демократиялық елдер қатарына жататын Германия, Канада, Франция сияқты бес-алты мемлекеттің заңдарын қарап шықтым. Бұл елдерде алаңға жиналып, яғни, бір орында тұрып наразылық білдіру үшін өтініш берудің қажеті жоқ. [Украинада] соғыс жаңа басталғанда Еуропа елдерінде мыңдаған адам қатысқан митингілер өтті. Олардың митинг өткізуге бір апта бұрын өтініш бермегені, ол жақта алаңды елден бұрын алып қоятын Искаков сияқты азаматтар жоғы бесенеден белгілі, – дейді Равкат Мұхтаров.

Нұр-Сұлтан қалалық мәслихаты бейбіт жиын өткізуге Пушкин көшесі мен Құдайбердіұлы даңғылының қиылысындағы, "Столичный" циркі алдындағы және Жеңіс, Абай, Бигелдинов, Желтоқсан көшелерінің қиылысындағы алаңдарды бөлген. Белсенділер митинг өткізуге бос орын табылмай жатса, ондай орындарды көбейту керек деп есептейді. Оның үстіне, аталған алаңдарға 500-1000 адам ғана сыяды.

– Пушкин мен Құдайбердіұлы көшелерінің қиылысындағы алаң жиын өткізуге қолайсыз. Жиналғандар ашық жерде тұрады. Митинг кезінде ауа-райы бұзылса, адамдар паналайтын жер іздеп, алаңнан шетке ығысып әуреге түседі. Үлкен қалада неге бір мезетте алты митинг өткізуге болмайды? Искаков өз аудиториясын, мен өз адамдарымды жинайын. Екеуіміз де еркін пікір білдіру құқығымызды пайдаланып, дегенімізге жетер едік, – дейді Әйгерім.

Белсенділер президент Тоқаевтан Қазақстандағы митинг өткізу мәселесін небәрі "екі қадам" ғана жасап: бейбіт жиынға арналған алаңдарды көбейтіп, жалғыз адам пикетін өтініш бермей-ақ өткізуге рұқсат беру арқылы шешуді сұрайды.

– Қолына плакат ұстаған бір адам қала инфрақұрылымына зиян келтіріп, тұрғындарға қолайсыздық туғызбайды. Күні ертең осылай жасасақ, өміріміз жақсы жаққа өзгерер еді, – дейді жастар.

"ХАЛЫҚТЫҢ ОЙЫН КӨРСЕТКІМІЗ КЕЛДІ"

Әйгерім Шадеева 24 ақпанға дейін Ресейде тұрып, сол жақта жұмыс істеген. Ол соғыс басталғаннан кейінгі кезең ауыр болғанын айтады.

– Соғыс басталғанда Ресей жерінде, Мәскеуде болдым. Өз позициямды білдіргім келді. 3 наурызда шекарадан өтіп, елге оралдым. Сол кезде Равкатпен және бірнеше досымызбен сөйлесіп, Астанада жиналып, агрессор мемлекетке қарсы жиналған ашу-ызамызды шығарсақ жақсы болар еді деп ойладық. Содан бері үш ай өтті, ал ойым әлі жүзеге асқан жоқ. Қазір Қазақстан мен әлемде соғыс қалыпты құбылысқа айналып, жұрттың бойы үйрене бастағанын көріп жүрмін. Адамдар жаңалық оқымайды, наурыздың басында гуманитарлық көмек жинады, сонымен бітті, содан бері ештеңе болмағандай өмір сүріп жатыр… Соғыс аяқталған күннің өзінде әлі бірнеше жыл бойы гуманитарлық көмек қажет болады. Қазір митингінің практикалық мақсатын нақты білемін. Осыны жұрттың есіне салғым келеді, ал қоғам назарын аударудың ең оңай әдісі – митинг өткізу, – дейді Әйгерім.

Равкат Мұхтаров Конституцияда көрсетілген бостандығын – көшеде еркін пікір білдіру хақын пайдаланғысы келеді.

– Ресейдің Украинаға басқыншылығы, ол жақта жасап жатқан қылмысы мені бей-жай қалдырмады. Бұл туралы айтып қана қоймай, айқайлағым келеді. Сол себепті көшеге шығып, жұртты жинап, Украинаға қолдау білдірсем деймін. Қазақстан халқы болып, Ресеймен де, Украинамен де жақсы қарым-қатынастағы мемлекеттің азаматтары ретінде қандай құндылықтарды, қай тарапты жақтайтынымызды көрсетуіміз керек деп білемін. Тоқаев, БҰҰ-дағы елшілеріміз немесе халық сайламаған тұлғалар емес, Қазақстан азаматтары не ойлайтынын көрсеткіміз келеді, – дейді Равкат Мұхтаров.

Жақында Әйгерім мен Равкат Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігіне тағы да өтініш берді. Әзірге жергілікті биліктен жауап келген жоқ. Нұр-Сұлтан қаласы ішкі саясат басқармасының басшысы Дәурен Бабамұратов Азаттық тілшісімен телефон арқылы сөйлесіп, әкімдіктің Украинаны қолдауға арналған митинг өткізуге қарсы болып отырғанын жоққа шығарды. Ол журналист айтқан мәселені тексеріп, қайта хабарласуға уәде берді. Бірақ басқарма басшысынан жауап болған жоқ. Ертеңіне Бабамұратов телефон тұтқасын мүлде көтермеді.

P.S. Осы материал жарияланған соң Азаттық редакциясына хабарласқан Әйгерім Шадеева бейбіт митинг өткізу туралы тоғызыншы рет өтініш тапсырғанымен, Нұр-Сұлтан әкімдігі бұл жолы да келісім бермей қойғанын айтты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG