Accessibility links

"Ең нашар сценарийге дайын болған жөн". Ресей Балтық елдеріне соғыс ашуы мүмкін бе?


НАТО-ның Эстониядағы жаттығуына қатысушы сарбаз. 6 ақпан 2022 жыл.
НАТО-ның Эстониядағы жаттығуына қатысушы сарбаз. 6 ақпан 2022 жыл.

29-30 маусымда Мадридте НАТО саммиті өтті. Онда Ресейдің Украинаға қарсы агрессиясына байланысты Солтүстік-атлантикалық альянстың шығыс қанатын нығайту қажеттігі айтылды. Өйткені кейінгі кезде Балтық елдерінде "Шығыстан шабуыл жасалса, НАТО бізді қорғай ала ма?" деген алаңдаушылық артып отыр.

Эстония премьер-министрі Кая Каллас "Қазір қолда бар жоспар бойынша, НАТО Эстонияны конвенционалды басып кіру басталғаннан кейін 180 күннен соң ғана толық қорғауға көшеді" деген мәлімдемесімен елді дүр сілкіндірді. Калластың пікірінше, НАТО-дағы одақтастары қарсы шабуыл жасағанша, агрессор Украинамен салыстыруға келмейтін, халық саны аз Эстонияның күлін көкке ұшырып үлгереді.

Еуроодақ санкцияларына сәйкес, Литва Калининград транзитін бұғаттап тастаған. Осы мәселенің аясында туған кикілжіңге байланысты саммитте Сувалкски дәлізі тақырыбы қайта көтерілді. Бұл – Польшаның солтүстік-шығысындағы ерекше стратегиялық маңызы бар аумақ. Бір жағынан, бұл жер Балтық елдерін Батыс Еуропамен байланыстырады. Екінші жағынан, Сувалкски дәлізі – Кремльдің одақтасы Александр Лукашенко басқаратын Беларусь пен Калининград облысының арасындағы территория. Калининград облысы – Еуроодақ пен НАТО мемлекеттерінің қоршауында жатқан анклав саналады. Ресей мен НАТО арасында қақтығыс бола қалса, Ресей осы жерден соққы жасайды деген болжам бар.

Балтық елдерінің алаңдауына негіз бар ма? Латвия ұлттық қарулы күштерінің запастағы полковнигі, бұрын елдің жаяу әскерін басқарған қолбасшы, әскери сарапшы Игорь Раев әңгімесін Эстония премьер-министрі келтірген деректерге сүйеніп, қазіргі жағдайды талдаудан бастады.

Әскери сарапшы Игорь Раев.
Әскери сарапшы Игорь Раев.

– Эстонияның қорғаныс жоспарына 180 күнде дайын болатын әскери бөлімшелер қосылған. Яғни, әскери бөлімшеде қажет техника, қару-жарақ, амуниция, жанармай қоры болғанымен, жауынгер жетіспейді. Сондықтан соғыс уақытында әскери бөлімшеге жауынгер жинап, оларды дайындап, әскери тапсырма беріп, майданға жіберуге шамамен 180 күн кетеді деп белгіленген, – деді Игорь Раев.

Азаттық: Яғни, мәселе гибридті кикілжіңдерге емес, конвенционалды соғысқа қатысатын құрылымдарды жасақтаудың ұзақтығында болып отыр ғой?

Игорь Раев: Иә. Бірақ 180 күн Ресей танкілері шекарадан өткен кезден емес, әскери бөлімшеге соғысқа дайындалу туралы бұйрық түскен сәттен бастап есептеледі. Бұйрық соғыс басталмай тұрып берілуі мүмкін. Мысалы, Ресей әскерінің Украинамен шекара бойына шоғырланып жатқанын Кремльдің басқыншылық әрекеті басталмай тұрып білдік. Қорғанысқа дайындықтың басталуы шабуылды жоспарлап жатқан тарапқа жақсы белгі болады.

Азаттық: Украина мысалынан Ресейдің қарсыласының күшін дұрыс бағаламайтынын білдік.

Игорь Раев: Біріншіден, Ресей қазіргі соғыстан сабақ алады деп үміттенемін. Қарсыласқа мұрын шүйіре қарап, оның күшін дұрыс бағаламауға болмайды. Екіншіден, Мадридте өткен саммитте жаңа стратегиялық концепция қабылданды. Онда Ресейдің рөлі әріптес болуы ықтимал елден ашық қауіп төндіріп отырған қарсыласқа ауысқан. Сондықтан алдағы уақытта дайындығы жоғары әскер (NATO Response Force – жедел әрекет ету күштері) саны 40 мыңнан 300 мыңға дейін артады.

Бұл нені білдіреді? Әскер жинап, оларды дайындап, құрал-жабдық сатып алуға 180 күн берілсе бір бөлек, ал бұл уақыт 90, 60 немесе 30 күнге дейін қысқарса, бәрі сақадай-сай дайын тұруы керек. Демек қарулы күштер, қажет техника, қару-жарақ пен ресурс саны артады.

Украинадағы соғыс бізге қару-жарақ қорын көбейту керегін көрсетті. Яғни, өндіріс қуатын арттырып, қару-жарақ сатып алып, қоймаларға жинап қойған жөн. Бірақ бұған қыруар қаржы мен біраз уақыт керек.

HIMARS – АҚШ-тың дүркіндете ататын реактивтік қару жүйесі.
HIMARS – АҚШ-тың дүркіндете ататын реактивтік қару жүйесі.

Азаттық: Еуропаның қай мемлекеттерінде қажет көлемде қару-жарақ өндіруге дайын кәсіпорындар бар?

Игорь Раев: Бұл қиын мәселе. Қазір үлкен көлемде қару-жарақ өндіруге қуаты жететін кәсіпорындар аз. Мұндай мүмкіндігі бар елдер қатарына Германия, Ұлыбритания, Франция, Испания мен Италия жатады. Қырғи-қабақ соғыс аяқталғаннан кейін Еуропада қарулы күштер саны мен әскери құрал-жабдық өндірісі қысқарды. Оны қайта қалпына келтіруге көп ақша керек. Бірақ бұрынғы өндіріс қуатына қайта қол жеткізуге болады, өйткені интеллектуалды әлеует жойылған жоқ, технологиялар да бар. Қазір бәрі әскери дайындықты пысықтайтын кез келгенін түсініп, ең нашар сценарийге дайындалу керегін түсінетін шығар деп үміттенемін.

Азаттық: "Еуроодақтағы ірі экономика саналатын Германияның әскери әлеуеті төмен, сондықтан ол Украинаға қару-жарақ жіберіп, қолдау көрсетуге дайын емес" деген пікір көп кездеседі.

Игорь Раев: Олай емес. Жақында ғана Париждегі Eurosatory көрмесінен келдім. Германия екі жаңа танкісін таныстырды. Біреуін Франциямен бірлесіп, екіншісін жалғыз өзі құрастырған. Әзірге танкілердің прототипі ғана дайын, бірақ оларды өндіріске жіберуге болады. Бұған саяси ерік, қаржы мен ресурс керек. Батыста ақша табу қиын емес, тек саяси ерік жетсе болғаны. Қазір Германия қауіпсіздік мәселесіне байыппен қарап, қарулы күштерін қайта құруға тырысып жатыр.

Азаттық: Оқ-дәрі қорына байланысты не айта аласыз? Еуропа елдері "Украинаға қару-жарақ жіберсек пе, әлде өз қауіпсіздігімізді ойлап, оқ-дәрі қорын үнемдесек пе?" деп бас қатырып отырғаны рас па?

Игорь Раев: Иә, амуниция тапшылығы бар, ол рас. Бұл мәселе алғаш рет Ливиядағы операция кезінде байқалды. АҚШ әуелде бұл қақтығыстан шет қалды. Еуропа елдері өз күшіміз де жетеді деп кеуде соққанымен, бір аптадан кейін зымыраны таусылды. Әскери операцияны жалғастыру үшін америкалықтар өз қоймасынан қару-жарақ жіберді. Бірақ Еуропа мемлекеттері бұл жағдайдан еш сабақ алмады. Сондықтан қазір ешкімде үлкен оқ-дәрі қоймасы жоқ. Оның бір себебі – НАТО елдері дәлдігі жоғары қаруға өтіп жатыр. Олар тиімді, бірақ қымбат. Ескі қару мен оқ-дәріні пайдалану мерзімі аяқталғаннан кейін жойып, орнына жаңасын өндірмеген. Осылай оқ-дәрі қоры азайған. Теориялық тұрғыдан алғанда, дәлдігі жоғары снарядтарға қарағанда, қарапайым оқ-дәрі көбірек қолданылады. Енді барлық мемлекетте қойманы толтыру мәселесін шешу керек. Төрт ай бұрын бір де бір сарапшы артиллерияға қазір Украинада қолданылып жатқан көлемде оқ-дәрі кетеді деп ойлаған жоқ.

Азаттық: "Қазіргі әскер гибридті қауіп-қатер, террористерді басу, қысқа мерзімді қақтығыстарға қатысу сияқты міндеттерге машықтанған. Сондықтан мемлекеттер көбіне ұзақ соғысуға бейімделмеген жедел әрекет ету күштеріне қаржы құйып, жетілдіріп отырады" деген пікір бар. Конвенционалды әскери қимылдар басталса, Балтық елдерінің қорғаныс концепциясында не өзгереді?

Игорь Раев: Шынымен негізгі фокус Ауғанстан, Ирак пен Африкадағы операцияларда болды. Бірақ жедел әрекет ету топтары туралы айтылған пікірге қосылмаймын. Олар үнемі "жұдырықтай" мықты болып келген. Жедел әрекет ету топтарына әскери қимылдар жүріп жатқан жерге бірінші жетіп, плацдарм құру міндеті жүктелген. Бұл күштердің шағын бөлімінің өзіне танк, артиллерия батальондары, зымыран дивизионы кіреді. Қолында қаруы бар ондаған жауынгермен плацдарм құра алмайсыз.

Сувалкски дәлізімен кетіп бара жатқан НАТО әскері. 18 маусым 2017 жыл. Көрнекі сурет.
Сувалкски дәлізімен кетіп бара жатқан НАТО әскері. 18 маусым 2017 жыл. Көрнекі сурет.

Балтық елдеріне келсек, Латвия көршілерінен артта қалып келе жатыр. Бірақ Литва мен Эстония қазіргі заманғы қару-жарақ сатып алған. Мысалы, бұл мемлекеттерде әлемдегі ең мықты артиллериялық қару – Германияның Panzerhaubitze 2000 және корейлер жасаған K21 құрылғылары бар. Олардың модульді әскери көліктері Ресейдің жаяу әскер тасымалдайтын кез келген техникасына тойтарыс бере алады. Т-15 ("Бумеранг-БМ") қарсы тұра алмауы мүмкін, бірақ Ресейде мұндай алты көлік қана бар. Яғни, Балтық елдері конвенционалды әскери міндеттерге дайын. Қарулы күштерді дайындау жоспарына келсек, бірнеше жыл бұрын оқу-жаттығу шараларына конвенционалды әскери қимылдар жүргізу тәжірибесі қосылды. Батыс Еуропа елдерімен салыстырғанда, біз ешқашан кіммен көрші тұратынымызды, неге дайын болу керегін ұмытқан емеспіз.

Азаттық: Балтық елдерінің бірлескен әскері жауға қанша уақыт қарсы тұра алады?

Игорь Раев: Болжап айту қиын. НАТО әуе шабуылдары бойынша басымдыққа ие болса, әскери қимылдар барысы өзгеруі мүмкін. Соғыстың алғашқы аптасында НАТО осындай нәтиже көрсетсе, жаяу әскеріміздің қауқары жетпесе де, Ресей алға жылжи алмайды. Киевтің түбінде бір апта тұрған конвой есіңізде шығар? Бізде ондай конвой бір күннен кейін тас-талқан болып жеңілер еді. Украинаның құрлық әскері мықты, бірақ әуе күштері нашар. Иә, Украина қаһармандық танытып, күресіп жатыр. Бірақ әуеде Ресей басымдыққа ие. Ресей кей жүйелі себептерге байланысты Украинаның құрлық әскеріне соққы бере алмай отыр. Бірақ НАТО елдерінде, әсіресе, АҚШ әскерінде мұндай мәселе жоқ. Балтық елдерінің жеріне кірген кез келген құрлық әскерінің көзі жойылады.

Азаттық: 2015 жылы "Балтық елдерінің жері жақсы қорғалмаған" деп айтылып еді. Тіпті, "72 сағат төтеп беру" деген ұран болғаны есімде.

Игорь Раев: Бірақ Ресей Киевті де 72 сағат ішінде жаулап аламын деп ойлады! Ресей әскерімен мұндай мақсатты орындау мүмкін емес. Ирактағы соғыс кезінде АҚШ әскерінің өзі Бағдад пен Басраға жете алмады. Балтық елдерін Батыс Еуропамен байланыстыратын жалғыз құрлық жолы – Сувалкски дәлізінің маңызы туралы да біраз ертегі айтылды. Бұл дәлізді сақтап қалу керегі түсінікті. Бірақ ең нашар сценарийге сүйеніп, Ресей мен Беларусь екі жақтан шабуылдап, дәлізді басып алды делік. Олай болған күнде бір аптадан кейін-ақ дәлізді қайтарып аламыз!

Азаттық: Қазір Ресейдің батыс әскери округінде қанша жауынгер бар?

Игорь Раев: Білуімше, қазір ол жақта ешкім қалмаған. Таманск дивизиясының екі бригадасы ғана соғысқа бармаған. 76-дивизияның күл-талқаны шықты. Украина аумағында арнаулы жасақтың 2-бригадасы, теңіз жаяу әскерінің 336-бригадасы, Островадан келген тікұшақтар жүр. Ресейдің Украина жеріндегі әскері азайған сайын Украина сәл тыныстап, қарсы шабуылға дайындалуға мүмкіндік алады. Қазір Ресей соғыс жариялап, азаматтарды жаппай әскерге шақырса, жағдай өзгеруі мүмкін. Бірақ олай болған күннің өзінде майданға жарайтын мықты құрылымдар жасақтауға біраз уақыт керек. Ресей әскери операция атын жамылып, Украинада соғыс жүргізіп жатқанда Балтық елдеріне шабуыл жасай қоймайды деп ойлаймын.

Әскери сарапшы Мартиньш Вердиньш НАТО-ның өңірдегі саясаты өзгереді деп сенеді.

– Қазір альянстың 5 мың жауынгері болса, саммиттен кейін олардың саны екі есе өсуі мүмкін. Оның үстіне, Финляндия мен Швеция да НАТО-ға қосылып жатыр. Бұл Балтық өңіріндегі қауіпсіздік мәселесіне қатты әсер етеді. Швеция мен Финляндия әскері НАТО стандарттарына толық сай келеді, мұндайда жаңа жағдайға бейімделуге көп уақыт кетпейді, ал қағаз мәселелерін бірнеше сағат ішінде шешуге болады, – дейді Мартиньш Вердиньш.

Азаттық: Балтық елдері мен аталған мемлекеттер арасында әскери әріптестік туралы екіжақты келісімдер бар шығар?

Мартиньш Вердиньш: Әрине, бірақ әскери әріптестік – соғыс кезінде көмек берумен тең емес. "НАТО Швеция мен Финляндия сияқты бейтарап мемлекеттердің жерін пайдаланып, Балтық елдеріне қару-жарақ пен әскер жеткізе ала ма?" деген мәселе болған. Енді олардың одаққа қосылуы НАТО-ның шығыс қанатын қорғау міндетін жеңілдетіп, Сувалкски дәлізіне балама бола алады.

Азаттық: Жедел әрекет ету күштерін көбейту қауіпсіздік мәселесіне қалай әсер етеді?

Мартиньш Вердиньш: Бұл күштер әртүрлі дағдарысқа жедел реакция білдіріп отырады. Мысалы, Балтық елдері шекарасында әскери жаттығу басталуы мүмкін. Онда жедел әрекет ету күштерінің бір бөлігі Балтық елдеріне жақын жерге шоғырланады. 24 ақпанға дейін Украина шекарасында болып жатқан дүниелердің бәрі әскери жаттығу деп аталып келді. Мұндай жаттығуларды әскерді қалаған жеріне апарып, шабуылға дайындап қою үшін қолданады.

Азаттық: Ресеймен әскери қақтығыс болуы мүмкін бе?

Мартиньш Вердиньш: Жаппай мобилизация (қазіргідей жасырын емес, ашық түрде әскерге шақыру) басталса, бұл Ресей тарапынан жасалған шешуші қадам болады. Әскердің 200-300 мың адамнан тұратын алғашқы легін жинап, дайындауға бірнеше ай кетеді. Ресей азаматтарына жаппай қару таратып, әскерге алмай, қос майданда бірдей, оның үстіне, НАТО-ға қарсы соғыса алмайды. Сондықтан қазір Балтық елдеріне шабуыл жасай қоюы екіталай. Бірақ провокация жасап, оқ атып, теңіз және әуе базаларынан зымыран ұшыруы мүмкін.

Қазір Ресей билігі сөзден іске көшуді ойластырып жатқан болуы мүмкін. Өйткені сөзбен ешкімді қорқыта алмайсың, осы уақытқа дейін қорқытып-үркітудің сан түрі қолданылды. Мысалы, жақында Роскосмос батыстағы шешім қабылдау орталықтарының (Лиссабон, Брюссельдегі ғимараттар) жер серігінен түсірілген суреттерін жариялады. Бұл осы орталықтарға соққы береміз деген ескерту ме? Балтық елдерінің инфрақұрылымдарына кибершабуыл жасалып жатыр. Ұсақ физикалық шабуылдар, оқ ату, "абайсызда" тиіп кетті деген провокациялар болуы мүмкін.

Көбіне мұндай шиеленістер жоспарланбаған кикілжіңдерге әкеліп соғады. Өйткені қанша жерден бүге-шүгесіне дейін жоспарланған провокацияның өзі күтпеген нәтиже беруі мүмкін. Тараптардың реакциясын, әрекетін дәл болжау қиын. Қарсы тарап жауап берсе, ары қарай кикілжіңді тоқтата алмаймыз. Әдетте үлкен қақтығыстардың бәрі солай басталады, – дейді Мартиньш Вердиньш.

  • АҚШ президенті Джо Байден 29 маусымда Мадридтегі НАТО саммитінде Ресейден төнген қауіп-қатерге жауап ретінде АҚШ бүкіл Еуропа аумағында қосымша құрлықтағы, әуе және теңіз күштерін орналастыратынын, бұған қоса Польшада 5-армияның тұрақты штабын ұйымдастыратынын мәлімдеді. Бұл шешім Ресейдің Украинаға басқыншылығы жалғасып жатқан тұста қабылданған.

Кавказ.Реалии сайтының журналисі Мария Кугельдің материалынан аударылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG