Accessibility links

Алматы әкімі Досаев: Кедей емеспін, қымбат киім киюге шамам жетеді


Алматы әкімі Ерболат Досаев.
Алматы әкімі Ерболат Досаев.

Алматы әкімі Ерболат Досаев 7 шілде күнгі брифинг кезінде құны 2,2 млн теңге тұратын Loro Piana брендті қымбат күртешесін "қандай ақшаға сатып алғандығы" туралы сұраққа жауап берді. Ол "кедей еместігін" алға тартып, қымбат киім сатып алуға шамасы жететінін жеткізді.

Бейсенбілік брифинг кезінде шенеунік 2006-2012 жылдары бизнеспен айналысқанын тілге тиек етті. 1998 жылға дейін жақсы табыс тапқанын, кәсіпорындарда үлесі болғанын айтты.

—Барлығы айтып жүрген күртешені бес жыл бұрын сатып алғанмын. Ер адамның киімі аз болады, оны маусым сайын ауыстырып тұрасыз. Мұны жұбайыма да айтып жүрмін. Ер адам өзіне ыңғайлы киімді кигісі келеді. Кедей емеспін. Кейінгі бес ай ішінде мені көп адамның мұқият бақылап жүргенін білемін. Олай істеуге негіз берген жоқпын және болашақта да болмайды деп үміттенемін, – деді әкім.

2022 жылдың басында Алматы әкімі қызметіне тағайындалғаннан кейін интернетте Досаевтың қымбат күртешесімен түскен суреті тараған. Қолданушылар оның Loro Piana брендті күртеше кигенін байқаған. Күртешенің құны 2,2 млн теңге деп айтылады. Ал Досаевтың өзі күртешенің Loro Piana брендіне жататынын мойындамады. Құнын да айтпады.

7 шілдеде табысы туралы айтқан Ерболат Досаев Lancaster Holding компаниясының иесі екенін, оны басқаруға бергенін айтты. Досаев сонымен бірге айлығы 980 мың теңге екенін, барлық мемлекеттік қызметкерлер тәрізді кейде сыйақы алатынын да жеткізді.

Қаңтар оқиғасынан кейін Ерболат Досаев 2022 жылы 31 қаңтарда Алматы әкімі болып тағайындалған. Оған дейін Ұлттық банк төрағасы қызметін атқарды.

Ерболат Досаев түрлі жылдары қаржы, денсаулық сақтау, экономика министрлігін басқарды. 2017 жылдың тамыз айынан бері бір жарым жыл премьер-министрдің орынбасары болды. 2016 жылы ұлттық экономика министрі болып тұрған кезде Досаев ауыл шаруашылық мақсатындағы 17 мың шаршы шақырым жерді аукционға шығарып, шетелдіктерге жерді 25 жылға дейін жалға беруді жоспарлаған. Жер реформасының соңы жаппай Жер митингілеріне ұласты.

2014 жылы Forbes журналы Досаевты Қазақстандағы ең ауқатты 50 адамның қатарына кіргізіп, байлығын 110 млн доллар деп бағалаған.

XS
SM
MD
LG