Accessibility links

Украинадағы соғыс Қытайдың "Бір белдеу – бір жол" жобасына қалай әсер етті?


Қазақстан мен Қытай шекарасындағы Алтынкөл – Қорғас теміржол өткеліндегі жүк контейнерлері. 26 қазан 2021 жыл.
Қазақстан мен Қытай шекарасындағы Алтынкөл – Қорғас теміржол өткеліндегі жүк контейнерлері. 26 қазан 2021 жыл.

Еуропаға "Бір белдеу – бір жол" жобасы аясында көбіне Ресей арқылы тауар тасыған Қытай енді балама жолдар іздеп жатыр. Кремльдің Украинаға басқыншылығынан кейін Батыс елдері Ресейге санкция салған соң, Пекиннің бұл мүмкіндігі шектелген еді.

Қытайдан Ресей арқылы Еуроодаққа жүк тасу "Бір белдеу – бір жол" жобасының негізгі бөлігі болған еді. Бірақ Мәскеудің Украинаға басқыншылығы мен Батыс елдерінің Ресейге салған санкциялары Қытайды балама жол іздеуге итермелеп отыр.

Бесінші ай жалғасып соғыс сауда саласына экономикалық проблема туғызған соң, Қытай тауарын таситын экспедиторлар енді оңтүстікке көз тігіп отыр. Олар бұрыннан бар логистика проблемаларына қарамастан жүкті Орталық Азия, Кавказ, Түркия арқылы Еуропаға жеткізгісі келеді.

"Бір белдеу – бір жол" жобасының аман қалуы үшін жаңа жағдайларға бейімделуден басқа амал жоқ" деді Азия-Тынық мұхиты аймағындағы елдерді зерттейтін румын институтының вице-президенті Андреа Бринза Азаттыққа.

Негізгі балама бағыт автокөлік, темір жол мен порт желісін қамтитын, 6500 шақырымға созылған Транскаспий дәлізі болып отыр. Бұл бағыт Қазақстан, Каспий теңізі, Әзербайжан, Грузия, Түркия арқылы Еуропаға барады.

Осы бағыт Қытай президенті Си Цзиньпиннің инфрақұрылым және инвестиция жобасына айналған "Бір белдеу – бір жол" бастамасының Орта дәлізі деп те аталады.

Кейінгі он жылда Қытай бұл дәлізге миллиардтаған доллар инвестиция құйды. Бірақ баға мен болжам мәселелерінен соң тауар жеткізу үлесі аз болды. Осылайша, Еуропаға темір жол, порт немесе Беларусь арқылы тікелей тауар таситын Ресей пойыздары Қытай мен Еуроодақ арасындағы сауданың негізгі жолына айналды. 2021 жылы батыс бағытта тауардың 68 пайызы, шығыста 82 пайызы осы жол арқылы жеткізілді.

Бірақ биыл ақпанда Кремльдің Украинаға басқыншылығынан соң жағдай күрт өзгерді.

Транскаспий дәлізі қауымдастығы 2022 жылы Орталық Азия мен Кавказ арқылы жүк тасымалы 3,2 миллион тоннаға жетеді деген болжам бар. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда алты есе көп. Сәуірде әлемдегі ең ірі Maersk кеме қатынасы компаниясы Ресей арқылы тауар тасудан бас тартып, Орта дәліз арқылы темір жол қозғалысын енгізген соң, бұл дәліздің тамырына қан жүгіре бастады. Мамырда оған финнің Nurminen Logistics компаниясы қосылды.

Содан бері дәліз бойындағы Түркия, Румыния, Әзербайжан, Грузия, Қазақстан секілді елдердің билігі кездесіп, инвестиция және әріптестікті нығайту мүмкіндіктерін, ал мамырда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Анкараға барып, Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанмен дәліздің болашағын талқылады.

Қытайдың логистика компаниялары да Ресей арқылы өтетін дәлізден бойын аулақ ұстауға тырысып жатыр. Бұрын олар Орта дәлізді тиімсіз деп санап, елемей келген еді.

"[Дәліз бойындағы елдер үкіметтерінің] мүддесі және соғыс кесірінен Қытай мүмкіндіктерінің шектелуі Орта дәлізді алға шығарды" дейді Бринза. "Бірақ [бұл] дәліздің негізгі қозғаушы күші Қытай болды".

БАЛАМА ЖОЛ ІЗДЕУ

Мұндай жағдай Транскаспий дәлізінің тағдыры өзгеріп, Орталық Азия мен Кавказ елдеріне жаңа мүмкіндіктер пайда болатынын көрсетті.

Қытай мен Ресейдің байланысы нығайған соң екі ел шенеуніктері Ресей арқылы өтетін темір жол желісін күшейте түскен еді. Ал коронавирус пандемиясы салдарынан әлем бойынша порттар жабылған соң, экспедиторлар мен жүк компаниялары оны теңіз жолына балама ретінде қолданды.

2018 жылы Ресей президенті Владимир Путин елдегі "Ресей темір жолдары" деген монополист компанияға контейнер тасымалын арттыруды тапсырып, Украинаға басып кірердің алдына 2035 жылға дейін оны 3,6 миллион жәшікке жеткізу көзделіп отырғанын мәлімдеген.

Осы уақыт аралығында Пекин бұл темір жол желілерін субсидиялап, табысты ете түсу үшін бірқатар шара қабылдады. Сөйтіп, 2020 жылы тасымалданған жүк көлемі елу пайыз артты. Бұл Қытайға бос қайтып жүрген шығыс бағыттағы пойыздармен салыстырғанда анағұрлым жақсы көрсеткіш еді.

Еуразияға солтүстік дәліз арқылы транзиттің артуы "Бір белдеу – бір жол" жобасының жетістігіне баланды. Қытай шенеуніктері оның "континентке тауар жеткізуде тұрақтылықты қамтамасыз еткенін" айтты.

Циндао портында тұрған контейнерлер мен жүк тасыитын кемелер. Шаньдун провинциясы. Қытай, 9 мамыр 2022 жыл.
Циндао портында тұрған контейнерлер мен жүк тасыитын кемелер. Шаньдун провинциясы. Қытай, 9 мамыр 2022 жыл.

Бірақ ірі компаниялар Ресей арқылы тауар тасығысы келмейтіндіктен немесе таси алмайтындықтан, айтарлықтай бос кеңістік пайда болды. Енді біршама ел соның орнын басуға тырысып жатыр.

Қазақстан Каспий теңізіндегі порттарына инвестиция салуды көбейту жоспарын жариялады. Ал "Қазақстан темір жолы" компаниясы батыстағы терминалдар жүк жөнелтуді екі есе арттырғанын хабарлады.

Қытай шенеуніктері де тасымалды жеңілдету шараларын қабылдады. 25 мамырда Қытай кеден басқармасы министрінің орынбасары Ван Линцзюнь Қазақстан шекарасындағы Хоргос пен Алашанькоудағы кеден шаралары жеңілдетілгенін, бұл темір жол арқылы жүк тасу көлемін арттыруға әкелетінін мәлімдеді.

БОЛАШАҚҚА БЕЙІМДЕЛУ

Украинадағы соғыстан соң Орта дәліздің тамырына қан жүгіргенімен, оның өміршеңдігіне кепілдік жоқ дейді Geocase сараптама орталығындағы Таяу Шығыс елдерін зерттеу жөніндегі директор Эмиль Авдалиани.

Оңтүстік бағытта негізінен көп шығын мен күрделі логистика алаңдатып отыр. Өте маңызды инфрақұрылым бар болғанына қарамастан, теңіз бен құрлықтан тұратын Орта дәліздің географиясы күрделі.

"Орта дәліздегі Каспий теңізінде Орталық Азия порттарынан Әзербайжанға транзитті жеңілдететін инфрақұрылым жоқ. Мұндай мәселе Грузиядағы Қара теңізде де бар. Онда терең су порты жоқ" дейді Авдаляни.

Қытайдың "Бір белдеу – бір жол" жобасының құрылысын көрсететін суреттердің қасынан өтіп жатқан адамдар. Пекин. Көрнекі сурет.
Қытайдың "Бір белдеу – бір жол" жобасының құрылысын көрсететін суреттердің қасынан өтіп жатқан адамдар. Пекин. Көрнекі сурет.

Анаклияда порт салу мәселесі Грузияның ішкі саясатына араласып, қаржы проблемасынан соң билік оны тоқтатты. Бірақ сәуірде Грузия премьер-министрінің орынбасары Леван Давиташвили порт құрылысы жылдарға созылатынына қарамастан, оған қызығып отырған инвесторлар барын мәлімдеді.

Авдалиани Орта дәліз бойындағы елдердегі ішкі саяси жағдай Ресейді жүк тасымалының көп бөлігін мойнына алуға мәжбүрлегенін, бірақ Қытай енді тек бір бағытқа қарап қалуды місе тұтпайтынын айтады. Оның орнына Қытай Украинадағы соғыстан соң барынша көп балама бағыт ашуға ұмтылады дейді ол.

Ташкент пен Бішкек түрткісінен соң бұрыннан кейінге қалдырылып келе жатқан Қытай – Қырғызстан – Өзбекстан темір жол жобасы да жандана бастағандай болды. Үш ел келер жылы құрылыс қайта басталуы мүмкін екенін айтты. Бұл да балама бағыт ұсынып, тіпті, Түркіменстан мен Иран секілді елдермен байланысты нығайтуға әсер ете алады.

"Бір белдеу – бір жол" жобасын тұрақты бастама ретінде қарастыруға бейімбіз. Бірақ [барлық] сауда жолдары секілді, ол да өзгереді және [жаңа] проблемалар мен мүмкіндіктерге бейімделеді" дейді Авдалиани. "Шекараның жабық болуы жаңа маршруттар табуды қажет етеді және қазір солай болып та жатыр".

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG