Accessibility links

Прокурор "саяси тұтқын" Ержан Елшібаевты он жылға бас бостандығынан айыруды сұрады


"Саяси тұтқын" Ержан Елшібаев (ортада) сотта сөйлеп тұр. Қыркүйек, 22 қыркүйек 2022 жыл.
"Саяси тұтқын" Ержан Елшібаев (ортада) сотта сөйлеп тұр. Қыркүйек, 22 қыркүйек 2022 жыл.

Қызылордада өтіп жатқан сотта прокурор "саяси тұтқын" Ержан Елшібаевты он жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Жаңаөзендік жұмыссыз жастар белсендісі, ЗК-169/5 түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан "саяси тұтқын" Ержан Елшібаевты түрме әкімшілігі "мекеменің тәртібіне бағынбай, басшылыққа қарсы шығуға өзгелерді үгіттеді" деп айыптап отыр. Елшібаев тағылған айыптарды жоққа шығарады.

22 қыркүйек күнгі жарыссөзде прокурор Гүлжан Файзуллаева екі сотталушыны Қылмыстық кодекстің 428 бабы 3-бөлігімен ("Қылмыстық-атқару мекемесі әкімшілігінің заңды талаптарына бағынбау") кінәлі деп табуды: Ержан Елшібаевты 9 жыл мерзімге, Қылмыстық кодекстің 60 бабының 1 бөлігіне сәйкес оның бұрынғы жазасының өтелмеген мерзімін ішінара қосып, түпкілікті 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруды сұрады.

Ал тағы бір сотталушы Құттымұрат Есқараевты да осы баппен қарауды, оның да бұған дейінгі жазасының өтелмеген мерзімінің ішінара қосып, 15 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Бұған қоса екі сотталушыны да қатаң түрдегі мекемеден төтенше қауіпсіз мекемеге ауыстыру қажет деді.

Сот отырысында Ержан Елшібаев өзіне тағылған айыптардың ешбірімен келіспейтіндігін, түзету мекемесінде қызметкерлердің жалған жала жауып отырғандығын айтты.

"Түрме әкімшілігінің заңсыз әрекеттеріне қарсы тұрғаным үшін олар мені жазалағысы келеді" деді Елшібаев.

Сот процесіне Елшібаев пен Есқараев қарауылмен жеткізілді. Олар сот залында кісендеулі күйінде отырды. Бейсенбі күні жарыссөз кешке дейін жалғасты.

Істі қарап жатқан судья Әліби Зейнолла жарыссөзден соң, сот отырысын аяқтады. Келесі сот отырысының қашан болатындығын жарияламай, «қосымша хабарланады» деді.

2022 жылдың 3 наурызы күні Ержан Елшібаев бірнеше сотталушымен бірге өзіне қол салған болатын. Ол бұл әрекетін жуырда осы абақтыға ауысып келген түрме басшыларының біріне наразылық ретінде жасағанын, бұрын одан қысым мен азаптау көргенін айтқан еді. Түрме басшылығы сотталушылардың өздерін жарақаттағанын растап, олардың емдеуге жіберілгенін айтқан еді. Кейін Елшібаев пен Есқараевқа қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды. Елшібаевтың өзі алғашқы сот процестері кезінде "түрме әкімшілігінің өзіне психологиялық қысым жасағанын" айтқан. Мекеме өкілдері оған түсініктеме бермеді.

ЗК-169/5 түзеу мекемесінде отырған сотталушылар бұған дейін де түрмеде қысым мен азаптау барын айтып, наразылық білдірген. Оқиғадан соң түрмеде тексеріс болғаны хабарланған, алайда оның нәтижесі жарияланбады.

Маңғыстаулық 34 жастағы Ержан Елшібаев 2019 жылы Жаңаөзендегі аз қамтылған отбасылар мен жұмыссыздар проблемасын көтеріп, белсенділігімен көзге түскен. Құқық қорғау органдары Ержан Елшібаевты "біреудің денсаулығына қасақана ауыр зиян келтірді" (Қылмыстық кодекстің 106-бабы, 2-бөлімі) деп айыптап, 2019 жылғы қарашада Жаңаөзен қаласы соты бес жылға бостандығынан айырған. Оның жазасы 1 жыл 6 айдан кейін аяқталуы керек еді.

Құқық қорғаушылар Ержан Елшібаевты "саяси тұтқындар" тізіміне енгізген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG