Польша билігі Ресей азаматтарын жеңілдікпен жұмысқа орналастыру процедурасын алып тастады. Арнайы бұйрыққа отбасы және әлеуметтік саясат министрі Марлен Малонг қол қойды. Оның сөзінше, шешім Ресейдің Украинаға әскери басқыншылығы және ресейліктердің елге ағылуына байланысты қабылданған.
Бұған дейін Ресей, сонымен бірге Армения, Беларусь, Грузия, Молдова, Украина азаматтарының Польшада жеңілдікпен жұмыс істеуге құқығы болған. Өзге ел азаматтарының өтінішіне Польша олар сұраған жұмыс орнына әуелі поляк азаматтары арасында үміткер бар-жоғына көз жеткізгеннен кейін жауап береді. Ал жеңілдікке ие болған ел азаматтарының өтінішін қарастырған кезде мұндай тексеріс жүргізілмейді. Ал процедураның өзіне жеті күннен артық уақыт жұмсалмаған. Енді ресейліктер Польшада жалпы ереже бойынша ғана жұмысқа орналаса алады.
Польшада жұмыс істеп жатқан Ресей азаматтары рұқсат мерзімі аяқталғанға дейін жұмысын жалғастыра алады. Ал рұқсат қағазының мерзімі аяқталған азаматтар жаңа ереже бойынша ғана оны ұзартады.
"Медуза" басылымының жазуынша, қазір Польшада шамамен 13 мың Ресей азаматы жұмыс істейді.
Ал Беларусь Польшамен білім мен ғылым, өнер саласындағы құжаттарды өзара мойындау туралы үкіметаралық келісімнен шыққан. Яғни, енді Беларусь азаматтары Польша жоғары оқу орындарына белорустың орта білім алғаны жөнінде аттестаттарымен түсе алмайды: олар білімі жөнінде өзге қосымша құжаттар көрсетуі тиіс, ал оны рәсімдеуге ұзақ уақыт жұмсалуы ықтимал.
Польшада магистратура немесе постдокторлық бағдарлама оқығысы келетіндерге белорус дипломын нострификациялауға тура келеді. Мамандығы бойынша жұмысқа орналасқысы келетін белорус азаматтарына да сондай талап қойылады. Жаңа ереже Беларусьте оқып, жұмыс істегісі келетін Польша азаматтарына да қатысты.