Accessibility links

Омбудсмен аппараты полицейлердің Қаңтарда азапталғандарға қысым көрсеткені жайлы хабарға "реакция білдірді"


Қаңтар кезінде ұсталып, азаптауға шағымданған жасөспірімдер "азаптау ісі" бойынша жәбірленушілер ретінде сотта тұр. Қыркүйек, 2022 жыл.
Қаңтар кезінде ұсталып, азаптауға шағымданған жасөспірімдер "азаптау ісі" бойынша жәбірленушілер ретінде сотта тұр. Қыркүйек, 2022 жыл.

Талдықорғанда сотқа тартылып жатқан полицейлердің Қаңтарда азапталғандарға қысым көрсеткені жөнінде хабарға Адам құқықтары жөніндегі уәкіл аппараты да "реакция білдірді". Уәкіл аппаратының хабарламасын 4 қарашада ҚазТАГ агенттігі жариялады.

"Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімоваға әділ сотқа қол жеткізу бойынша құқықтары бұзылған жәбірленушілердің өкілдері шағымданды. Атап айтқанда, олар сот отырысы залының көп адам қатысатын қылмыстық процеске арналмағанын, жәбірленушілердің мүдделерін объективті әрі сапалы түрде қорғау мүмкіндігі жоқтығын, жәбірленушілердің өз өкілдерімен құпия келіссөз жүргізуіне жағдай жасалмағанын айтқан. Жәбірленушілер мен айыпталушылар бір жерде отырғандықтан, өз кезегінде айыпталушылар [жәбірленушілерге] моральдық және психологиялық қысым көрсетіп жатыр" деп хабарлады омбудсмен аппараты.

Аппарат сонымен бірге сотта аударма сапасының нашарлығы мен синхронды аударма, істі қарау тәртібінің жоқтығына да назар аударған.

Ақпаратқа қарағанда, омбудсмен осыған орай Жоғарғы сотқа өтініш түсіріп, "әділ сотпен қамтамасыз ету шарасын қолдануды" сұраған. Соның нәтижесінде "сот көп адам қатыса алатын залға ауыстырылған", "аудармашы мәселесі де шешілген".

"Бұған қоса, жәбірленушілердің адвокаттарының айыпталушыларға (полицейлер) бұлтартпас шарасын қолдану бойынша өтініштері ішінара қанағаттандырылды" деп жазылған аппарат хабарламасында.

Бұған дейін жәбірленушілердің адвокаттары соттан "жәбірленушілерге қысым көрсеткен", бостандықта жүрген полицейлерді қамауды сұрағанын, сот тек біреуін ғана қамағанын хабарлаған еді. Адвокат Әсем Түсіпова 21 қазанда Азаттыққа берген сұхбатында айыпталушы полицейдің бірінің әйелі жәбірленушінің үйіне "белгісіз екі адаммен барғанын, телефонмен хабарласып, сес көрсеткенін" айтқан. Адвокаттың айтуынша, айыпталушы полицей дәретханада жәбірленушілердің бірін "өлтірем" деп те қорқытқан. Бірақ сот бес полицейдің бірін ғана қамаған.

  • Кемінде 238 адамның өмірін қиған Қаңтар оқиғасы кезінде және одан кейін қамау орындарында "азапталдым" деген жүздеген адам құқық қорғау органдарына шағым түсірген. Азаптауға ұшыраған азаматтардың туыстарының айтуынша, полиция бөлімшелері мен тергеу изоляторларында күш құрылымдары өкілдері жақындарының үстінен ыстық су құйып, үтікпен күйдірген, электрошокер қолданып, ауясыз ұрып-соққан. Қылмысты мойындатуға тырысқан. "Кемпірауызбен тісін жұлмақ болды, тырнағының көбесіне ине жүгіртті" деп шағымданған азаматтар да бар. Бұған дейін ақпарат құралдарында азаптауды дәлелдейтін көптеген суреттер мен видеоайғақтар жарияланған.
  • Бірақ соған қарамастан бұған дейін азаптауға ұшыраған адамдар мен олардың туыстары азаптау қылмысы жөнінде берген шағымдарын қарау баяу жүріп жатқанын, кейбірінің ісі жабылып қалғанын да айтқан. Адвокаттар жәбірленушілер жазған арыздар бойынша тергеу құпия әрі шала-шарпы жүргізілгенін айтқан. Осы аптада омбудсмен Қаңтар бойынша азаптау істерінің 80 пайызының жабылғанын растады.
  • Қазір Қазақстан бойынша тек бір өңірде – Талдықорған қаласында азаптау бойынша 24 жәбірленушінің арызын сот қарап жатыр. Адам азаптаған және тыйым салынған тергеу әдістерін қолданған деген күдікке ілінген қызметкерлердің жалпы саны – 15 адам. Жәбірленушілер өздеріне күдікті полицейлердің қоқан-лоқы жасағанын осыған дейін де айтқан.
  • Халықаралық ұйымдар да бұл мәселеге алаңдаушылық білдіріп, Қазақстан билігін Қаңтар оқиғасын әділ, жан-жақты тергеуге, азаптауға кінәлілерді жауапқа тартуға үндеген. Ресми Астана халықаралық ұйымдардың Қаңтар оқиғасын халықаралық дәрежеде зерттеу туралы ұсынысынан бас тартқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG