Accessibility links

Қырғызстан билігі Азаттық сайтын бұғаттау мерзімін ұзартты


Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

Қырғызстан мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрлігі Азаттықтың Қырғыз қызметінің сайтын бұғаттау мерзімін ұзартты. Бұл туралы ақпарат және коммуникация департаменті жетекшісі Сақын Сарноғаева хабарлады.

Оның сөзінше, бұғаттауға себеп болған материалдар алынып тасталмайынша, сайттар бұғатталған күйі қала бермек. Ол сондай-ақ, заңда бұғаттау мерзімі көрсетілмегендіктен, материал алынып тасталған күні бұғаттау тоқтатылады деді.

26 қазанда Қырғызстан мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрлігі Азаттықтың Қырғыз редакциясы Қырғызстан мен Тәжікстан арасында болған қақтығыс туралы жаңалық сюжетін сайттан алып тастау туралы талабын орындаудан бас тартқаны үшін "Азаттык Медиа" сайтын екі айға жабу туралы шешім қабылдаған. Мемлекеттік орган әлгі сюжетте "қырғыз жағының Тәжікстанға "шабуылдағаны" жөнінде "тексерілмеген ақпарат бар" дейді. Кейін мәдениет министрлігі жабу туралы бастаманы өзі көтергенін хабарлаған.

Бұған дейін "Биринчи Радио" ұлттық телерадио хабарын тарату кешені және "Санжыра" радиосы Азаттықтың телерадиобағдарламаларын таратуды да тоқтатқан.

31 қазанда қырғызстандық "ДемирБанк" өкілдері Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитетінен Азаттықтың Қырғыз редакциясының банк шотын жабу туралы нұсқау алғанын хабарлап, мекеме шотын бұғаттаған. Азаттықтың Қырғыз қызметіне қаржы мекемесінен жазбаша ешқандай хабарлама не ескерту келмеген.

Азат Еуропа/Азаттық радиосының президенті Джейми Флай Азаттық радиосы сенімді, шынайы ақпарат көзі екенін және ешбір кедергісіз жұмыс істеуіне рұқсат берілуі тиіс екенін мәлімдеген.

Бірқатар халықаралық ұйымдар қырғыз билігін "Азаттык Медианың" сайтын және банк есепшотын тезірек бұғаттан босатуға үндеген.

Коммерциялық емес тәуелсіз Азат Еуропа / Азаттық радиосының Қырғыз қызметі Қырғызстанда ресми түрде "Азаттык Медиа" деген атаумен тіркелген. Азаттық Қырғызстан мен әлемдегі қоғам өмірі және демократиялық құбылыстар жайлы хабарларды объективті түрде жариялап, өз материалдарын телеарна, радио, әлеуметтік медиа арқылы таратады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG