Accessibility links

Лукашенко өзін өмір бойы Беларусь сенаты мүшесі етіп бекітетін заңға қол қойды


Беларусьтің авторитар билеушісі Александр Лукашенко.
Беларусьтің авторитар билеушісі Александр Лукашенко.

Беларусьтің авторитар билеушісі Александр Лукашенко ел парламенті туралы заңға өзгертулер енгізу туралы құжатқан қол қойды. Оған сәйкес, Беларусь президенті қызмет өкілетін атқаруды доғарғаннан кейін, өз келісімі бойынша, Республика кеңесінің (сенат) өмір бойғы мүшесі болып қалады.

Беларусь заңына сәйкес, егер президент қызметі бос қалған жағдайда оны уақытша атқару Республика кеңесі төрағасына жүктеледі.

Дәл осындай заңға 2020 жылы Ресей президенті Владимир Путин де қол қойған-тын. Ол заң бойынша, өкілет мерзімі аяқталған немесе қызметінен отставкаға кеткен бұрынғы президент өмір бойы сенат мүшесі болып қалуға құқылы.

Лукашенконың Беларусь мемлекетін басқарып отырғанына 29 жылға таяды. 1994 жылы мемлекеттік басқару жүйесінде Беларусь президенті деген жаңа лауазым енгізілгеннен кейін сол кезде жемқорлыққа қарсы комиссияны басқарған Лукашенко шілде айында өткен жалпыхалықтық сайлаудың ресми қорытындысына сай ел тарихындағы бірінші президент болып сайланған.

Содан бері өткен уақытта Лукашенко ел Конституциясына бірнеше рет өзгерту енгізіп, биліктегі орнынан тапжылмай отыр. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы мен Еуропа одағы елдері Беларусьта кейінгі өткен бірнеше сайлауды заңды күші жоқ деп, мойындамаған. Лукашенко «саусағы көгергенше билікке жармасып алатын адамың мен емес» деп бірнеше рет уәде бергенімен, 2020 жылдың жазында алтыншы рет президент сайлауына түскен.

Беларусь орталық сайлау комиссиясы сол жолы Лукашенко сайлаудың бірінші кезеңінде Светлана Тихановскаяны жеңді деп жариялаған. Сайлаудың ресми қорытындысына келіспеген халық жаппай наразылық акциясына шыққан. Билік наразыларды қатыгездікпен басып-жаншыды. Бақылаушылар, тіпті сайлау комиссияларының мүшелері сол жолы сайлау қорытындысы бұрмаланғаны жөнінде бұлтартпас дәлел-айғақтар келтірді. Лукашенкоға негізгі бәсекелес болып сайлауға түскен бірнеше адамның үстінен билік іс қозғады: олардың кейбіреуін көп жылға соттап, түрмеге қамаса, кейбірі елден кетуге мәжбүр болды.

Мұның алдында сарапшылар Лукашенко болашақта биліктегі екі лауазымды: ел президенті және сенат жетекшісі қызметтерін қатар атқарғысы келеді деген болжам айтқан.

БЕЛТА басылымының хабарлауынша, Лукашенко 30 желтоқсанда қол қойған заң өзгертулеріне сәйкес, парламент сессияға бұрынғыдай екі рет емес, бір-ақ рет жиналатын болады. Тағы бір жаңалық, Конституциялық сот судьялары мен Орталық сайлау комиссиясы мүшелерін парламенттің төменгі палатасы (Жалпыбеларусь халық жиналысы) емес, сенат сайлайды деген тәртіп енгізіледі.

Бұған қоса Лукашенко өкілдер палатасы депутаты мен Республика ұлттық жиналыс кеңесі мүшесінің мәртебесі туралы заңға өзгертулер енгізетін құжатқа да қол қойған. Оған сәйкес, өкілдер палатасы депутаттары мен Республика кеңесі мүшелері Жалпыбеларусь халық жиналысы жұмысына делегат ретінде қатыса алады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG