Accessibility links

CPJ: Қырғызстан билігі Kloop редакциясына қысымды доғаруы керек


"Журналистерді қорғау комитеті" (CPJ) халықаралық үкіметтік емес ұйымы Қырғызстан мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрлігінің Kloop.kg сайтындағы материалды өшіру туралы талабына қатысты мәлімдеме таратты. Министрлік жоюды талап етіп отырған мақалада елдің даму және қауымдастықтарды инвестициялау жөніндегі агенттігі (ДҚИА) мен президент баспасөз қызметінің жетекшісі Дайырбек Орунбеков аталады.

"Журналистерді қорғау комитеті" министрліктің бұл әрекетін цензураға балап, Қырғызстан билігі журналистерді қудалауды доғаруы керек деп мәлімдеді.

"Қырғызстан билігінің елдегі ең беделді жаңалықтар агенттігі деп есептелетін Kloop редакциясына цензура орнатуға талпынысы жалған ақпарат туралы заңның шикілігін тағы бір мәрте дәлелдейді. Мұндай заң күшін жоюы керек" дейді "Журналистерді қорғау комитетінің" Еуропа мен Орталық Азиядағы бағдарламаларын үйлестіруші Гүлноза Саид.

Kloop.kg басылымы 1 ақпанда мәдениет министрлігі мен салаларды қадағалау және реттеу жөніндегі агенттігінен екі хат алған. Олар ДҚИА мен президент баспасөз қызметінің жетекшісі Дайырбек Орунбеков туралы материалды сайттан "тез арада" өшіруді талап еткен.

Редакцияның мәліметінше, ДҚИА өкілдеріне мақала тақырыбы ұнамай қалған. Ал редакция материалды сайттан өшіруден бас тартты.

2021 жылы Қырғызстанда "Жалған ақпараттан қорғану туралы" заң қабылданып, мәдениет министрлігі жаңалықтар сайттарын өз еркімен бұғаттай алатын құзыретке ие болды. 2022 жылғы 26 қазанда министрлік Азаттықтың Қырғыз қызметінің сайттарын бұғаттау жөнінде шешім шығарды, желтоқсанда шектеу мерзімі ұзартылды. Биыл 23 қаңтарда мәдениет министрлігі сотқа Азаттықтың БАҚ ретіндегі қызметін тоқтату туралы шағым түсірді. Арыз 9 ақпанда сотта қаралады.

31 қаңтарда "Журналистерді қорғау комитеті" (CPJ) алты халықаралық ұйыммен бірге Қырғызстан президенті Садыр Жапаров әкімшілігіне хат жолдады. Халықаралық ұйымдар Қырғызстанда баспасөз еркіндігі шектеліп, журналистерді қудалау жүріп жатқанына алаңдаған.

XS
SM
MD
LG