Accessibility links

Жеңілдікпен тіркелгісі келетін шетелдік көлік иелері "1 қыркүйекке дейін және кейін" деп бөлмеуді талап етті


Шетелдік көліктерін жеңілдікпен заңдастыруды талап етушілер. Алматы, 17 шілде, 2023 жыл
Шетелдік көліктерін жеңілдікпен заңдастыруды талап етушілер. Алматы, 17 шілде, 2023 жыл

Бүгін Алматыда мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының алдына шетелдік көліктерді заңдастыру науқына іліне алмаған көлік иелері наразылық жиынын өткізді. Олар "шетелден әкелінген көліктердің бәрін тіркеуге мүмкіндік берсін, 1 қыркүйекке дейін, одан кейін деп бөлмесін" деген талап қойды.

2022 жылы 1 қыркүйектегі жолдауында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда тіркелмей жүрген көліктерді жеңілдікпен тіркеп, заңдастыру туралы бастама көтерген. Тоқаев жеңілдікпен тіркеуге ілінетін көліктердің шегі ретінде өзі жолдау жасаған күн - 2022 жылдың 1 қыркүйегін көрсеткен. Бұл бастама бойынша, жеңілдікпен заңдастыру науқаны 2023 жылдың қаңтарында басталып, шілденің біріне аяқталған.

Қасым-Жомарт Тоқаев үндеу жасаған күні шетелден Қазақстанға беттегендер немесе алдын ала ақшасын төлеп, тапсырыс күтіп отырғандар жеңілдікке іліне алмай қалған.

Жиынға қатысқандар арасында көлігінің Қазақстанға қашан әкелінгенін білмейтіндер де бар. Алматы облысы Қарасай ауданының тұрғыны Алмасбек Измаханов 1994 жылы шыққан көлігін заңдастырғысы келеді, бірақ Қазақстанға қашан кіргені білмейді.

- 2022 жылы сатып алдым. Маған дейін бірнеше адамның қолынан өткен, бәрі де сақтандыру полисінсіз пайдаланған. Сол себепті көліктің Қазақстанға қай уақытта әкелінгенін анықтай алмай отырмыз. Міне, бірінші шілдеден бастап сақтандыру полисін күніне 1500 теңге төлеп жүрмін,- дейді Алмасбек.

Наразылық жиынына келгендердің бірі Ерболат Жұмағалиевтің көлігі Қазақстанға 2019 жылы Армениядан әкелінген. Ол да Қазақстан азаматынан сатып алған.

-Қолымыздағы құжатымызда Қазақстанға 2019 жылы әкелінгені көрсетілген. Бірақ кеден бақылауындағы деректерден көрінбей тұр. Сақтандыру полисі де жоқ,- дейді ол. Көлікті мүгедек қызын тасу үшін кредитке алғанын айтады.

Халыққа қызмет көрсету орталығының алдына Алмасбек пен Ерболат секілді көлігін заңдастырғысы келетін 50-ге жуық адам жиналды. Олар президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына үндеу жолдап, шетелден әкелінген көлік иелерінің барлығына бірдей мүмкіндік жасауды сұрады.

Үндеуде олар "шетелден жеткізілген көліктен алынатын утиль алым мүлдем алынып тасталсын. Алғашқы тіркеу құнын ең төменгі деңгейге түсірсін" деген де талап қойған.

Наразылық жиынына келгендердің бірі Серік Қалиевтің сөзінше, көлігін заңдастыра алмай жүргендер көп.

- 1 шілдеден бастап полицейлер біздің көлігімізді жүргізбей жатыр. Сақтандыру полисін алу үшін 10 күнге 15 мың теңге төлеп жүрміз. Ал сақтандыруы жоқтарға 38 мың теңгеден айыппұл салып жатыр" дейді.

Наразылық білдіргендермен халыққа қызмет көрсету орталығында орналасқан көлікті заңдастыру бөлімінің жетекшісі Тимур Серікұлы сөйлесті.

- Қазақстанға әкелінген көліктерді заңдастыру мәселесі қайта-қайта көтерілген соң, ақыры 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген көліктер заңдастырылып жатқанын білесіздер. Сіздердің мәселелеріңіз де бір күні шешіледі. Ол үшін атқарушы билікке арызданыңыздар, мен де жоғарыға жеткіземін,- деді ол.

Алайда наразылардың мәселе арызбен шешіле қоярына күмәнмен қарайтыны байқалды. Қоғам белсендісі Асхат Берсәлімов бұған дейін президентке хат жазып, бірнеше рет видеоүндеу жасағандарын, наразылық митингісін өткізу үшін Алматы қалалық әкімдігінен рұқсат та сұрағандарын, бірақ ешқандай нәтиже болмағанын айтты.

Әкімшілік полиция комитетінің 13 шілдедегі есебі бойынша, биыл 26 қаңтарда басталып, 1 шілдеде аяқталған науқан кезінде 206 мыңға жуық шетел көлігі жеңілдікпен тіркелген.

Жеңілдікпен тіркеу науқанына бастапқыда рөлі оң жақтағы автокөліктер мен Қазақстанға автомобиль ретінде емес, автобөлшек ретінде кірген "конструктор-автокөліктер" кірмеген еді. Оң рөлді автокөлік иелері мен "автоконструктор" көлік иелері әлденеше рет талап еткен соң оларды да жеңілдікке қосқан. Полиция мәліметіне қарағанда, бүгінге дейін 14 654 "автоконструктор" автомобильге айналған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG