Accessibility links

Жалған айтуға мәжбүрлеу туралы арыз, күдіктіге айналған куәгер


Тергеу абақтысының алдында тұрған полиция. Азаттық архивіндегі фото.
Тергеу абақтысының алдында тұрған полиция. Азаттық архивіндегі фото.

Алматыда тұратын Қырғызстан азаматы тергеу кезінде жалған куәлік етуге көнбеген соң куәгерден күдіктіге айналып, қазір сотқа тартылып жатыр дейді қорғаушылары. Туыстары оған қамауда қысым жасалғанын айтады. Адвокаттың сөзінше, азаптау бабымен іс қозғауға көп уақыт кеткен, тергеу баяу жүріп жатыр.

"ЖАЛҒАН КУӘЛІК ЕТУГЕ КӨНДІРМЕК БОЛДЫ"

43 жастағы Қырғызстан азаматы Фарходжан Еркінбаев Алматыда пластик терезе шығаратын шағын өндірісте инженер болып істеген. Әйелі Зарина Машрапова – Қазақстан азаматы. Отбасында алты бала тәрбиелеп, қарапайым тіршілік кешіп жатқан Фарходжанды 2022 жылы күзде полиция әкетіп, қамауға алғаннан кейін шырғалаң басталды дейді зайыбы.

– Алғаш былтыр қарашада көлігін техникалық жөндеу станциясынан алып жатқан кезде ұстады. Ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасы қызметкерлері қалалық полиция басқармасына әкеткен. Ал кешке конспирологиялық пәтерге қамаған. Ертеңіне полиция департаментіне әкеп, жауап алып, кешке қайта пәтерге апарған. Осылайша үш күн ұстап, қозғалған іс бойынша қорғануға құқығы бар куәгерсің деп босатты, – дейді Зарина Машрапова.

Фарходжан Еркінбаев (сол жақта) пен әйелі Зарина Машрапова. Отбасы архивіндегі сурет
Фарходжан Еркінбаев (сол жақта) пен әйелі Зарина Машрапова. Отбасы архивіндегі сурет

Адвокат Ғалым Нұрпейсовтің сөзінше, полицияда Фарходжан Еркінбаевты танысы, ірі көлемде ақша жымқырған деп айыпталған "Ә" деген кәсіпкерге қарсы куәлік беруге көндірмек болған.

– Еркінбаев "Ә"-ні шынымен танитынын айтқан, алайда оған қарсы жалған куәлік беруден бас тартқан. Оған қысым жасаған. Ақыры өзінен ақша дәметкенін байқап, төрт миллион теңгеге жуық ақша беріп құтылған. Бірақ биыл наурызда оны қайта ұстап, ұрып-соғып, бұл жолы іске қатысты куәгер емес, күдікті еткен, – дейді Нұрпейсов.

"ҚАН МЕН ШАҢ ЖҰҚҚАН КИІМІН ЛАҚТЫРЫП ЖІБЕРДІМ"

Еркінбаевты екінші рет Алматыдағы жанар-жағар май құю станцияларының бірінен ұстап әкеткен. Бұл жолы ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының қызметкерлері оны қалалық полиция басқармасына апарған. Кейін оны полиция басқармасындағы уақытша ұстау изоляторында 15 күн қамауда ұстау туралы қаулы шыққан.

Алматы қаласының жедел медициналық жәрдем қызметінің 2023 жылғы 30 наурызда науқас Фарходжон Еркінбаевқа медициналық көмек көрсетілгені туралы хаты.
Алматы қаласының жедел медициналық жәрдем қызметінің 2023 жылғы 30 наурызда науқас Фарходжон Еркінбаевқа медициналық көмек көрсетілгені туралы хаты.

Адвокат Нұрпейісов Фарходжон Еркінбаев қамауға түскен күннен бастап азаптауға тап болғанын, оған сол күні полиция департаментіне медициналық жедел жәрдем шақыртылғаны дәлел болатынын айтады.

– Еркінбаев 30 наурызда күндіз ұсталған, ал сол күні кешкі алты жарым шамасында уақытша ұстау изоляторына жедел жәрдем шақыртылған. Жедел жәрдем қағазында "Масаншы көшесіндегі №55 мекенжайдағы Фарходжан Еркінбаевқа шақыртылғаны", кеудесі ауырып тұрғанын айтқан пациенттің жағдайы "орташа ауыр" деп бағаланғаны жазылған. Оны денесінің бүйрек тұсынан, ішінен және басқа жұмсақ жерлерінен ұрған. Соққы ізін жасыру үшін 15 күнге дейін ешкіммен кездестірмеген. Оны азаптағанын өздері жоққа шығарады. Бірақ ұрып-соқпаса, изоляторға сап-сау кірген адамға арада бес-алты сағат өткенде неге жедел жәрдем шақыртады? – дейді адвокат.

Зарина күйеуімен ол қамалған соң төрт күннен кейін ғана кездесуге рұқсат алған.

– Кездесуде көргенімде беті қап-қара екен. Көзі бақырайып, "мені мына жерден алып шығыңдаршы, еш жазығым жоқ" деумен болды. Жанымызда изолятор қызметкерлері болғандықтан, "мені азаптап жатыр" деп айта алмады, олай десе өзіне жаман болатынын білді. Оған жедел жәрдем шақырғанын кейін адвокаттар сауал жолдай бастағанда бір-ақ білдік. Уақытша ұстау изоляторында ол маған өзін ұстап әкеткенде үстінде болған киімін беріп жіберді. Қан жұққан киім құдды жерде тапталып жатқандай шаң-шаң екен. Мен қорқып қарай алмадым, балалар көрмесін деп лақтырып жібердім. Сөйтсем ол азапталғанын дәлелдейтін айғақ екен ғой, оны азаптағандарын білген жоқпын, – дейді Зарина Машрапова.

Фарходжан Еркінбаев наурыздан бері Алматыдағы №72 тергеу изоляторында қамауда жатыр.

ЖАСЫРЫН АУДИОЖАЗБА

15 күннен кейін тергеу соты Еркінбаевтың қамау мерзімін ұзартып, оны тергеу изоляторына ауыстырған. Өміріне төнген қауіптен басын арашаламақ болған Еркінбаев "ойлануға уақыт сұрап", қулыққа барған: ол абақтыда отырып бір амалын тауып, көлемі өте шағын диктофон алдыртқан дейді Нұрпейісов. Сөйтіп заң қызметкерлерімен кезекті рет кездескенде болған әңгімені денесіне жасырған диктофонға жазып алған.

Адвокат ол аудионың сапасы нашар екенін, әйткенмен психологиялық-филологиялық және психологиялық-криминалистік сараптама жасауға жарағанын айтады.

Адвокат Ғалым Нұрпейісов
Адвокат Ғалым Нұрпейісов

– Сол жолы [кездесуде] ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасы қызметкерлері оған күш көрсетпеген, қысым жасаудың психологиялық тәсілдерін қолданған. Әлгі аудиожазбадағы сөздерге жасалған сараптамада "Х"-ке психологиялық қысым көрсетудің тікелей белгілері байқалмайды, дегенмен оны келісімге келуге үгіттеу, 140 ақшалай бірлік алғанын мойындату мен "Ә" деген адамға қарсы "қажетті" куәлік беруге көндіруді көздейтін психологиялық мәжбүрлеу белгілері бар" екені жазылған, – дейді адвокат Нұрпейісов.

Бұл сараптамада айтылған "140 ақшалай бірлік" – іс материалдарындағы 140 мың доллар ақша.

АЗАПТАУ ТУРАЛЫ ІС НЕГЕ КЕШ ҚОЗҒАЛДЫ?

Жоғарыда айтылған жайттар бойынша қазір екі іс бойынша тергеу жүріп жатыр. Біріншісі былтыр күздегі ұрып-соғу фактісіне қатысты 362-бап ("Билiктi немесе лауазым өкiлеттерін асыра пайдалану") бойынша, ал екіншісі биыл наурыздағы оқиғаға қатысты 146-бап ("Қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын қарым-қатынас, азаптаулар") бойынша қозғалған.

Адвокат егер диктофондағы жазба болмағанда азаптау фактісін дәлелдеу, тіпті азаптау бабы бойынша іс қозғау мүмкін болмас еді дейді.

Алмалы ауданының прокуроры Бауыржан Ертаевтың тергеу абақтысында қамауда отырған Қырғызстан азаматы Фарходжон Еркінбаевты жәбірленуші деп тану туралы қаулысы. Алматы, 22 тамыз, 2023 жыл
Алмалы ауданының прокуроры Бауыржан Ертаевтың тергеу абақтысында қамауда отырған Қырғызстан азаматы Фарходжон Еркінбаевты жәбірленуші деп тану туралы қаулысы. Алматы, 22 тамыз, 2023 жыл

– Қылмыстық кодекстің 146-бабы бойынша іс 5 айдан кейін ғана қозғалды. Қазір сол істе ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының 3 қызметкері қорғануға құқығы бар куә саналады. Тағы бір тергеуші болған, бірақ оның статусы қандай екені түсініксіз. Азаптау бабы бойынша іс қозғауы үшін өте көп күш жұмсалды. Бұл істі әу баста 362-бап бойынша қозғап, сол күйі қалдырмақшы болған, – деді Нұрпейсов.

Адвокат бұл жерде аса маңызды жайт барына назар аударды.

– 362-бапта жәбірленуші – мемлекет, ал Еркінбаев екінші кезектегі тұлға, арызданушы деп қарастырылады. Яғни "билікті асыра пайдалану" қылмысының обьектісі жеке адам емес, құқық қорғау органдар жүйесіндегі қалыпты басқару болмақ. Ал азаптау – жеке адамға қарсы жасалған қылмыс болғандықтан, оның объектісі – адам құқығы да, мемлекеттік басқару екінші кезекте, – дейді адвокат Нұрпейісов.

Азаптау туралы істі қазір Алматының Алмалы аудандық прокуратурасы тергеп жатыр. Адвокат Ғалым Нұрпейісов тергеу амалдары кезінде Фарходжан Еркінбаев "қорғануға құқығы бар куә" әлгі үш қызметкермен беттестірілгенін, олар Еркінбаевты ұрып-соқпағанын, оған қысым жасамағанын мәлімдегенін айтты.

Азаттық күдікке ілінген қызметкерлермен және олардың қорғаушыларымен, туған-туыстарымен я заңды өкілдерімен хабарласуға талпынғанымен, ешбірі сөйлесуге құлық танытпады.

Ал істі жүргізіп жатқан тергеуші Мұхтар Жанабайұлы тергеу құпиялығын алға тартып, ақпарат беруден бас тартты. Ол тергеу қашан аяқталатыны белгісіз екенін айтумен шектелді.

КУӘГЕРДЕН КҮДІКТІГЕ АЙНАЛУ

Фарходжан Еркінбаев өзі қарсы куәлік етуден бас тартқан "Ә"-нің қылмыстық ісінде "күдікті" деп танылған. Төрт адамға айып тағылған бұл істі тамыздан бері Алматы қаласының арнайы қылмыстық соты қарап жатыр.

Фарходжан Еркінбаевқа Қылмыстық кодекстің төрт бірдей бабы бойынша, "алаяқтық жасаған", "ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысқан", "аса ірі көлемде пара берген" және "өзінше билік еткен" деген айыптар тағылған.

Айыптау актісінде Еркінбаев "түрлі адамдарды алдап сеніміне кіріп, олардың ақшасын алаяқтық жолмен сіңіріп кетумен айналысқан қылмыстық топ мүшесі болған, ол топты "Ә" басқарған" деп көрсетілген.

Қылмыстық іс бойынша үш жәбірленуші бар. Айыптау актісінде олардың 176 миллион теңгеге жуық (шамамен 370 мың доллар) ақшасын ұйымдасқан қылмыстық топ алаяқтық жолмен сіңіріп кеткені жазылған.

Осы іс бойынша Еркінбаевты қорғап жатқан адвокат Евгений Сартин оның кінәлі екеніне дәлел жоғын айтады. Фарходжон Еркінбаев "Ә" деген танысына қарсы қозғалған істің кездейсоқ құрбаны болып отыр деп біледі заңгер.

– Оған "сен бізге қажет емессің, танысың кінәлі екеніне куәлік бер де жүре бер" деген. Жалған куәлік беруге келіспеген Фарходжанды менің көзімше де, әйелінің көзінше де көндіруге тырысты. Әйелін шығарып жіберіп, "куәлік етпесең онымен бірге сотталасың" деп қысым жасады. Ол біреуге жала жапқысы келмейтінін айтып, сөзінен қайтпады, енді өзін күдікті етіп соттап жатыр, – дейді адвокат.

Сартин Еркінбаевқа тағылған айыптардың ешбірі бойынша оның кінәсін дәлелдейтін айғақ жоқ дейді.

– Ақша берілгенде Фарходжан онда болмаған. Пара берушілер оны көрмеген, соған қарамастан тергеу оның қатысы бар деп, сотқа жіберген. Істе бір ғана жәбірленуші "Фарходжанға ақша бердім" дейді, бірақ ол сөзіне дәлел жоқ. Яғни Фарходжанның "ақшаны алмадым" деген сөзіне сол жәбірленушінің "Фарходжан ақша алды" деген сөзі ғана қарсы болып тұр, – дейді адвокат Евгений Сартин.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG