Accessibility links

Алматы соты Mudarabah Capital ісі бойынша шығарылған үкімді өзгертпеді


Алматы қалалық соты Mudarabah Capital қаржы пирамидасы туралы іс бойынша сотталған адамдар мен олардың өкілдерінің апелляциялық шағымын қарап, бұған дейін шығарылған үкімді өзгеріссіз қалдырды.

Mudarabah Capital қаржы пирамидасы ісін қараған бірінші сатыдағы сот былтыр маусым айында вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязовты бес жылға бостандығынан айыруға үкім еткен (сот оларды "Ұйымдасқан қылмыстық топ құру, оған жетекшілік ету және қатысу" туралы 262-баптың 2-бөлігі бойынша тағылған айыптан ақтаған). Оған дейін сот осы іс бойынша айып тағылған 10 адамға алты жылдан 14 жылға дейінгі мерзімге қамау жазасын кескен. Қаржы (инвестициялық) пирамида құрып, оған жетекшілік еткен дегеннен бөлек оларға ұйымдасқан топқа немесе қылмыстық ұйымқа қатысқан деген айып тағылған. Сотталушылар өздеріне тағылған айыпты мойындамады. Олардың жақтастары Mudarabah Capital – қаржы пирамидасы емес, жұрттан инвестиция тартатын топ болған деген уәж айтқан.

Апелляциялық шағымдар мен тараптардың келтірген уәжін зерттеген сот алқасы осы іс бойынша бірінші сатыдағы сот үкімін өзгертуге немесе күшін жоюға негіз жоқ деп тапқан.

"Сот алқасының қаулысымен бірінші сатыдағы сот үкімі өзгертілмеді, апелляциялық шағымдар қанағаттандырылмады. Үкім заңды күшіне енді" деп хабарлады қалалық соттың баспасөз қызметі.

Тергеу орындары жауапқа тартылған топтың іс-әрекетінен келген зиян көлемі миллиард теңгеден асады деп бағалаған.

Бұған дейін Orda.kz басылымы осы топтан жапа шеккендер өздері мен Mudarabah Capital арасында жасалған медиациялық келісімді назарға алуды және сотталушыларға бас еркіндігінен айыру жазасынан басқа жаза түрін қолдануды сұрап, сотқа өтініш берген деп жазған.

2022 жылы Қазақстан билігі заңға қаржы пирамидасын құрғандарға жауапкершілікті күшейтетін және ондай топтарды жарнамалағандарды қылмыстық жауапқа тартуды көздейтін түзетулер енгізген. Биліктің дерегі бойынша, жыл сайын елде азаматтардан ақша жинау арқылы жасалатын қаржы қылмыстарынан миллиардтаған теңге зиян келеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG