Accessibility links

АҚШ Конгресінің комиссиясы Орталық Азиядағы адам құқығы жайлы тыңдау өткізді

АҚШ Конгресінің Том Лантос атындағы адам құқығы комиссиясы 22 шілде күні Орталық Азия елдеріндегі қазіргі адам құқығы ахуалы жайында тыңдау өткізді. Панельдік отырысқа аймақ өкілдері, соның ішінде Қазақстандағы "Атажұрт" құқық қорғау ұйымының негізін қалаушы, қазір АҚШ-та тұратын Серікжан Біләш та сөз сөйледі.

Жиынды комиссияның тең төрағасы конгрессмен Джеймс Макговерн бастады. Кіріспе сөзінде ол Орталық Азия елдерінде адам құқығы ахуалы нашарлап кеткенін, азаматтар билікке ықпал ету мүмкіндігінен айырылғанын айтып, Қазақстандағы 2022 жылғы Қаңтар оқиғасын, Тәжікстан мен Өзбекстандағы Қарақалпақстанда болған наразылықтың қатыгездікпен жаншылуын атап өтті.

ҚАРАҚАЛПАҚСТАНДАҒЫ ЖАҒДАЙ

Қарақалпақ құқық қорғаушысы, АҚШ-та орналасқан Via Serica үкіметтік емес ұйымының жетекшісі Гуля Нур 2022 жылғы шілдеде Қарақалпақстанда болған бейбіт наразылықты күшпен жаншылуынан жапа шеккендер мәселесін қозғады.

Сол жылы Өзбекстан билігі конституцияға түзету енгізбек болып, ел құрамындағы Қарақалпақстан республикасының "егемен" мәртебесін алып тастау ұсынылған. Бұл ұсыныс Қарақалпақстанда наразылыққа ұласып, арты биліктің күш қолдануымен және ондаған адамның қаза табуымен аяқталған.

Гуля Нур Совет одағы ыдырағанда Қарақалпақстан Өзбекстан құрамында болуға 20 жылға келісімшарт жасасқанын, оның мерзімі өтіп кеткенін сөз қылды.

"Жиырма жылдық мерзім 2013 жылы аяқталды. Содан бәрі ешқандай қосымша келіссөз жүргізілмеді, халыққа жаңа келісім ұсынылмады, екі республика арасындағы қарым-қатынасты айқындайтын бұқаралық конституциялық процеске жол берілмеді" деді ол. "Қарақалпақстан астанасы Нүкістің көшелеріне шыққан адамдар талаптарын бейбіт түрде қойды, олар билікті құлатуды көздемеді, конституцияға құрметпен қарауды талап етті. Олармен конституцияда бекітілген құқықтарын қорғады".

Құқық қорғаушы наразылық кезінде мерт болғандар өзбек билігі айтқан 21 адамнан көп болуы мүмкін дейді.

Ол сондай-ақ, сол бір оқиға жөнінде халықаралық тергеу жүргізілмегенін, қаза тапқандар мен қамауда отырғандарға және олардың туыстарына қысым жасалғанын, түрмеде отырғандар азаптауға ұшырағанын атап өтті. Сөзінің мысалы ретінде қарақалпақ заңгері, журналист Дәулетмұрат Тәжімұратовтың жағдайын айтты. Оның 16 жылға сотталғанын, түрмеде азап көріп, ауыр жағдайда ұсталғанын, халықаралық ұйымдар оны саяси тұтқын деп танығанын сөз қылды.

Гуля Нурдың сөзінше, Қарақалпақ егемендігі, саяси тұтқындар және қарақалпақ тілі немесе әділет мәселесін қозғаған блогерлер мен журналистер әлі де қысым көріп отыр. Құқық қорғаушы АҚШ билігін Өзбекстан билігіне үндеу жолдап, Дәулетмұрат Тәжімұратовты босатуды, Шілде оқиғасын ашық тергеуді, сөз еркіндігіне деген құқығын қолданғаны үшін сотталған адамдарды босатуды талап етуге шақырды.

ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ "АТАЖҰРТ" БЕЛСЕНДІЛЕРІНІҢ ІСІ

Қазақстандағы "Атажұрт" құқық қорғау ұйымының негізін қалаған, қазір АҚШ-та тұратын Серікжан Біләш Қазақстан түрмелерінде саяси тұтқындар көп деп мәлімдеп, қазір қамауда отырған марафоншы Марат Жыланбаевты, журналистер Думан Мұхамедкәрім мен Айгерім Тілеужан және Мирболат Мырзатайұлын мысал етті.

2000 жылдардың басында Қытайдың Шыңжаң өлкесінен Қазақстанға келіп, осы елдің азаматтығын алғанын баяндаған Серікжан Біләш 2017 жылы "Атажұрт" құқық қорғау ұйымын құрып, Шыңжаңдағы ұлты түрік мұсылмандарды қудалауда әшкере етумен айналысқанын айтты. Оның сөзінше, ұйым қызметі Қазақстан билігіне қолайсыздық тудырып, оны тіркемей қойған, бірақ "Атажұрт" атауы бар өзге ұйымдарды тіркеген.

Қазақстан құзырлы органдары 2019 жылы Серікжан Біләштің өзіне "ұлтаралық алауыздық қоздыру" бабымен іс қозғап, ол бірнеше ай үйқамақта отырған. Билік кейін оған айыппұл салып, шартты жазамен босатқан. Келесі жылы құзырлы органдар оның үстінен екі қылмыстық іс қозғаған, сол жылы күзде Біләш шетелге кетті.

Бірақ "Атажұрт" мүшелері белсенділігін жалғастырып, Алматыдағы Қытай консулдығы алдында Шыңжаңда қамауда отырғандарды босатуды талап етіп наразылық акцияларын өткізіп жүрді. Күн сайын дерлік наразылыққа шығып жүрген бұл белсенділерге түрлі қысымға ұшырағанын айтқан.

2025 жылы "Атажұрт" мүшелері мен жақтастарынан тұратын бір топ Алматы облысында наразылық өткізіп, Қытай туы мен сол елдің президенті Си Цзиньпиннің портретін өртеген. Артынан сол акцияға қатысты деген 19 адамның үстінен "ұлтаралық араздық қоздыру" бабымен іс қозғалды. Биыл сәуірде олардың бәрі кінәлі деп танылып, түрлі деңгейде жаза алды. Арасында "Атажұрт" жетекшісі Бекзат Мақсұтхан да бар.

Конгрестегі тыңдауда Серікжан Біләш бұл істің де артында саяси астар барын айтты. Ол сондай-ақ, Қазақстан өз аумағына Шыңжаңдағы адам құқығы мәселесін қозғап жүрген зерттеуші Женя Бунин мен даниялық зерттеуші Рун Стинбергті кіргізбей қойғанын мәлімдеді.

Қытай туын өртеген белсенділер, ұшақ апатының есебі — 26.12.2025
please wait

No media source currently available

0:00 0:26:35 0:00

Серікжан Біләш Қазақстанда тұратын әпкесі ұсталғанын да атап өтті. Биыл маусымның аяғында Алматы облысында полиция Бәтиқа Біләштің үйін тінтіп, өзін Қонаев қаласындағы полиция басқармасына алып кеткен.

"Менің әпкем құқық қорғаушы белсенді емес. Мен бар болғаны оның банк аккаунтын пайдаландым. Жақтастарым маған соның шоты арқылы ақша жіберіп, енді ол қамауда отыр. Ауыр кардиологиялық жағдайы бар. Ол түрме ішінен маған видео қоңырау шалып, Шыңжаңдағы лагерьлер жөніндегі белсенділігімді, АҚШ-тағы жалпы белсенділігімді тоқтатуымды жалынды" деді ол әпкесінің бұл өтініші орындалмаса, үш жылдан жеті жылға дейін сотталып кетуі мүмкін екенін айтып.

Қазақстан билігі ел аумағында "саяси тұтқын" барын жоққа шығарып, заңнамада мұндай бап қарастырылмаған дейді. Бірақ жергілікті құқық қорғаушылар да, "Халықаралық амнистия" және БҰҰ Жосықсыз ұстау жөніндегі жұмыс тобы да елде саяси тұтқындар барын айтып, оларды босатуға шақырып келеді. Аталған екі ұйым аталған 19 адамды саяси тұтқын деп таныған. Том Лантос атындағы адам құқығы комиссиясының тең төрағасы Джеймс Макговерн де "Атажұрт" белсенділерін босатуға үндеген.

"КЕЙІНГІ БЕС ЖЫЛДА ҚАЗАҚСТАНДА АДАМ ҚҰҚЫҒЫ АХУАЛЫ НАШАРЛАДЫ"

Конгрестегі отырыста америкалық Crude Accountability құқық қорғау ұйымының директоры Кейт Уоттерс те сөз сөйледі. Баяндамасының едәуір бөлігін Қазақстанға арнаған Уоттерс елде адам құқығы ахуалы нашарлап кеткенін мәлімдеді.

"Кейінгі бес жылда Қазақстанда жалпы адам құқықтары мен саяси орта репрессияшыл болып кетті. Қанды Қаңтар зорлықшыл әрі репрессияшыл режимнің бетін ашты. Осы күнге дейін билік тарапынан жасалған зорлық-зомбылық пен азаптау үшін көп адам жауапқа тартылмады" деді ол көптеген белсендінің, журналистің және құқық қорғаушының ұсталғанын айтып. "Қазақстан конституциясының реформасы деп аталған өзгерістер азаматтық қоғам ұйымдары мен тәуелсіз баспасөзге елеулі түрде теріс әсер етті".

Уоттерстің сөзінше, конституциялық соттың Тоқаев тағы да жеті жылға сайлана алады деген шешімі атқарушы билікті одан әрі күшейтуі мүмкін.

Америкалық құқық қорғаушы Қазақстанда тәуелсіз журналистерге қауіп төніп отырғанын мәлімдеп, Лұқпан Ахмедияровқа жасалған қысымды мысал етті.

"Қазақстан полициясы оны бірнеше рет ұстады. Кейінгісі осы маусым айында болды. Сол ұстау кезінде Украинадағы басқыншылық соғыстан хабар таратқаны үшін оған Ресей билігі іздеу салғаны мәлім болды" деді ол.

Жиында Оңтүстік Калифорния университетінің профессоры Стив Свердлов та сөз сөйлеп, Орталық Азиядағы адам құқығы ахуалының нашарлап кеткенін мәлімдеді. Өз баяндамасында ол Қазақстанды атап өтіп, онда Азаттық радиосы тілшілерінің жұмысына шектеу қойылып отырғанын айтты.

Панель қатысушылары жиын барысында АҚШ билігіне ұсыныс айтып, Орталық Азия елдерімен қарым-қатынаста экономикалық мүддемен қатар адам құқығы мәселесін де қатар алып жүруге үндеді. Олардың сөзінше, адам құқығы ахуалының жақсаруы ұзақ мерзімде сол елдердің инвестициялық тартымдылығына да оң әсер етеді.

Том Лантос атындағы адам құқығы комиссиясы 2008 жылы құрылған.

Айдар
XS
SM
MD
LG